BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Тұңғыш «Twinbook» форматындағы кітаптың тұсаукесері өтеді

Астана. 24 сәуір. Baq.kz – 26 сәуір ақын Ақберен Елгезек пен Ерлан Жүністің тұңғыш twinbook форматында «Ғаршы» және «Ғаусар» атты жыр жинақтарының тұсаукесері өтеді.

Қазақ әдебиетінде тұңғыш рет twinbook, яғни «егіз кітап» форматында шығып отырған бұл кітап егіз жанның елге ұсынған екі бөлек әлемі. Оның бір ерекшелігі - оқырман бір ғана авторды оқымайды. Бір кітаптың ішінде екі автордың жырларына бірден қол жеткізе алады.

Бұл жинақтан Сіз, өмірдің ащысы мен тұщысын, кейде тәтті сәттерін де бірге көрген екі достың, екі рухани жақын адамдардың жан арпалысын, қуанышы мен мұңын, жеңісі мен жеңілісін, арманы мен үмітін табасыз.

 

 

Ақберен Елгезек:
- Менің тұңғыш кітабым 2008 жылы оқырманға жол тартқан болатын. Содан бері 6 жыл өтіпті. Осыдан екі жыл бұрын жауынды-шашынды Астананың бір кешінде іні-дос, аса талантты ақын бауырым Ерлан Жүніс екеуміздің санамызға егіз кітап шығару туралы идея келген еді. Одан соң ол идеямыз қайда кеткені белгісіз, үшті күйлі жоғалып кеткен болатын. Кейінінен күндердің күнінде әлгі идеямыз қайта айналып келе қалды. Онсыз да мағынасыз боп бара жатқан өмірдің түнегін қақ жарып өткен бұл өткір сәулені енді ешқайда жібермеуге бел буып, содан міне, кітабымызды шығарып отырмыз.

 


Ерлан Жүніс:
- Менің аға-досым, өте талантты ақын Ақберен Елгезек екеуіміз таңғы армандар мен үміттер биік ғимараттардың үстінен батыл ұшатын замандарда армандап едік: «шіркін, екеуіміз бір кітап шығарсақ», «ол ерекше кітап болса» деп. Содан бері екі жыл өтіпті. Бүгін екеуіміз «Twinbook» форматында (ұғымды өзіміз ойлап таптық) «Ғаршы» және «Ғаусар» атты кітап шығардық. Бұл кітаптың ішінде екеуіміздің бұрынғы төрт кітабымыздан іріктелген және тым жаңа көп өлеңдер бар.

 

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер