Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстаннан Қытайға эксопртталатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 42 пайызға ұлғайған. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөнінде баяндамасында мәлімдеді.
«Қазір көптеген ауыл шаруашылығы тауалары – балық өнімі, асыл тұқымды жылқылар, мұздатылған қой еті, бал, бидай кебегі, соя бұршағы, сойылатын жылқылар, сиыр еті, жоңышқа, ұн, өсімдік майы, арпа, жүгері үшін Қытай нарығы ашық. Осы шаралардың арқасында тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қытай еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 42 пайызға ұлғайды. Иран тарапымен тірі қойды, тоңазытылған әрі салқындатылған қой етін, сиыр етін, тағамдық жұмыртқаны жеткізуге арналған ветеринариялық талаптар келісілді. Ал биыл тірі ірі қара малға қойылатын талаптарды келісу жоспарланып отыр. Ірі қала мал мен ұсақ малды Сауд Арабиясы мен БАӘ-ге, ет пен ет өнімдерін, тауық жұмыртқасын БАӘ-ге жеткізуге қойылған шектеулер алынып тасталды», - деді Арман Евниев.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі қазақстандық 171 кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға құқық беретін шетелдік елдер тізіміне енгізілгенін атап өтті. 153 кәсіпорын түрлі агроөнеркәсіп кешені өнімдерін Қытайға экспорттау құқығына ие болса, 17 балық өңдеуші кәсіпорын Еуроодаққа балық өнімдерін экспорттауға рұқсат алған.
Естеріңізде болса, бұған дейін агроөнеркәсіптерге берілетін субсидияның азаятыны туралы айтқан болатынбыз.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!