BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Таймас» журналының тұсауы кесілді (ФОТО)

Астана. 9 шілде. Baq.kz – Бүгін Астанада қазақ жастары мен жасөспірімдеріне арналған «Таймас» журналының тұсауы кесілді. Ғылыми-танымдық басылымның негізгі бағыты – еркін ойлы, танымы терең, мақсатынан қайтпайтын, өз ұлтын сүйетін, өрелі, таймас талантты жастардың жұлдызын жарқырату болып табылады. Сондай-ақ, журнал ұжымы еліміздің түкпір-түкпіріндегі арманы асқақ, рухы биік, айтқанынан айнымас, туралықтан таймас тапқыр жастардың басын қосатын ақпараттық кеңістік құруды да жоспарлап отыр. 

Бүгінгі жаһандану заманында газет, не журнал шығарып, жұртты таң қалдыра алмайсың. Қайда барсаң да қаптаған басылым. Жасыратыны жоқ, көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Тіпті, белгілі бір саяси науқан үшін ашылып-жабылатын газет-журналдар да елімізде жетерлік. Ал, шынайы оқырманы көп, бәсекеге қабілетті дүние жасап шығару кез-келгеннің қолынан келе бермейді.
Ал, бүгін қалың оқырманға жол тартқан «Таймас» журналының өз айтары бар. Жастар мен жасөспірімдер аудиториясына арналған басылым өсек-аяңнан алыс, саясатпен де шаруасы жоқ. Мақсаты – өскелең ұрпақты патриоттыққа, ғылыми ізденіске баулу.
«Таймастың» тұсаукесеріне келген мәртебелі қонақтар да журналдың болашағы зор дегенді айтып отыр.


Қалқаман Сарин, «Дарын» сыйлығының иегері, ақын:
«Еліміздегі танымал басылымдар шетінен жабылып жатқан кезде журнал шығаруды қолға алған азаматтардың ісін ерлікке теңер едім. Өйткені, қазір нарықтағы өз орныңды табу, оқырмандарыңды табу – үлкен еңбекпен келетін дүние. Ал, интернеттің соңына түскен жастар мен жасөспірімдерге осындай сапалы өнім әзірлеу қазақ қоғамына сіңірген еңбек. Қазір қаншама қазақтың жас ұл-қыздары әлеуметтік желіде бүкіл уақытын өткізеді. «Таймастың» ұжымы сол жастарды интернеттен шынайы өмірге алып кетеді деп сенейік».


Светлана Жалмағамбетова, ҚР Парламент Сенатының депутаты:
«Журналдың атауының өзі балалардың мінезін көрсетіп тұрғандай. Бала деген бір айтқанынан қайтпайтын, таймас болады емес пе?! Міне, бірінші санын көріп тұрсыздар, ішінде бірде-бір артық дүние жоқ, барлығы жастардың тәрбиесі, танымы үшін жазылған мақалалар. Дәл қазіргі таңда қазақ жастарына мұндай басылым өте қажет. Біздің балалар әкімге, не министрге қарап бой түземейді, олар қоғамның алды болып жүрген өз қатарластарына қарап дамиды. Адамның бойындағы бәсекелестіктің артатын кезі де осы шақ. Ал, «Таймас» журналында сол бой түзеуге лайықты жас дарындар жайлы көп жазылған. Алдағы уақытта да осы алған беттен қайтпайды деп тілейік».


Айта кетейік, жасөспірімдерге арналған осынау танымдық басылым екі айда бір рет жарыққа шығып отырады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер