BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Оуяң Ю: Қытай әдебиетін мойындамаймын

Фото: автордан

Оуяң Ю – Австралияда тұратын қытай ақыны. Сондай-ақ, аудармашы, әдебиеттану ғылымдарының докторы. Ол шығармаларын ағылшын және қытай тілдерінде жазады. Жетпістен астам жыр жинағының авторы. Біз Ю мырзамен Астанада өткен «Ақ ордалы Астана» халықаралық поэзия фестивалінде жолығып, қытай әдебиетімен қазақ әдебиетіне қатысты аз-кем пікірлескен едік, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Мен қытай әдебиетін мойындамаймын

- Оуяң Ю мырза, Қазақстанға қош келдіңіз!

- Рахмет!

- Бұған дейін Астанаға келген бе едіңіз? Әсеріңіз қандай?

Астанаға бірінші мәрте келуім. Әсер керемет. Оны қазір айтып жеткізу мүмкін емес. Мүмкін, жазу керек шығар. Мен Астананың бұлттарына таң қалдым. Бейне бір өндіріс орнынан шығып жатқандай. Бұлттарыңыз тым көп екен.

Қытайдың қазіргі жаңа замандағы әдебиеті туралы айтып беріңізші.

Біз де жоспарлы шаруашылықтан шыққан елміз. Сол кездегі жүйе әлі күнге дейін сақталған. Бірақ, қазіргі заман талабына сай жұмыс жасайды. Мен қытайдың жалпы әдебиеті туралы емес, тек ақындары туралы ғана айтқым келеді.

Мен білетін қытай ақындары екі топқа бөлінеді. Бірі мемлекет саясатының ықпалымен жазатын ақындар. Олардың өлеңдері мелекеттік ірі басылымдарда үнемі жарияланып тұрады. Ал екіншісі, халықтық сипатта жазатын тәуелсіз ақындар. Бұлардың өлеңдері ірі басылымдарда жарияланбаса да әлеуметтік желі арқылы көп тарайды. Негізі, қытай әдебиетіне, қытай поэзиясына қызмет ететін осы екінші топтағы ақындар. Мысалы, Еша, Сун деген еркін ойлы ақындар бар. Олардың бірінші топтағы ақындардан ерекшелігі, ешқашан жаттанды, шеңбердің ішіндегі, құрсаудағы жырлар жазбайды. Әлеуметтікжеліге күнде бір өлең жариялап отырады. Оны миллиондаған оқырман оқып, түрлі пікірлер жазып, талқылап жатады. Осылайшажыл бойы жариялаған өлеңдерін кітап қылып құрастырып шығарады. Ол кітаптың да сатылымы өте жоғарғы деңгейде жүреді. Қарапайым оқырманнан «қытай ақындарынан кімдерді оқисыз?» деп сұрасаңыз - сөзсіз халықтық жыр жазатын ақындардың айтады. Олардың қарапайым оқырманға ықпалы өте зор.

- Яғни, бірінші топтағылар жазған қытайдың қазіргі әдебиетін сіз мойындамайсыз ғой?

Иә. Мен қытайдың қазіргі әдебиетін мойындамаймын. Себебі, құрсаудағы әдебиет халыққа қызмет етпейді. Шектеу бар жерде кемшілік болады. Қаншама тақырыптар жазылмай жабулы жатыр. Осы тұрғыдан алып қарағанда менің өзіндік көзқарасым бар.

Орыс әдебиетінің ықпалынан шыға алмапсыздар

- Ал, қытай әдебиетімен қазақ әдебиетінің арасында қандай байланыс бар? Қазақ әдебиетімен қаншалықты таныссыздар?

Менің түсінігімде сыртқы әлем қазақ әдебиетінен бейхабар секілді. Мен Австралияда тұрамын. Әлемдегі ақындардың голландиялық интернет порталы бар. Мен сол жерден канадалық Бақкелдиев деген қазақтан басқа бір де бір қазақ ақынын таппадым. Кейін Қытайды қарап көрдім. Онда Абайдан өзге ешкім жоқ. Ал, Австралия қазақ поэзиясын Ардақ Нұрғазының бірнеше өлеңі мен бір поэмасын менің аудармам арқылы ғана біледі. Бұл дегеніңіз ағылшынтілді оқырман қазақ әдебиеті туралы білетіні аз, тіпті білмейді деп айтуға болатын секілді.

«Әлем әдебиетіне қалай шығамыз?» деген сауал біздің әдебиетшілер арасында да өте өзекті сауал болып тұрғаны рас. Бұл тұрғыда бірнеше автордың кітаптары ағылшын тіліне аударылып та үлгерді.

Бұл дұрыс қадам. Менің осында келгелі аңғарғаным, тәуелсіздік алған уақыттан бері бұрынғы орыс әдебиетінің ықпалынан шыға алмапсыздар. Сіздер әлі де әлемге сол орыс әдебиетінің көзқарасымен қарайды екенсіздер. Бұл бірінші мәселе. Егер, қазақ әдебиетін әлемге танытқыларыңыз келсе, жақын көршілермен жақсы байланыста болу керек. Мәселен, Үндістан, Қытай, Жапония секілді Азиядағы әдебиеті жақсы дамыған елдермен жақсы байланыс орнату керек. Содан кейін ағылшын тіліне аудару мәселесін жоспарлы түрде нақты мақсат қылып қою арқылы ғана қазақ әдебиетін әлемге танытуға болады.

- Енді бір өлең оқып берсеңіз.

Жаңбыр

Құйып тұр,

Жел де, желемек те жоқ,

Сіркіреп төгіліп тұр тамшылар.

Биік қабаттан емес,

Аспаннан секіріп жатқандай.

Жаңбыр осылай

Өліп жатыр ма-ай?

Менің бұл өлеңімді қазақ тіліне Ардақ Нұрғазы аударған.

- Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет!

Олжас Сәндібек


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер