BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жанат Жайлыбай: Өз бетімше ашқан болдым түнекті

 АСТАНА. 27 мамыр. BAQ.KZ - Жас ақын Жанат Жайлыбай 1994 жылы 13 -сәуірде Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданында дүниеге келген. Жезқазған қаласының №1 орта мектебін үздік тәмәмдаған. Республикалық «Махамбет оқулары» мен «Тек ел деген сөз үшін» атты Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына арналған прозаиктер байқауының жеңімпазы. Есімі Қазақстан Республикасының «Болашақ» энциклопедиясына енген. Қазіргі уақытта Қазақ ұлттық өнер университетінің кино және теледраматургия мамандығында оқиды. Университет қабырғасында түсірген алғашқы қысқаметражды фильмі халықаралық «Шәкен жұлдыздары» атты фестивалінде үздік 20 топтаманың қатарына енді.

 Қасымнан ғасырға


Сор бешенеңе жазылған күннің сыздары,
Сені іздегендей ләйлім жүректің құздары.
Маңдайымды иіскеп кеткендей болды бүгінде,
Қарқаралыдан ескен самалдың ызғары.

Ақын ұрпағы,Қасым ұрпағы күлімде.
Жыр жазсам саған кетпейді менің түгім де.
Құлын жүрегім, қазіргі таңда дүрсілдеп.
Қасым деп соқты, Қасым деп соқты бүгінде.

Өмір боп маған,өлең боп маған жел есі,
Жүзіп келеді,алаштың солғын кемесі.
Жырдың алыбы төбеден қара сен маған,
Ұрпағыңмын мен, бала Қасымның төресі.

Жырыңды Қасым,көктем нұрындай алдырған,
Дыбысың тынбай естіліп жатты сан қырдан.
Марғасқа ұлы қазақтың аға сен едің,
Тасқының тулап ағатай Қасым жарды ұрған.

Ұрпағың өтер жырыңды ұқтап ән қылып,
Болашағыңа қалғандай сөзің мәңгі үміт.
Аманжол Қасым бір аунап түскен щығарсың.
Ұлықтау сені біз үшін аға заңдылық.

 

 

Сезімге наз...


Сағына бердім.
Аяң жай басып тағдырдың шамына келдім.
Толықсығандай, мұңдана ойымды шалып,
Басымды идім, амалсыз тағына жердің.

Еркелесең де.
Саяз бақытқа желкілдеп ерте келсең де.
Шоқ болып тұрған жүрекке дауа беріңдер,
Беткейден үріп сөзімді өртеме сен де.

Солқылдағандай.
Меңіреудегі асау түс жортылмағандай.
Ақ зер көңілім, шабытта өкси береді,
Махаббат нәрін ішсем де қортылмағандай.

Жібіген еді.
Лебіздерім де сырыңды ұғып күңіренеді.
Күлтеңе тыққан жасырын сезімді жетім,
Жауқазын жаным, жырымның түбіне келді.

Аяладың ба?
Торығып, толқып жанымды саяладың ба?
Тәкәппәр сезім көрерсің, әлі де талай,
Арман қуамын арымның саябағында.

 

 

Суық

 

Суық қала, суық дала, суық қар,
Балаң сезім өр көңілін жуықтар.
Үміттене беремін мен дәрменсіз,
Қанша жерден соқсадағы суықтар.

Суық жүрек, суық көңіл, суық түр,
Арыстарға қоғам деген суып тұр.
Жүрегімде қала бермек сонда да,
Айтылмаған ешбір жанға суық сыр.

Суық сезім, суық көзің, суық қан,
Көңілім наз, аумай қалған уықтан.
Бос сөздер мен арсыз ойлар кенеттен,
Байқаусызда көңілімді суытқан.

Өз бетімше ашқан болдым түнекті,
Қайран жүрек, сезіміме жыр екті.
Аяңдаршы, о жамағат оны да,
Бар суықтан тоңып қалған жүректі.

 

 


Ат үстіндегі қазақ

Мақұлықтар арын төккен сан майда,
Түр жасайды мәдениетті адам боп.
Төс тартпасы босап кеткен жағдайда,
Шап айылға сеніп жүрген жаман көп.

Тақымды қыс, қанжығаңда таза дін,
Дінсіздір бар, жүректері тас қамал.
Томағаңды берік ұста қазағым,
Шылбырыңды сүйретпесін басқалар.

Баста жүген боп жүргендер бар білем,
Ділді басқа жерге шашып тасташы.
Мәдениетің жоғалмасын алдымен,
Құйысқанда қала берсін басқасы.

Мәдениетім кем түсіп ек біз кімнен,
Бөрі емен, көк тәңірің аспанда.
Айбынды бол, айырылмашы тізгіннен,
Қара өзекке құлап бара жатсаңда.

 

Өркениетім, өр үрдісім есен соқ,
Доңыз алды, көкпар алған сынды боп.
Жуас тайға отырып алып есерсоқ,
Ауыздықпен алысатын жынды көп.

Қуанба ерте, мәдениетің пісті ме?
Әр ісіңе сабырлы бол, көкте сын.
Қайран менің қой мінездім, үстіңе,
Айдаһар кеп жұмыртқалап кетпесін.

 

 

Елеңдеме өтінем

 

Енді сені сағынбаймын,
Жалынбаймын, кетсең де,
Сезімге де бағынбаймын,
Қарсы қарап өтсең де.

Мейлі бардың сол маңға,
Келмеймін деп кетіп ем.
Мен жүретін жолдарға,
Елеңдеме өтінем.

Сағындым сол сағымды,
Аймалаған самалы.
Ерке құшып жанымды,
Еркелетіп барады.

Мақпал түннің алдында,
Сезіміңді сезбедім,
Сағым құшып қалдың ба?
Менің ғашық кездерім.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер