BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Макинск құс фабрикасы аймақта салалық лидер бола ала ма?

Фото: © ptica.kz

BAQ.KZ - Шолу. Жылдың өндірістік-экономикалық "көзайымы" - Макинск құс фабрикасы. Биылғы қазан айында іске қосылған бұл өндіріс ошағы 2015 жылдан бастап жоспарланған. Сол жылы алғашқы қазық қағылып, Орта Азиядағы ірі құс фабрикасының бірі болатын құрылысқа старт берілген еді. Біз осы жаңалыққа байланысты Қазақстанның аймақтағы құс еті өндірісіндегі әлеуетін шолып өтейік.

Қазақстан - құс етінің ірі импортері. Биылдың қазан айының өзінде тек АҚШ-тан импортталатын құс етіне квота 140 мың тоннаға дейін өсірілді. Себебі Дүниежүзілік Сауда Ұйымының шарты сондай. Қазақстан өз нарығын еркін сауда алаңына айналдыруы тиіс. Ал еркін нарықта ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде ондаған-жүздеген жылдық тәжірибесі бар елдердің әбден жолға қойылған конвейерлерімен бәсекеге түсу қиын.

Қазақстан 2017 жылы 5 млрд 200 млн дана жұмыртқа өндірген. Бұл елдің сұранысын толық жауып, жұмыртқа тіпті Қырғызстанға, Өзбекстанға, Ресейге, Моңғолияға, Ауғанстанға, Тәжікстанға және т.б. елдерге экспортталды. Яғни, "құс өнімдері" деген кезде, жұмыртқа мәселесі толығымен шешілген деуге болады. Ал құс еті мәселесі - күрделі. Қазақстан әлі де импорттан тәуелді.

Тауықтың ақ еті мен санының ("окорочка") басым бөлігі әлі күнге дейін шетелден импортталады. Бұл нарықтағы жағдайды өзгерту үшін «Қазақстан құс өсірушілер одағы» 2027 жылға дейінгі "Құс өсіру саласын дамыту" бағдарламасын жасаған болатын. Ол бағдарлама алдағы 2-3 жыл көлемінде құс етіне ішкі сұранысты толығымен жауып қана қоймай, оны экспорттай бастау да көзделген.

Жалпы, бәсеке қатты құс еті мен жұмыртқа нарығы Қазақстан үшін қолайсыз деуге болады. Мысалы, 2011 жылдары Ресей мен Беларусь Қазақстан нарығында айқын демпинг жасады. Мысалы Ресей өз нарығында тауық еті көбейсе, оны көріңеу арзандатып, Қазақстан нарығына лақтыратын. Ал Беларусь болса, нарығымызды сақтау мерзімі бітуіне бірнеше тәулік қалған жұмыртқамен толтырып отырды. Кедендік одақтықтың пайдасы мен зияны туралы мәселелер де осы тұстарда көтерілді.

Сипатталғандай ахуалда жалқы немесе шағын құс өсірушілердің құс еті де, жұмыртқа да нарықтарында бәсекеге қабілеті жоқ деп айтпасақ төмен болғаны сөзсіз. Жағдайды тек - толық технологиялық циклмен құс етін өндіретін ірі өндірістік ошақтар шешетіні түсінікті. Ендеше іске қосылған Макинск құс фабрикасы - осы ахуалға тікелей жауап.

Жаңа құс фабрикасын жобалану кезеңінен бастап экономикалық сауатты ұйымдастырылған деуге болады. Себебі жай фабрика емес, бірден - Орта Азиядағы ірі құс өсіру фабрикасы ретінде ойластырылғаны Қазақстанды күнделікті мәзірдің бұл түрінен тәуелділіктен құтқарып қана қоймай, нарықта экспортер ретінде көрінуіне де жол ашады.

Тәулігіне 8 мың бойлер соятын бұл өндірістік кешен шекаралас елдердің барлығына төтеп бере алады. 7 мың шақырымдық ортақ шекарамыз бар Ресей Федерациясының Қазақстанмен астасқан аудандарында мұндай ірі кешен көрінбейді. Ал Өзбекстанның құс еті өндірісі көбіне фермерлік қожалықтардың қолында. Азық-түлік нарығында арзан еңбек күші факторының арқасында әдетте қуатты Өзбекстан дәл осы құс етінен кенжелеп жүр. Былтырғы қазан айының өзінде тек Ресейден 441 мың $ түрлі санаттағы құс етін импорттаған. Ендеше о бастағы жоспар бірізді болса, Макинск құс фабрикасы аймақ нарығына жол ашатын мұзжарғыш есебіндегі қуатты ошақ болатыны көрініп тұр.

Назар Дабыл


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер