BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

С.Нұрбек Қазақстанда «жасыл энергияның» дамуын тежеп отырған басты факторды атады

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Елордада басталған Астана экономикалық форумы аясында Қазақ тілді журналистер бірлестігі мұрындық болған шарада баламалы энергия көздері тақырыбы қозғалды. Жиынға қатысқан «Астана халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры» Саясат Нұрбек елімізде осы саланы тежеп тұрған ең негізгі факторды атады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгінде тұрақты дамуға көшудің бірден бір жолы жаңартылатын энергия көздерін дамыту, оның жалпы электр энергиясы өндірісіндегі үлесін едәуір арттыру екені белгілі. Әлемдік экономиканың өзгерісі энергияның сарқылмайтын көздерін табуды қажет етеді. Қазіргі таңда жаңартылатын энергия көздеріне әлемдік сұраныс үнемі артып келеді. Бүгінде көптеген шет мемлекеттері «жасыл энергия» саласын дамытуда Қазақстаннан көш ілгері кеткен.

«Қазіргі таңда дүниежүзінде энергетиканың ішкі табиғаты, құрылымы, қаржыландыру тетіктері ауысуда. Әсіресе, Еуропа елдерінде, АҚШ-та үлкен революция болып жатыр. Ең соңғы жаңалыққа тоқталсақ, Дания елі 2015 жылы өз-өзін 130 пайыз электр қуатымен қамтамасыз еткен. Яғни, баламалы энергия көздерімен, ол – жел мен күннің қуаты. Осы баламалы қуат көздерін ішкі тұтыну 130 пайыздан асып кеткен.100 пайызын өзі игерсе, қалған 30 пайызын сатып отыр. Дания – суық мемлекет, Скандинавия елдеріне жақын. Олар көбіне жел мен теңіздің қуатын пайдаланады.
Екінші мысал, Германия федеративтік республикасы. Германия қазір баламалы, таза энергия көздерін тұтынушыларға тегін береді. Ал, АҚШ-та Майкл Блумберг, Apple-дің өзі осы тұрғыдағы технологиялар табылып жатыр. 2015 жылғы Париж келісімшарты бойынша, 2020 жылға дейін 7,2 трлн долларға қол қойған 192 ел осы салаға осындай инвестиция құюға келісті. АҚШ-та ең көп жұмыс орындарын беретін сала – баламалы энергия бөлетін сала. АҚШ Энергетика министрінің мәліметіне сүйенсек, бұл сала жарты миллионнан астам жаңа жұмыс орнын беріп отыр. Тағы бір қызықты фактор, ең көп патент осы салада беріліп жатыр. Сондықтан, осы салада шыққан қаржыландыру – жасыл қаржыландыру деп аталады. Мәселен, Норвегияның мұнай қоры біздікімен шамалас. Олардың арнайы ішкі саясаты бар. Ақшаның 30-40 пайызы тек қана жасыл энергетикаға құйылады екен», - дейді саясаттанушы.

С.Нұрбектің айтуынша, елімізде энергетика бағасының тым төмен болуы Қазақстанда «жасыл энергия» саласын дамытуды тежеп отыр.

«Қазақстанда осы саланы дамыту үшін ең негізгі тежеуіш фактор – шығаратын энергетиканың бағасы өте арзан. Павлодарда жылу электр станциялары тұр, Павлодарда өте арзан көмір шығып жатыр. Сондықтан, көмір жағылады да, энергияның бағасы 10 центтен аспайды. Ал баламалы энергияның тиімділігі – 10-11 долларға тең болады екен. Сондықтан,қазіргі таңда Астана халықаралық қаржы орталығының бір басымдығы – жасыл қаржыландыру. Оның негізгі мақсаты – жаңа күрделі құралдар арқылы осы саланы дамыту. Бұл өте үлкен нарық. Сонымен қатар, АҚШ пен Еуропадан басқа, Қытай да осы нарыққа қосылып жатыр», - деп қорытындылады ойын спикер.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер