BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Сөз патшасы» поэтикалық театры құрылады – Ұлықбек Есдәулет

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде «Сөз патшасы» атты поэтикалық театр құрылады. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет одақтың алдағы жоспарын баяндау кезінде айтты.

Оның айтуынша, жаңа театрдың көркемдік жетекшісі Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрының режиссері Бейбіт Камаранов болады.

«Театр 2019 жылдың басында ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделханның ақын Әмірхан Балқыбектің рухына бағышталған «Қасқыр құдай болған кез» атты поэтикалық драмасымен ашылады. Екі айда бір шығарма сахналанатын болады. Алдағы уақытта театрдың репертуары өзге де қаламгерердің шығармаларымен толығып отырады», - деді ол.

Алқалы жиын барысында Ұлықбек Есдәулет Қазақстан Жазушылар одағы тұңғыш рет «Азия елдері қаламгерлерінің І форумы» атты халықаралық конференция ұйымдастырғалы отырғандығын да айтып өтті.

«Біздің осы бір аса ірі жобамыз жоғарғы жақтан қолдау тауып, 2019 жылдың бюджетіне енгізілгені жөнінде вице-министр Ақтоты Райымқұловадан қуанышты хат алдық. Бұл шын мәнінде 1973 жылы Алматыда өткен Азия-Африка жазушыларының 5-конференциясынан кейінгі орасан бас қосу болмақ. Форум арқылы жаңа заманғы қазақстандық мәдениеттің әлем халықтарына кеңінен насихатталуына, рухани кеңістігіміз бен бай әдебиетіміздің жан-жақты таныстырылуына жағдай жасай отырып, бүкіл Азия әдебиетінің болашағына қатысты күрделі мәселелерді бірлесіп шешу жөнінде алғаш болып бастама көтерген мемлекет ретінде Қазақстанның халықаралық имиджінің өсуіне ықпал етуіміз керек», - деді ол.

Сондай-ақ ол, «МузАРТ» студиясында жасақталатын аудиоантологияны жазу жұмысы басталғанын және жаңа жылда жаңа күшпен жалғасын табатындығын айтып өтті.

«Бұл Қазақстан Жазушылар одағы мен «МузАРТ» студиясы арасындағы жасалған келісім бойынша барлық ақындар мен прозаиктерге берілген тегін мүмкіндік. Ақын өлеңін, прозаиктер мен драматургтер өз шығармаларын оқып, тарихқа дауыстарын қалдырады», - деді төраға.

Басқарма төрағасының айтуынша, 2019 жылы Қазақстан Жазушылар одағының жанынан сараптамалық жұмыс тобы құрылмақ.

«Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне барлық оқушыларға арналған әдеби оқулықтарға сараптама жасап, оқулықтарды Жазушылар одағының мақұлдауынан кейін ғана бекітіту туралы ұсыныс дайындап отырмыз. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы жанынан ән мәтіндерін қадағалайтын «Көркемдік кеңес» құрылады. «Көркемдік кеңес» әннің естісін елеп, ессізін електен өткізіп, қазақ руханиятының тамырына қан жүгіртіп, ұлттық идеологиямыздың жаңаша жаңғыруындағы ұстынымызды ұстап қалуды көздейді», - дейді ол.

Жиын барысында, Ұлықбек Есдәулет төрағалық міндетке келген 9 айдың ішінде Үкімет, жергілікті ұйымдар мен жалпы халықтың Қазақстан Жазушылар одағына деген көзқарасы мен пікірін өзгерте алғандықтарын айта келе, алдағы уақытта да атқарылар шаруалар шаш етектен екенін жеткізді.

«Ең маңызды істердің қатарында Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойы тұр. Осыған орай, биыл Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың қабылдауында болып, 2019 жылы Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге және осы Әдебиетшілер үйінің заманауи үлгіде жабдықталуына байланысты келісімін алып қайттық. Ол кісі тиісті орындарға тапсырма берді. Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойы қаламгерлермен қатар барша халықтың жаппай тойлайтын торқалы тойы деп білемін. Сонымен қатар «Қазақ әдебиеті» газетінің де мерейтойы. Бұл ортақ мерейтойға және рухани өмірімізге тың серпін берер қаншама іргелі шаруаларға осы отырған барлығыңыз да бір кісідей атсалысасыздар деген сенімдемін», - деді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер