Министр егін жинаудағы кедергілерді атады - Агро|18 Қыркүйек 2018, 14:23
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Министр егін жинаудағы кедергілерді атады

Фото: dpchas.com.ua

Ауа райының қолайсыздығы, түскен ылғалдың арамшөптердің көбеюіне әкелуі егін жинау жұмыстары кезінде қиындықтар тудыратын болады. Бұл жөнінде үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларының алдын ала деректері бойынша ағымдағы жылы дәнді дақылдар 15,0 млн гектар алқаптан жиналатын болады, оның ішінде бидай 11,1 млн гектарды құрап отыр. Бұл 2017 жылғы деңгейден тиісінше 0,3 млн гектарға және сәйкесінше 0,8 млн гектарға аз. Майлы дақылдардың жиналатын алқабы 2,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 0,4 млн гектарға көп. Жалпы республика бойынша 20,0 млн тонна дәнді дақыл жиналады деп болжануда. Майлы тұқымдар өндіру көлемі 2,3 млн тонна деңгейінде күтілуде», - деді министр.

Оның айтуынша, көрсетілген көлемдер астықтың экспорттық әлеуетін 9,0 млн тоннаға дейін, майлы тұқымдардың экспортын – 1,0 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

«Ағымдағы жылғы 18 қыркүйекке дәнді дақылдар 8,9 млн гектардан астам алқаптан жиналды немесе жиналуға жататын алқаптың 59% жиналды, 11,2 млн тонна астық бастырылды, түсімділік гектарына 12,5 центнер болды. Оңтүстік облыстарда дәнді дақылдардың 86%, батыс облыстарда – 89%, солтүстік, орталық және шығыс облыстарда – 56% жиналды. Ауа райы жағдайына байланысты егін жинау қарқыны былтырғыдан төмен», - деді Шөкеев.

Министр атап өткендей, айлық жауын-шашын көлемі БҚО-да нормадан жоғары, Ақтөбе, Қостанай, Маңғыстау және Атырау облыстарында, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының солтүстік-батыс бөлігінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының солтүстік бөлігінде норма шамасында және қалған аумақта нормадан төмен күтілуде.

«Әлі 6,1 млн гектар алқаптан дәнді дақыл жиналуы керек. Қолда бар егін жинайтын комбайндардың күндік өнімділігі 800,0 мың гектарға жуық болғанда және ауа райы қолайлы болған жағдайда егін жинауды қазан айының бірінші онкүндігінде аяқтауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар түскен ылғал өскіндердің пайда болуына, арамшөптердің көбеюіне әкеледі, бұл да егін жинау жұмыстары кезінде қиындықтар тудыратын болады. Осыған байланысты облыс әкімдіктері өнімділігі жоғары егін жинау техникаларын пайдалану, егін жинауға кедергі жасайтын проблемалық мәселелерді шешу арқылы егін жинау қарқынын арттыру шараларын қабылдаулары қажет», - деді АШМ басшысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер