BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Тамды аруы» Теміртауда тұрады немесе журналистің ізденімпаздық кредосы

 АСТАНА. 25 ақпан. BAQ.KZ – Бір аруға мың өлең арнаймын деп уәде беріп, өмірбақи антына адалдық танытқан Петрарканың музасы Лаура ақынның арқасында әлемге әйгіленді. Бетховеннің «Элизаға» арнаған шығармасының прототипі туралы пікір көп. Кейбір зерттеушілердің пайымына салсақ, ұлы музыкант ғашық болған қыздың есімі Элиза емес, Тереза көрінеді. Музыканттың қолтаңбасын «Элиза» деп қате оқығандар елді шатастырған-мыс. Кейін бір зерттеуші «Жоқ, бұл Тереза емес, Элиза, әнші Элизабет Рекель» деген қорытынды жасады.

 Джаконданың жұмбағын шешуге төрткүл дүниенің зерттеушілері құмартып, талай ғасыр өткеннен кейін «бұл, сірә, көпестің қызы Лиза Герардини» деген тоқтам жасасқан. Оған келіспейтіндер әлі де көп. Да Винчидің шабытын оятқан әйел заты шынымен көпестің қызы ма, әлде басқа біреудің қызы ма, ол әл-әзірге ашыла қоймайтын, бәлкім, ешқашан ашылмайтын құпия күйінде қала беруі де мүмкін. Джаконданың жұмбағы сонысымен де қызықты, құнды.
Кейіпкерлерін іздеу арқылы, суреткердің де өмірбаянының қалтарыстары ашылып, шығармашылылық лабораториясы зерттеле түспек. Оған қоса, автордың ұлы мұрасына деген сүйіспеншіліктің суымауына, жаңаша леппен жанданып отыруына да әсер ететін фактор.
Зерттеуге тұрарлық осы тақылеттес тақырыптар бізде де жетерлік. Зерттеп жүргендер де бар. Мәселен, Жұматай Жақыпбаевтың шығармашалығына арқау болған Ләйла аруды алайық. Бірнеше жыл бұрын Жұматайдың жырына ғашық бір журналист әріптесіміз Ләйланың прототипін тауып, жар салғаны есімізде. Мәскеуде тұратын жұмбақ арудың фотосуреті жарқ еткен газет қолдан-қолға тимей оқылғанына куәміз.
Біз тілге тиек еткелі отырған Ғазиз аға, журналист Ғабдул-Ғазиз Есембаев та сондай қызық тақырыптарды, қиын тақырыптарды іздеуге құмар жандардың бірі. Бір күні Ғазиз ағамыз редакцияға Шәмшінің танымал әнін ыңылдап айтып, аяқ астынан олжаға кенелгендей мәз-мейрам болып келді. Компьютерін қосып жатып:
–– Шәмшінің «Тамды аруын» білесің ғой?
– Иә, білмегенде...
– Қайырмасы қалай еді?
Ағамның кейбір әпенділіктерін көріп жүргендіктен, сұрағына түк таңғалған жоқпын. Басқалар бейхабар талай мәліметті ми қатпарына тоқып жүрсе де, кей-кейде еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін білетін қарапайым нәрселерді бізден сұрап отыратыны бар. Бала кезімізден естіп, көкейімізде жатталып қалған ән ғой.
–...Ебелектей жел аңсаған,
Көбелектей гүл аңсаған,
Келем саған... Қадырдың өлеңі ғой,– деп сарт еткіздік.
Ағамыз Шәмшінің «Тамды аруы»-ның кейіпкерін тауып келген беті екен.
Қалай тапқан дейсіз ғой. Журналист ағамыз мейрамханада Атамұрат Шахарбаев деген қадірлі ақсақалдың асында отырады. Марқұм бірнеше жыл бұрын Өзбекстаннан Астанаға қоныс аударған-ды. Көзі тірісінде Өзбекстандағы біраз қандасымызды елге келуге ұйытқы болған жандардың бірі еді. Жиналған қауым ақсақалдың үлгі боларлық істерін еске алады. Өнер адамдарымен жақын араласқанын, Шәмші Қалдаяқовты үйіне қонақ еткенін, Тамды жұртының ықылас-пейіліне риза болған композитор сол сапарында «Тамды аруын» шығарғанын айтады.
Басына қарқарадай жаулық таққан әже микрофонды қолына алып:
– Біз Атекемнің асына әдейілеп келіп отырмыз. Менің есімім – Ұлша. Жарықтық, ауданға аса құрметті адам еді. Мыңбұлақтың қыз-келіншектерін жиып алып, хорға қатыстыратын...– дейді.
Осы жерге келгенде Ғазиз ағамыздың құлағы елең ете қалатындай жөні бар. «...Бұрымың, Мыңбұлақта туған ару,
Сол жердің мың бірінші бұлағындай!..» деген жолдар есінде.
Одан әрі сөзін созған апамыз:
– Жаңа сөйлегендер «Шәмші келіп, «Тамды аруын» жазды деп жатыр ғой. Ендеше, сол Тамды аруы міне, менің қасымда отыр. Аты-жөні Ақсұлу Қоңыршаева. Қане, тұршы, Ақсұлу, көрінші жұртқа!,– деп жанындағы орта жастан асқан, келісті келген әйелді орнынан тұрғызады. О, құдірет, іздегені алыстан емес, дәл жанынан табыла кеткенін көрмейсіз бе!.. Астың үстінде тілдесіп, әңгімеге тартудың реті келмейтіні түсінікті. Қонақтар мейрамханадан шығысымен іле-шала асығыс Теміртауға аттанып кетіпті.
Араға күн салып, Ғазиз ағамыз да «Тамды аруының» ізімен Теміртауға аттанады. Шәмшіні тәнті еткен Ақсұлу – Ұлша әжейдің қайынсіңлісі екен. Алты бала тәрбиелеп өсірген ана сөзге сараңдау, ұяң мінезді адам болып шықты.
– Шәмші ағамызды көруге барған көп адамдардың ішінде болдым. Ол кісі мені сыртымнан көріп, шығарған ғой. Басқа ештеңе білмеймін,– дейді де қояды.
Есесіне тамдылық туыстарымен сөйлесіп, біраз әңгімеге қанығады. Ақсұлу Қоңыршаева көркем өнерпаздар қатарында жүріп Шәмшінің «Қайықта», «Сыр сұлуы», «Ақ бантик» сынды әндерін сызылта орындапты. «Тамды аруы» шыққаннан кейін жерлестері Ақсұлуды «Ару» атап кетіпті.
– Мен бұл үйге келін боп түскенде Ақсұлу кішкентай қыз еді. Көрікті болып бой жетті, шашы тілерсегіне түсетін. Ән салғанда елтімей тыңдамай мүмкін емес еді,– дейді қайынсіңлісіне қарағанда ашық мінезді Ұлжан әже.
Шәмшінің шабытына түрткі болған Ақсұлудың осы сұлу сипаты екен. Мыңбұлақта үш-төрт күн аялдаған композитор Атамұрат Шахарбаевтың үйінде болады. Ол кезде клуб деген әр ауылда бола бермейтін, енді ғана салынып жатқан кез.
– Атамұрат аға үйіне шақырып, бізге ән салдырады, өзі дирижерлік жасайды. Сол хордың құрамында аудандық өнер жарыстарына қатысып жүрдік. Сол күндердің бірінде толықсып тұрған бойжеткеннің қолаң шашына Шәмшінің көзі түскен шығар. Көп ұзамай халықа арасына «Тамды аруы» Ақсұлуға арналған ән» деп таралып кетті.
Жалпы, Шәмші бұл әнді Өзбекстанның Бұқара облысы Тамды ауданында жүргенде шығарғаны туралы композитордың өзі бейнетаспаға жазылған сұхбатында айтады. Бұл туралы ақын Қадыр Мырза-Әлі былай дейді:
– Шәмші Өзбекстаннан келе сала маған телефон шалып «Мына әнге сөз жаз, Тамды аруы туралы болсын» деді. Жасым кіші болса да, Шәкеңмен қалжыңдаса беруші едім, «Ол жақта болған да жоқпын, аруын көрген де емеспін. Тамды аруының қызығын сіз көресіз де, шыжығын біз көреміз бе?! Жаза алмаймын» дедім.
– Ойбай, мен сөзін Қадыр Мырзалиевке жаздырамын деп уәде беріп кеттім.
– Міне, бүкіл Тамды жері осы! Енді осы жерге бір қызды ойлап тап, соған ғашық бол. Жарайды, мен-ақ ғашық болайын. Тек сен менің атымнан, лирикалық кейіпкердің атынан жазып шық,– деген бір ауыз сөз бұйымтайын мүлтіксіз орындап шыққан ақынға қалай тәнті болмайсыз?! Өзі барып көрмеген Тамдыдағы жер-су аттарын өзі көрмеген, көкейіндегі арудың сұлулығымен керемет үйлестірген:
Ілінген ғашықтықтың құрығына,
Әнімді құрбан еттім ырымыңа.
Мен қашан сүңгір екем мың бірінші,
Бұлақтай тарқатылған бұрымыңа!..
Біздің Ғазиз ағамыз, Ғазиз Есембаев тапқан «Тамды аруының» кейіпкері, Шәмші ән арнаған ару Ақсұлу Қоңыршаева өмірлік жолдасы Жүздібай Ерманов ақсақал екеуі бес ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген отбасының анасы. Бірнеше жыл бұрын атамекенге қоныс аударып, Теміртау қаласына тұрақтаған әулет ұл-қызы мен немерелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Журналистиканы шоу-бизес жаңалықтарын беру деп түсінетін кейінгі толқынға Ғазиз ағаның іздені мпаздығы үлгі болса дейсің мұндайда.
Ғазиз ағамыз жұмыс істеген газеттердің тігіндісін ерінбей ақтарсаңыз, мұндай мысалдарды көптеп табаныңызға бек сенімдімін. Компьютердің алдынан ұзап шықпайтын, ғаламтор болмай қалса қаламы қайырылып қалатын адамды Ғабдул-Ғазиз Есембаевтың ізденгіштігі мен байқампаздығы таңғалдырмай қоймайды. Мәселен, бір ғана Желтоқсан оқиғасына қатысты көтерген тақырыптарын айта кетейік. Желтоқсанда алаңға шыққан жастардың фотосуреттері көп емес. Сол сирек суреттерді отандық газет-журналдар да, электронды БАҚ-тар да жарыса жариялап келе жатқанына талай жылдың жүзі болған. Солардың арасында оқа жағалылар шашынан жұлқа ұстап, басын артқа қайырып, темір торлы көлікке тиеп жатқан жігіттің бейнесі бар. Бұл жігіт танымал актер, кино мен театрда талай рөлді сомдаған Қуандық Қыстықбаев екенін ең алғаш «Нұр Астана» республикалық газетінінің бетінде айтқан да біздің Ғаз-ағамыз болатын.
Ал Халық Қаһарманы, көрнекті режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің Желтоқсан оқиғасында алаңға шығып, қазақ жастарына қамқорлық көрсеткені белгілі. Режиссердің үйіндегі фотосуреттер мұрағатын ақтарып, Әзірбайжан Мәмбетовтің басы жарылып, көзі жасаурап, көңілі жабырқап отырған фотосуретін редакцияға Ғазиз ағамыз әкелген еді. Сөйтіп, қаһарман Мәмбетовтің суреті Ғазағаңның арқасында тұңғыш мәрте «Нұр Астана» газетінде жарияланған болатын.
Біздің буын – журналистикаға «газетчиктерге» еліктеп келген буын. Бәлкім, оларға еліктеген ең соңғы буын болармыз, себебі интернет журналистика баспасөзді басып озып, телевидение төрге шыққанын көріп отырмыз. Біз өзіміз еліктеген ағалардың әрқайсысының жазғанына қарап, табиғатын, мінез-құлқын көріп отырғандай болатынбыз. Біреуінің мақаласынан шешендігі, енді бірінен асаулығы, тағы бірінен жұмсақтығы байқалып тұратын. Ғазиз ағаның жазғандарынан тақырыпты терең зерттейтінін көреміз. Басқа журналистер жапа-тармағай жабылып жатқан «Анау әй деді, мынау бүй деді» деген сынды жөпшеңді тақырыптарды қаузамайды. Елдің ойы жете қоймаған, қалтарыста жатқан мәселелерді тауып алып, жарқ еткізеді. Елең ете қаласыз, автордың білгенін сіз де біліп, таным көкжиегіңіз сәл де болса кеңейіп қалады. Журналистің ақпарат беріп қана қоймай, оқырман санасын тәрбиелеуі деп осыны айтатын болар.
Он жылдан астам уақыт бір ұжымда еңбек ете жүріп, Ғазиз ағамыздың қаламынан шыққан құнды материалдың талайын құныға оқыдық. Биыл алпыстың асқарына шыққан Ғазиз Есембаев Қазақстан Журналистер Одағының сыйлығын, ҚР Президентінің Бұқаралық ақпарат саласындағы грантын иеленді. Қазақ журналистикасына қырық жылдан бері қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан қаламгер әлі талай тақырыптарды көтеріп, жаңа кейіпкерлерді тауып, ізбасар буынға тағылым көрсете беретіні анық.


Арнұр АСҚАР


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер