Күрішбаев: Отандық астықтың сапасы төмендеп барады - Агро|17 Қыркүйек 2018, 14:35
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Күрішбаев: Отандық астықтың сапасы төмендеп барады

Еліміздегі ең ірі ауылшаруашық білім ордасының басшысы бидай сапасының жыл сайын төмендеп келе жатқандығына алаңдаушылық білдіруде, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, мәселені дереу қолға алмаса, алдағы уақытта ең төменгі бидай сұрыптың өзіне зар болып қалуымыз мүмкін. Бұл туралы Ақылбек Күрішбаев өзінің фейсбуктағы парақшасында жазды.

"Егін жинау науқанына да кірістік. Бұған дейін айтатынымыздай, «астық үшін шайқас» басталды. Бірақ бүгінгі жағдайымызда біз қаншалықты ұтамыз? Алдымен, бидайдың сапасынан бастайық. 80-ші жылдары біз жыл сайын 3 млн тоннаға жуық құрамындағы клейковинасы 25%-дан жоғары 1-2 санаттағы бидай өнімін алатынбыз, қазір тіпті ең жоғарғы өнімге қол жеткізген жылдардың өзінде 10 (!) есе аз мөлшерде астық жинап жүрміз. Ал биыл жоғары сапалы бидайдың үлесі одан да аз болады деп күтілуде. Себебі неде?" - дейді ректор.

Ол өз сауалына өзі жауап беріпті.

"Біздің астық аймақтарындағы топырақтың құнарлылығы күрт төмендеуде. Сондай-ақ, тыңайтқышты өте аз мөлшерде қолданамыз. Жыл сайын әр түрлі бидай ауруларының салдарынан астықтың біраз бөлігін және сапасын жоғалтудамыз. Фунгицидтерді дер кезінде қолдану қажет етіледі, бірақ оған әрбір фермердің қаражаты жетпейді" - дейді ол.

Ақылбек Күрішбаев бұдан бөлек астық сапасына әсер ететін тағы бір мәселені айтты.

"Бұл – құрғақшылық пен ауруларға төзімді отандық сұрыптардың жетіспеушілігі. Және ол біздің аграрлық ғылымымыздың қазіргі жағдайымен тікелей байланысты. Яғни, ғылымның толық қаржыландырылмауы, ғылыми кадрлардың кетуі, жүргізілген реформаларда орын алған қателіктердің нәтижесі т. б." - дейді ректор.

Ол еліміздегі астық саласының бізге мүлде климаттық жағынан кереғар елдермен салыстырылатынын айтады.

"Біз өз астық өндірісімізді Канадамен салыстырғанды жақсы көреміз. Бірақ бізге қарағанда, оларда "селекциялық конвейер" тынымсыз жұмыс жасайды. Аталған елде әр 5 жыл сайын сұрыптарды ауыстыру жүргізіліп отырады, соның нәтижесінде канадалық фермерлер үнемі сапасы жаңартылған, бәсекеге қабілетті сұрыптарды алады. Және біздегідей ескірген классикалық әдіспен емес, молекулалық-генетикалық «маркерлер» қолданылады. Сондықтан, олардың сұрыптары әр түрлі табиғи құбылыстарға және ауруларға төзімді иммунитетке ие" - дейді ол.

Ректордың айтуына қарағанда шетелден әкелетін тұқымның сапалық көрсеткіші күмәнді.

"Жақында біздің астық облыстарымыздың бірінің басшысымен кездестім. Қазір бізде қолданысқа ресейлік сұрыптар өте жақсы енгізілуде. Бұл жағынан біздің көршілеріміз – Сібір аграрлық ҒЗИ белсенді жұмыс атқаруда. Шаруашылықтарымыздың көпшілігінде егістіктің жартысынан астамына шетелдік сұрыптар егіледі. Облыс басшысына сұрыпты жаңарту жұмысы қалай жүргізілетінін және дәл осындай біз себетін шетелдік тұқымның болашағы сұрыпты шығарушының, яғни басқа елдің қолында(!) екенін түсіндірдім. Ал олардың саясаты әрдайым өзгеруі мүмкін ғой... Сондықтан бізде сұрыптарды трансферттеу, оларды бейімдеумен қатар жүруі тиіс және оларды өзімізде көбейту тәлімбағы болу керек. Біз үшін елдің азық-түлік қауіпсіздігі дегеніміз тек отандық ауыл шаруашылығы өндірісі ғана емес, сонымен қатар, басқа елге тәуелсіз сұрыптар мен тұқымдарға қол жеткізу (!). Бізге осы мәселелерді дер кезінде шешу керек" - дейді Ақылбек Күрішбаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер