Климаттың өзгеруі нәрлі заттардың тапшылығына алып келеді – ғалымдар - Агро|04 Қыркүйек 2018, 10:11
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Климаттың өзгеруі нәрлі заттардың тапшылығына алып келеді – ғалымдар

Климаттың өзгеруі жүздеген миллион адамдардың нәрлі заттардың жетіспеушілігіне ұшырауына алып келеді. Себебі CO2 мөлшері жоғары атмосферада өскен өсімдіктердің құнарлығы азайып, ақуыз, цинк, темір құрамы азаяды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі The Guardian басылымына сілтеме жасап.

Соңғы жүргізілген зерттеу нәтижелеріне сенсек, көмірқышқыл газының концентрациясы 3 − 17% аралығында болатын жағдайда өсірілген азық-түлік – бидай, күріш, жүгері мен көкөністердің құнарлығы төмен болады. Яғни, көмірқышқыл газы мөлшерінің өсуі егіннің нәрлілігін төмендетіп, жүздеген миллион адамның денсаулығына кері әсерін тигізеді. Бұл әсіресе кедей мемлекеттерде ерекше байқалатын болады.

Зерттеуді жүргізген ғалымдардың айтуынша, көмірқышқыл газының 2050 жылғы күтілетін мөлшерінде өсірілген азық-түлік құрамындағы ақуыз, темір мен цинк 3-17%-ға кеміген. Сарапшылар бұл өзгеріс кесірінен ғасыр ортасына қарай 175 миллион адамда цинк тапшылығы, 122 миллион адамда ақуыз тапшылығы пайда болуы мүмкін екенін айтып отыр. Сондай-ақ олардың айтуынша, бала туу жасындағы 1,4 миллиард әйел мен бес жасқа дейінгі балалар темір дефициті дамыған өңірлерде тұратын болады.

Айта кету керек, цинктің жетіспеушілігі инфекция мен диареяның артып, жаралардың жазылуына кері әсерін тигізсе, ақуыз жетіспеушілігі өсімді баяулатады. Ал темір жетіспеушілігі жүктілік пен босану кезінде түрлі асқынуларға әкелуі мүмкін.

«Бұл СО2-нің жоғары деңгейі жаһандық денсаулыққа қаншалықты әсер ете алатынын көрсетіп тұр және оның арты жақсы емес екені анық. Бұл зерттеу CO2 қалдығын азайтуға байланысты мұқият болу керектігімізді көрсетті», дейді Гарвардтың Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің докторы, зерттеу авторларының бірі Мэтью Смит.

Смит пен оның соавторы Сэмюэл Майерс Nature Climate Change журналында жариялаған мақалада зерттеу барысында жан-жақты дерек көздерінен түрлі мәліметтер қамтылғанын айтты. Оның ішінде олар бидай, күріш, жүгері мен нақты көкөністер мен жемістердің 225 түрін қарастырған. Зерттеу тобы сонымен қатар нәрлі заттардың өңірлік өзгешеліктерін де, мемлекеттегі халық жасы мен жынысын, тамақтану ерекшеліктерін де назарға алыпты. Содан кейін зерттеушілер CO2 деңгейінің бүгінгі қарқынмен көбейген жағдайындағы нәрлі заттардың тұтынуын қарастырған.

Зерттеу барысында барлығы 151 мемлекеттің мәліметтері қарастырылған. Ғалымдардың айтуынша, бұл елдердің ішінде Солтүстік Африка, Азияның оңтүстік-шығысы мен Таяу Шығыс елдері ең көп жапа шегетін болады. Мысалы, Үндістанда 2050 жылға қарай 50 миллион адамда цинк жетіспеушілігі, 38 миллион адамда ақуыз жетіспеушілігі кең тарайтын болады.

Ғалымдардың айтуынша, бүгінгі таңда әлем бойынша 662 миллион адамда ақуыз жетіспеушілігі, 1,5 миллиард адамда цинк жетіспеушілігі кездеседі. Ал CO2 деңгейінің артуымен бұлардың барлығының жағдайы нашарлай беретін болады.

Зерттеуге қатыспаған ғалымдардың бірі, Калифорния университетінің докторы Кай Чжудың айтуынша, бұл зерттеу климаттың өзгеруі адам денсаулығына едәуір әсер ететінін көрсеткен маңызды жаңалық саналады.

«Егер белгілі бір әрекеттер қолға алынбаса, СО2 деңгейінің артуынан миллионға қоса тағы миллиардтаған адамдар нәрлі заттардың дефицитіне шалдығатын болады. Яғни, қоғамдық денсаулық сақтау саласы кез келген жағдайда міндетті түрде климаттың өзгеруін ескеруі керек», дейді ол.

Ағылшын тілінен аударған Алтынай Қуанышбек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер