BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қалқаман Сарин: «Әдебиет керек пе?» деп ойлаудың өзі қате

Астана. 14 қаңтар. Baq.kz - Қалқаман Сарин – өзі қатарлы ақындардың ішіндегі танымалы. Сол үшін де өлеңге бейім іні-қарындастары, тіпті, қатысы жоқ балалар да ақын ағаларының пікірімен санасады. «Желідегі əңгіме» атты жобамыз бойынша ақынға оқушылардың өздері сұрақ қойды. ВК əлеуметтік желісінде «Ұлан – ұлағатты үнпарақ» парақшасында қойылған сұрақтардың ішінен біразын іріктеп алдық… 

Жансая Себепова: Сіздің əуелгі бағытыңыз тарих пəнінің мұғалімі екен. Əдебиетке, өлеңге қалай тап болдыңыз?

Қ.Сарин: Бойымдағы талант табиғи болған соң, тарихшы емес, бухгалтер болсам да бір күні бəрібір шығар еді.

Нұрболат Советханов: «Ақын болу құрмет, адам болу міндет» дегенді артыңыздан ерген іні-қарындастарыңызға кеңірек түсіндіріп беріңізші…

Қ.Сарин: Ақын, жазушы – халықтың, қоғамның рухани тəрбиешісі. Адам бола алмай ақын болса, ондай адамның шығармалары құнсыз, тіпті, ешкімге қажетсіз болады деп ойлаймын.

Нұрболат Советханов: Туа біткен дарын мен жүре біткен дарын деген бола ма? Осыны түсіндіріп бере аласыз ба?

Қ.Сарин: Дарын туа бітеді, жүре ұшталады.

Мейіржан Мелдеқұлов: Өзіңіз жазған өлеңдердің қайсысы жаныңызға жақын? Жазуға ауыр тиетін тақырып (не басыңыздан өткен жағдай)бар ма?

Қ.Сарин: Өлеңімнің барлығы жүректен шығып, шынайы жазылған соң, қай тақырыпта болса да туған баламдай жақын.

Аят Асқарбеков: Қай ақынды пір тұтасыз? Соңыңыздан ерген жас ақындарға көңіліңіз тола ма? Кімдерді айрықша атар едіңіз?

Қ.Сарин: Шын ақынның бағасын адам емес, уақыт пен тарих береді.

Дина Бөкебай: «Күндердің күнінде жазғандарымды өртер ме екенмін» деп қорқатын сəтіңіз бола ма?

Қ.Сарин: Ондайдан Құдай сақтасын.

Аяжан Сағиева: С.Торайғыровтың «Абайдан кейінгі ақындар – құр айғайшылдар» дегеніне қалай қарайсыз?
Қ.Сарин: Əркім өз заманына қарай ғана пікір айтуға құқылы шығар.

Нұрайна Сəулебай: Сіздің əн мəтіндеріңізді көпшілік біледі. Əнге өлең жазасыз ба, əлде өлеңіңізге əн жазыла ма?

Қ.Сарин: Екеуі де. Кейінгі кезде өлеңдеріме əн жиі жазылып жүр.

Дина Бөкебай: Көп ақындар өмірінің соңында прозаға ауысып жатады. Неге жас кезінде бет бұрмайды деп ойлайсыз? Өзіңіздің солардың қатарына қосылам деген үмітіңіз бар ма?

Қ.Сарин: Кім біледі, ұйқасы таусылып, сөйлеммен жазатын болар(күліп).

Назым Сапарова: Шабыт деген нəрсе бар ма? Кейбір ақындар шабыт болса ғана жазамын дейді. Сіз қалай, қандай көңіл-күйде жазасыз?

Қ.Сарин: Адам не істесе де шабыт керек.

Айкөркем Талапова: Əдебиет не үшін керек? Əдебиеттегі ұстанымыңыз қандай? Əдебиет үшін қай дегеніңізге жеткіңіз келеді?
Қ.Сарин: Əдебиет – бағасыз, құнсыз дүние. Оны бізге дейін де жазды, зерттеді. Əдебиет сонау сұрапыл соғыс жылдары да тоқтап қалған жоқ. Əдебиетіміз өзге елге тəуелді болып отырғанда да дамыған. Тəуелсіз ел болып, етек-жеңімізді жинап, бейбітшілікте өмір сүріп отырып, «əдебиет керек пе?» деп ойлаудың өзі қате. Біздің басты міндет – ұлттың рухани азығын суалтпай, алтын қазығын жоғалтпай түгендеп отыру, шамамыз келгенше үлес қосу жəне ертеңгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру. Сондықтан, əдебиет керек. Əдебиеттегі ұстанымым – адамдық ұстанымым. Тек қана шынайы болу, шындықты жазу.

Дайындаған Асылан ТІЛЕГЕНОВ
(«Ұлан» газеті, №1, 5 қаңтар 2016 жыл)
Дереккөз: zhasorken.kz 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер