BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қызылордада жылына 900 тонна қызанақ өсіретін жылыжай салынуда

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында жылына 900 тонна қызанақ өсіретін жылыжай салынуда. «ҚазАгроМир» серіктестігі жылына 900 тонна қызанақ өсіретін 2,2 гектар алаңы бар автоматтандырылған өндірістік жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуде. Жобаның жалпы құны – 1 миллиард 129 миллион теңге.

«КазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы алынған қаржыға жылыжайға қажетті жабдықтар алынды. Құрылыс жұмыстарын маусым айында бастап кеттік. Қазір 90 пайызы аяқталды. Яғни, бүгінгі күні темір бағаналарды монтаждау, аралық бекіту жұмыстары толық бітті. Поликорбонатпен жабу, жылыту, кәріз жүйелерін орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Көп кешікпей, жылыжай іске қосылатын болады. Дәлірек айтсақ, 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында өндіріс ашылады деп жоспарлап отырмыз», – дейді серіктестік директоры Ғани Алматов.

Заманауи қондырғылармен жабдықталған жаңа жылыжайда бірыңғай қызанақ өсіріледі. Көкөністі өсіруде тамшылатып суғару әдісі қолданылады. Бұл өсімдіктің тамырына суды, тыңайтқыштарды біркелкі жеткізу үшін пайдаланатын тәсіл. Бір жағы, су үнемделеді.

«Ішкі нарықты сырттан келген көкөністер жаулап алуда. Қызанақ та, қияр да өзге өңірлерден, көрші елдерден келеді. Біздің мақсатымыз – жергілікті жердің халқын өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету. Сапасы мен құрамы күмәнді сырттың көкөністеріне қарағанда өзіміздің өнімдер баға жағынан да, сапа жағынан да пайдалырақ болады. Себебі, делдалсыз сатылады. Жылыжай осындай мақсатта салынып жатыр. Жоба іске асса, сырттан тасылатын өнім көлемінің азаюына әсер етеді. Біз бірыңғай қызанақ өсіретін боламыз. Өйткені, әр көкөністің күйі бөлек. Сондықтан, көкөністің бір түрінің бабын жасап, нәтиже шығарған тиімді», – дейді кәсіпкер.

Жылыжай Қызылорда қаласына қарасты Ақсуат ауылдық округінің аумағында орналасады. Қазіргі таңда жылыжай құрылысы алаңында 50-ден астам құрылысшы еңбек етуде. Жоба іске қосылғанда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

«Кәсіпкер өз мамандарынан бөлек, ақуаттық тұрғындарды да жұмысқа алады. Жылыжайдың жұмысының басталуын асыға күтудеміз. Қызылорда қаласы мен елді мекендерді көкөніс өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етеді. Айта кетейін, автоматтандырылған жылыжай кешені индустрияландыру бағдарламасына енгізілген», – дейді Ақсуат ауылдық округінің әкімі Мәмбетәлі Ақмырзаев.

Сонымен қатар, ауыл әкімінің айтуынша, Ақсуатта құс фермасы ашылады. 10-15 адамды жұмыспен қамтитын жобаны «Самұрық құс» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қолға алған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер