BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Астанада халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі ашылды

Фото: Нұржас Жақсыбай

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада «KazAgro/KazFarm-2018» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесі ашылды. Үш күнге жалғасатын шараға қазақстандық және шетелдік 300-ге жуық компания қатысып отыр.

«Көрме» орталығындағы іс-шараны Сенат депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Жеңіс Нұрғалиев ашты.

«Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан сіздерді жыл сайынғы «KazAgro/KazFarm» көрмесінің ашылуымен құттықтаймын. Біз – депутаттар ауыл шаруашылығы саласындағы барлық жаңашылдықты қалт жібермеуге тырысамыз. Биыл осы көрмеге қатысып жатқан елдердің географиясы кеңейіпті. Халықаралық шараға қатысып отырған көптеген елдер өздерінің жаңа технологияларын ұсынып отыр. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында «аграрлық кешен – авангард, новатор болуы тиіс» деген болатын. Біз барлық заманауи, жаңа нәрсені өзімізде енгізуіміз керек. Жаңа жолдар іздеп, өз тауар өндірушілерімізді қорғап, оларға әлемде бәсекелесе алуы үшін жағдай жасауымыз қажет», - деді Жеңіс Нұрғалиев.

Депутат елімізде көптеген бірлескен кәсіпорын жұмыс істейтінін айтты.

Мәселен, бүгін де 14 мың шаршы метрлік көрме алаңында Қазақстан, Беларусь, Бразилия, Венгрия, Германия, Иордания, Испания, Италия, Қытай, Литва, Нидерланды, Польша, Ресей, АҚШ, Түркия, Украина, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция мен Оңтүстік Кореяның 300-ге жуық компаниясының өнімдері ұсынылған.

Халықаралық іс-шарада ауыл шаруашылығы саласындағы техника, жаңа технология мен азық-түлік өнімдері ұсынылған.

Бүгін сондай-ақ, «Қазмедиа» орталығында Агроөнеркәсіп мәселелеріне арналған республикалық «Astana Agro Forum-2018» басталды. Форум екі күнге жалғасады.

Фото: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
Пікірлер