Үш туды құрмет тұтатын қыз - Әдебиет|13 Маусым 2014, 09:00
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Үш туды құрмет тұтатын қыз

 

 АСТАНА. 13 маусым. BAQ.KZ – Былтыр Түркияның Решадия қаласында өткен түркітілдес ақындардың поэзия мерекесіне қатыстым. Кенет бір қызық жағдайға кезіктім. Ақындарды марапаттау басталғанда қала әкіміне бір түріктің ақын қызы шапан жапқаны. Кәдімгі шапан. Шапан болғанда қандай? Біздің шапаннан еш айырмашылығы жоқ шапан еді. Бұл шапан мені ойлантып тастады.
 

 

 Қазақ шапаны

 
Текеметке басылатын бала кезімізде талай көрген қошқар мүйіз ою салынған бүгінгінің қазақы шапаны. Бірақ бұл түрік ақынының қолында қайдан жүр? Өзбектің шапаны басқа. Татардың шапаны басқа. Бұл қазақтың шапаны емес пе? Кәдімгі тойларда «бартер» есебінде жүретін кәдесыйлардың бірі. Қөзіме оттай басылған қазақы шапанның мәртебесі мен үшін асып кетті. Сонда қалай? Қазақтың өзі жай күнде менсіне бермейтін шапаны да жат қолға патенттеліп кетпесе неғылсын деген ойға да берілдім. Ақырында шыдамай шапан жапқан түріктің ақын қызының жанына жақындап бардым да: «Бұл шапан сіздің қолыңызға қайдан түсіп жүр? Оюынан танып тұрмын. Бұл - қазақтың шапаны. Қазақстандық шапан емес пе» дегенімде, Севиль күліп: « Иә, бұл - қазақ шапаны» деді. Мен Қазақстанда тудым. Қазақстаннан Түркияға жұмысқа келерімде Шымкенттің базарынан бір чемодан шапан көтеріп сатып алып едім. Енді осындай шараларға келгенде құр қол жүрмейін деп. Бұл шапандар жақсы болды. Менің арқамда шапан киіп, түріктер де мәз, сый сыйлап мен де мәз» деді ағынан жарылып. «Сенің қазақтығың менен де асып кетті-ау» деп мен де күлдім. Содан екеуміз шапанның арқасында танысып, әңгімелесіп кеткен едік.
 
 
Севильдің айтқаны
 
Бір Ахысқа бар еді және бұл Ахысқада «ахысқалықтар» деп айтылған өз түріктер өмір сүрген екен. Бұл өз түріктер қаһармандығы үшін, ер түрік болғандары үшін кеңес режимін қорқыта бастапты, назарға келіпті... 
1944 жылдың суық бір қараша айында Грузия аймағындағы Ахысқа, Адыгүн, Әспинджә, Аһылкәләк, Богдановка аудандарының 219 ауылдан 120 мыңға жуық адам күнәсіз, себепсіз Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа жерлерге жер аударылған. Менің аталарым Шымкент облысына жер аударылған екен. Келген жүдеу елді қазақтар жатсынбай, көмек қолын созыпты. 
Әкем Аллахверди жер аударылған кездегі көрген қиыншылықтарын қыстың суық ызғарлы күндерінде жылы үйде, кішкентай бір бөлмеде балаларын қасына жинап ертегі сияқты түсіндіретін еді. Әңгімесін бітірер алдында мына бір шумақ өлеңді айтатын: 
«Ахысқа гүл еді кетті, 
Бір халықтың тілі еді кетті, 
Сөйлеңдер Сұлтан Махмұтқа 
Ыстамбұл кілті кетті»... 
Әр айтқан кезде көздері жасаурайтын еді. Мен үйдегі балалардың кенжесі едім. Себебін сұрағанымда: әкем: «қызым, бұл сырларды өскенде түсінерсің дейтін. Осындай ертегі-аңыздар, мақал-мәтелдерді естіген сайын ахысқалық түріктердің тағдыр- тарихын терең ұғыну үшін ертерек ержетсем деп ойлайтынмын. 
Әкемнің әңгіме еткен Ахысқа тауларын, оттарын, көлдерін, бұлақтарын бір көруді армандап, түсімде көріп өстім. Есімді біліп, кітапқа дос бола бастаған кезде әкемнің көздерінің жасаураған себебінің не екенін түсінгендей болдым.
 
 
«Түріксіз қалған Ахысқам»
 
Бүгінде Түркияның Ардахан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, ақын Севиль Пириева Шымкентте туып, өскен адам. Баку қаласындағы Мирза Фатали Ахундов атындағы орыс тілі және әдебиеті институтын бітірген соң, Әзірбайжан Ұлттық Ғылым Академиясының А.Бакыханов атындағы Тарих институтында зерттеуші болып қызметін бастайды. «Ахысқа түріктерінің әлеуметтік- мәдени өмірі» тақырыбында диссертация қорғайды. Бұдан соң туған топырағына қайта оралып, Қожа Ахмет Йассауи Халықаралық Қазақ - Түрік университеті Шымкент институтының Түрік тілі бөлімінде аға оқытушылық қызметте болады. 
2010 жылдан бері Севиль Түркияның Ардахан университетінде жұмыс істеп жатыр. Бұл жерде жұмыс істеуін өзі тағдырдың сыйы дейді. Олай дейтіні, Ардахан - оның ата-бабасының кіндік қаны тамған жері Ахысқаға жақын. Бұл жердегі Дамал тауларынан, өзендерінен, Чылдыр тауларының арғы жағында Ахысқа төбелері, Ахысқа шыңдары көрінеді. 
Ардаханда Ахысқа жерінен көшіп келгендер көп. Севиль ханым бұл жақтағы туған -туыстарын Шымкентте тұратын 90-нан асқан атасы Мүфтәлә Караевтың айтып түсіндіруі бойынша іздеп тапқан. Қандас туыстарын іздеген қыз Ардаханның Кенарбел ауылындағы Қаһрамандар әулеті мен Қарс қаласының Акякатада тұратын аудан басшысы Мехрадж Дашдемир отбасымен туысқандық қатынастарын жаңарта білді. Қыс, жаз апта соңы демалыс күндерін туысқандарымен бірге өткізуді әдетке айналдырған, 
Әзірбайжан Жазушылар одағының сыйлығымен, Бакудегі «Vektör» Халықаралық Ғылым Орталығының «Түрік Дүниесіне Қызмет» сыйлығымен, Халықтар Достығы және Ресей шет тілдер институтының «Халықтар Достығы» арнайы сыйлығымен марапатталған Севиль ханым, сондай-ақ Ахысқа түріктерінің басшысы Зияддин Исмихан оғлу Касанов және Түркияның Анкара қаласында Гази университетінің профессоры Ильяс Доған құрған Дүние Ахысқа Түріктерінің Бірлігі ұйымының мүшесі, осы ұйым жұмысына да жәрдем беруді өзіне парыз санайды. 
«Әзірбайжанда тұратын Ахысқа түріктерінің әлеуметтік мәдени өмірі» атты монографиялық еңбегінде Ахысқа түріктерінің этникалық географиясы туралы жалпы сипаттама берген. Ахысқа түріктерінің Әзірбайжанда орналасу тарихына, ахысқалықтардың экономикалық тұрмысына, әлеуметтік мәдени өмірінің кезеңдеріне назар аударылған. Ахысқалықтардың Отанына қайтуы үшін бастаған әрекеті халықаралық демократиялық әрекет болып есептелуі керек. Өйткені біріншіден, репрессияға душар болған халықтың адам құқықтарын қорғау, қоғамдық тұрмысын дамыту, мәдениетін және ұлттың кім екендігін танытуды дамыту үшін шараларды қолға алынуы керек деп есептейді тарихшы-ғалым. Бірнеше тарихи, танымдық және жыр жинақтарының авторы Севиль Пириева «Бұл қан жерде қалмас» атты кітабында 1999 жылы Өзбекстан Ферғана оқиғаларынан тірі қалған ахысқалықтардың Әзірбайжанға орналасуы және ол жерде армяндардың тудырған Хожалы оқиғасында шехид болған ахысқалықтар мен әзірбайжандықтар туралы жазған. 
«Ата жерім - Ахысқа» кітабында ескі түрік жерінде туғанмен, еріксіз жер аударылған Ахысқа түріктерінің ауыз әдебиеті, фольклоры, заманауи жазушылары туралы сөз етеді. 
«Түрік дүниесі және ата жерім Ахысқа» кітабында қаламгер ахысқалықтар орналасқан ауыл мен аудандардан жинаған материалдардан тұрады. «Ахысқа түріктері жер аударылуда» кітабында, атынан да көрінгендей Ахысқа түріктерінің жер аударылу өмірінен, душар болған қиындықтар көрсетілген. Бұл фактілер ақсақалды аталар мен ақжаулықты аналардың естерінде қалған ескі естеліктерді жазып алынған екен. «Түріксіз қалған Ахысқам» кітабында да ахысқалықтардың жер аударылуы жылдарындағы өмірі аңыз етіледі, жер аударылудан кейін Ахысқада түріксіз қалған 219 ауыл туралы фактілер ұсынылған. 
«Ахысқа түріктерінің тарихы, Ислам және Отбасы жағдайы» туралы Энциклопедиясында Ахысқа даналары Өмер Файык Нейманзаде, Шефиге ханым Ефендизаде, Фүргет ханым Қожазаде, Адил Ефендиев, Фуат Эфендиев, тағы басқалары туралы көптеген тарихи деректерді келтіреді. Бұл кітабында Севиль Пириева Ахысқа түріктерінің бай сөз қазынасы, диалект ерекшеліктері туралы тебірене жазған. Кітапта Ахысқа әдебиетшісі Ө.Нейманзаденің ұлттық тілді қорғап сақтау туралы халқына жазған хаты да орын алған. 
Севиль ханымның бүгінде әкесі Аллахверди Пириевтің айтуымен жинаған «Ахысқа афоризмдері» атты фольклор жинағын басылымға дайындау үстінде екендігін айтып, кітабыма мына бір шумақ өлеңді эфиграф етіп алмақшымын деген еді. 
«Қымбаттым, қар жауар екен, 
Дертім таудан ауыр екен, 
Ахысқа қасіретінен, 
Шаш-сақалым ағарған екен...» Қасіретке толы мұңды жыр.
 
 
 

«Пирибұлағының суы»


2003 жылдың көктемінде Әзірбайжандағы Ахысқа түріктерінің «Отан» қоғамының ұсынысымен Тбилисиге ғылыми конференцияға қатыстым, - деп әңгімесін сабақтады Севиль ханым. - Конференцияға қатысушылармен автобусқа мініп, Ахысқаға қарай бет алдық. Бұлақ сулары, балшықтарымен танылған Боржомнан біраз жүргеннен кейін, Азғұр қамалының тіп-тік тау сияқты тастарын көргенде, «Ғылымдардың ең басы - түріктігін білу ғылымы» ұранымен танылған ахысқалықтардың ұлттық қозғалыс басшысы, әдебиетші Ө.Ф.Нейманзаденің ата жері Азғұр қамалына жақындағанда жүрегім толқып, дүрсілдей бастады. Жол бойы қатты толқыдым, жүрегім дүрсілдеп соғады. Бір кездері ахысқалықтардың жерлері болған Идмола, Дамала, Варнет, Толош, Хыртыз, Аланза, Гилде, Ташлыкышла, т.б. ауылдарының қалдықтарының жанынан өткенде көзімнен жас шығып кетті. Ауылымызға жақындаған сайын деміммен тұншығып жатқанмын. Қасымдағылар бұл жер Бузмарет, сонау жер Панакет, мына жағы Хыртыз деп айтып жатқанын тереңнен естігендей болдым. Сол топыраққа, сол тауларға, бұлақтарға қарап, көзімнен жас парлап, үнсіз қатып қалыппын. Бұл ауыл жүздеген жылдар бойы ата-бабаларымның ат жалын тартып, егін еккен жері болған. 2700 метр биіктіктегі тау етектеріндегі қызғалдақтар ахысқалықтарға сағыныштарын менен алған сияқты қызыл түске боялған еді. Отан топырағы аяғымның астына кілем төсегендей қып-қызы. Кура өзенінің мұздай сулары ахысқалықтарға сағыныштарын менімен кетіретін сияқты аққан сайын одан да жылдам ағып жатқан еді. Ауылда Байрам көкемнің атам Хусейінмен бірлікте еккен ағаштың ескіліп азып-тозып, жаңадан жасарып көгергенін көрдім. Қойындереден арғы жағы оңтүстікке қарай қараған сайын қарадым, сол жақта «Гундун» тауы, «Толош» баулары, «Мешебашы», «Архаджкая», «Яллыбулаг», «Гүллүбулаг», «Союгбулаг», «Дериндере» бар еді. Сонымен қатар Безирхана, Карзамет, Агара, Левис ауылдары да алыстан көрініп тұрған. Одан арғы жағында биік таулардың оңтүстік бетінде Түркия бар еді, көне ахысқалықтардың заманында көшкен Пософ, Чылдыр, Дамал, Ардахан, Ханак, Кенарбел ауылдары бар еді. 
Аталарымнан естелік боп қалған үйшік үйлерге қараған сайын, тастарды жерден алып, бір-бірінің үстіне қойғанша, тастарды, оттарды сипаған сайын ана құшағында жыламсыраған жас сәби сияқты көздеріме жас тұнған еді. Аталарымның жүз жылдар бойы дем алған Гундун тауының, Гундун көлінің, Ниял оймағының ауасын тойғанша ішіме тарттым, бірақ тоймадым. Аталарымның жүз жылдар бойы ішкен «Пирибұлағы» бұлағының мөлдір суынан қанғанша іштім, бірақ қанбадым.. Аталарымның жүз жылдар бойы гүлдеріне бөленген Кура өзеніне, тау етегіндегі шымдарына көзім тойғанша қарадым, бірақ тоя алмадым... 
Қойындере ауылының топырағынан, Гундун тауының гүлдерінен, марқұм атам Пиридің атымен аталған «Пирибұлағының» суынан әкеме, анама сый әкелдім. Ұзақта туған жерге деген сағынышымен дүниеден көз жұмған туыстарымыздың мазарларының үстіне себу үшін Отан топырағынан көздей қалтаға топырақ түйіп алдым. Жас балаларға ол жердің сұлулығын көрсету үшін тау етегінен гүлдер жинадым, - деген еді Севиль Пириева сағынышты сырымен бөлісіп.
 
 
Орындалған арман
 
- Кішкентай кезімдегі әкемнің: «Бұл сырларды есейгенде түсінесің, қызым» деген сөзінің мағынасына өмірімнің тарихи Отанымдағы Қойындере ауылындағы болған үш сағаттық мерзімде түсіндім, - дейді Севиль. 
Көңілінде жүрген көркем ойлардың жыр болып ақ параққа төгілетіндігі де содан болса керек. Көз жасы мен мұңға суарылған Севильдің алмастай өткір жырындағы қуат та оның ата-бабасының топырағынан бастау алып жатқандай көрінді маған. Севиль Пириеваның ғылыми-тарихи еңбектері туралы түрік, әзірбайжан, грузин, қазақ ғалымдары жақсы пікір білдірген екен. 
Йассауи атындағы Халықаралық Қазақ - Түрік университетінің президенті Лесбек Тәшімов: «Севиль Пириеваның кітаптары Ахысқа түріктері үшін қандай қажетті болса, қазақ халқы үшін де соншама қажетті, мағыналы, көп еңбек сіңген кітап. Бұл кітап Қазақстан тұрғындары ахысқалықтарды бұдан да жақсы тануы үшін маңызды. Келешек нәсіл өз тарихын, кім екендігін ұмытпауы үшін пайдалы бір жұмыс. Мен, Севиль ханымның халқы үшін еткен ғылыми еңбектерін жоғары бағалай отырып, оған келешекте табыс тілеймін» деп жазған екен. 
Қазақстанда туып, Бакуде білім алған, бүгінде Түркия Ардахан университетінде Ахысқа түріктері тарихынан дәріс беретін ғалым қыз Севиль Пириеваның жұмыс бөлмесіне кірсеңіз, оның жазу үстелінің үстінде тұрған Қазақстан, Әзірбайжан және Түркияның туларын көресіз. Бұл оның Отанға деген, халқына деген сүйіспеншілігін, құрметін 
көрсетеді...
 

Маржан ЕРШУ,
ақын.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер