BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қарағандыда «Дүниеге келер әлі талай Қасым» республикалық жыр бәйгесі мәресіне жетті

Фото: Автор

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, халқымыздың дарынды ақыны Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты жыл сайынғы жыр бәйгесі биылғы жылы республикалық деңгейде өтті. Бәйгенің бас жүлдесі 500 мың теңге қарағандылық жас ақын Жәнібек Әлиманға бұйырды.

Қарағандыда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастырумен, облыс әкімдігінің қолдауымен өткен мүшайраға еліміздің түкпір-түкпірінен ақындар жиналды. Еркін елдің жарқын жетістіктерін, өткен тарихы мен кемел болашағын қара өлеңнің құдіретімен қалың жұртшылыққа паш ету мақсатында, ақынның мұрасын насихаттай отырып, поэзияның дамуына ықпал ету, жас ақындардың шығармашылығына қолдау көрсету бағытында жыл сайын ұйымдастырылатын мүшайраға 18 бен 40 жас аралығындағы ақындар қатысты.

Жыр бәйгесіне еліміздің ақындары, жазушылары мен еңбек сіңірген қайраткерлері қазылық жасады. Олардың арасында Серік Ақсұңқарұлы, Серік Сағынтай, Ғалым Жайлыбай, Рымбала Кенжебалақызы, Жанат Әскербекқызы болды. Мүшайраның ақтық сынында іріктеу турдан өткен 17 ақын бақ сынап, үздіктер анықталды. Биыл облыс шеңберінде шектеліп қалмай, республика деңгейінде өткен ақындар сайысының жүлде қоры да қомақты. Бас жүлдені иеленген облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің журналисті, жас ақын Жәнібек Әлиман 500 мың теңгемен марапатталды. Бірінші орынды «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі Рауан Қабидолдин қанжығасына байлап, оған 350 мың теңге берілді. ІІ орын иеленген қарағандылық ақын Жанат Жаңқашұлы мен маңғыстаулық Асылбек Жаңбырбайға 250 мың теңгеден берілді. ІІІ орын алған үш ақынның әрқайсысы 150 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыймен марапатталды. Сондай-ақ, он қатысушығы ынталандыру сыйы табыс етілді.

«Дауылпаз ақын Қасым Аманжолов атындағы мүшайраға қатысу әрбір жас ақынның арманы болар. Таланттарды айқындап, жас ақындардың шығармашылығына қолдау көрсетіп, сондай-ақ Қасым ақынның мұрасын насихаттау мақсатында өтетін жыр мүшайрасының берері мол, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткізілген мүшайрада жастарды поэзияға баулу, оларды өлең әлеміне тарту басты назарда. Мүшайра жоғарғы деңгейде өтті деген ойдамын. Еліміздің әр облысынан келген ақындар Қасым атамызға арнау арнап, «Рухани жаңғыруға» байланысты өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, еркін тақырыпта, өздерінің жыр жолдарын оқып, тыңдармандарды тәнті етті», - дейді жыр додасында ынталандыру сыйын иеленген ҚарМУ студенті Ақерке Әбдікәрім.

Фотолар: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер