BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Б.Сегізбаев: Ақындар өлең жазғанда абай болса екен

 АСТАНА. 22 желтоқсан. BAQ.KZ - Уақыт өте келе бұрынғы жазған дүниелеріңе көңілің толмай, оның кейбір кемшін тұстарын көресің, оны түзегің келеді. Ел байқамағанды бірінші өзің байқайсың не байқамауың да мүкін... Өткеніңе, жазғаныңа шолу жасайсың. Әрине, қателік – пенде баласына тән екенін түсінесің. Ал оны жөндеу – жазылмаған заңдылық екенін ұғу екінің біріне бұйыра бермейді...

 «Әй, қойшы» деп те ойлауың мүмкін. «Ол өткен күннің қателігі, ендеше, оны түзеудің керегі шамалы» деуің де ғажап емес. Ал өткеніңе қайырыла алмауыңның себебі неде? Әлде, ақындық тағыңнан түсіп қаласың ба? Немесе, бұл қандай да бір атақ-дәрежеңе кесірін тигізе ме? Олай ойласақ, қателесеміз.
«Болған жігіт болдым демес, болдым десе болғаны емес» деген сөздің мәнісі тереңде жатса керек. Болып-толдым, жазып тастағандарымда мін жоқ, оған тағар сын жоқ деп ойлау - өзіңді өзің тұйыққа тіреу...
Әлемге аты әйгілі небір қаламгерлердің жазған шығармаларына өздерінің де көңілі толмаған. Соның бірегейі – Толстойдың да ел мақтаған дүниелеріне көңілі еш толған жоқ. Ол турасында сыншы Амангелді Кеңшілік былай деген: «Қаламының сиясы таусылғанша мәтінмен жұмыс жасап, өзі түгіл, әйелін де шығармасын қайта-қайта көшіртуден зорықтырып жіберген Толстой әр детальдің шынайы және өмірдегідей шыншыл болып өрнектелуіне аса зор мән беріп, бір жазғанын мың мәрте өзгертіп, шығармашылық шеберханасында тер төгіп, күні-түні тыным таппай еңбек етті» («Аңыз адам», №19, 2014, А.Кеңшілік «Толстой – біздің ар-ұятымыз»).
«Қателеспейтін жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Мойындау – ерлік. Түзету – ұят тірлік емес.
Және бір жазғанын толықтырудан танбайтын қаламгерлер қазақта жоқ емес, Құдайға шүкір.
Мәселен, Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен тер» романын әлі күнге дейін өзгертумен, толықтырумен келеді...
Күләш Ахметованың «Жақсылықтың бағасы» атты өлеңінің:
«Бір шумақты баптау үшін
Он шумақты өшірдім», - деген жолдарында түсінгенге терең мән жатыр.
Ал енді осындай ізгі қасиет бүгінгі жас ақын-жазушыларда бойында бар ма? Енді соған келейік.
Қалқаман Сарин «Алланың бары ақиқат» деген өлеңіндегі:
Оқысаң Құран тәп-тәуір,
Жаныңның жалғыз емшісі.
Адамның бәрі жат бауыр,
Заманның сол ғой кем тұсы, -
деген шумағын өзгертті ғой. Ақындығы Ардан биік болса ол бұлай жасамас еді деп ойлаймын. Ақын жоғарыдағы біз мысалға келтіріп отырған өлең жолдарын кейін былай деп өзгерткен:
«Алладан басқа жоқ Тәңір,
Мұхаммед - Оның елшісі».
Соны айтып жаннат баққа кір,
Иманың – жанның емшісі.
Болуы қиын Хаққа құл,
Ібіліс болса көршісі.
Адамның көбі жат бауыр –
Заманның жалған кем тұсы».
Бұл - басқа ақындарға да үлгі боларлық іс. Сөйлегенде абай болу керек деп жатамыз ғой, жазғанда да абай болғанға не жетсін. Әрине, елдің бәрі мұсылманшылық ілімі озық хәкім Абайдай емес.
Діни түсінігімізге теріс келіп қалып жататын сөздер Маралтай Райымбекұлының өлеңдерінде де кездеседі. Мысалы, оның:
«Құдай іші пысқаннан соң ғаламды,
Жасай салып ойыншық етті-ау адамды» («Кентавр» жыр кітабы, Алматы, «Жалын» баспасы, 2008, - деуі дұрыс па? Әрине, дұрыс емес.
«Қарсы тұру, қиын, рас Құдайға,
Дегенменен жасау керек бір айла» (46-бет), - деп жырлауы да ерекше пафосқа ие шығар, алайда бұл шамырқанған шайырдың шектен шығуы.
«Адам мүмкін (күбірлейді жалған үн
Бітпей қалған мүсіні деп Алланың)» («Сот», 41-бет), - дегенінде сол күбірлеп тұрған жалған үн – сайтанның сыбыры екені түсінікті, Алланың кереметіне шәк келтіруге жол ашатын мұндай сөздерді айтудан сақ болғаны жөн еді ақынға.
«Лә иллаһа ил Аллаһ», «Аллажар», «Азғыру», «Мұсылман», «Молданың монологы» сияқты тамаша өлеңдер жазған Алмас Темірбайдың «Бір түйір тас» деген өлеңіндегі кейбір бір жолдарды оқып отырып оны осы автор жазды дегенге мүлдем сенгің келмейді...
Осы өлеңінде:
«Есім кетіп, мең-зең болып тұрамын,
Ескерткіштің тұғырының қасында», - деп жырлап отырған ақын әрі қарай:
«Құдай білсін, не құдірет екенін,
Құлпытасқа (құрып қалғыр!) құмармын», - дейді. Яғни, ақын бұл жерде бір ойдың ішінен тағы бір ой тудырып тұр. «Құлпытастан тұрам кейде шошынып» деуі соның дәлелі. Ескерткіш пен құлпытасты қатар алып дамытып жырлайды. Тасбауырлықтың, тасжүректіктің қайдан бастау алып жатқанына үңілгісі келеді. Ортаға сұрау тастайды. Сол тасбауыр қоғамның бір мүшесі Құдайға қалай тіл тигізіп алады? Абайсызда Жаратушысының қай затты да жаратардағы мінсіздігіне күмән келтіргендей бір күпір сөз айтып қалады.
Ол сөз мынау:
«Алла Адамды жаратқанда балшықтан,
Бір түйір тас кетті ме екен қосылып?..» («Автопортрет» жыр кітабы, Алматы, «Үш Қиян» баспасы, 2007, 33-34-бет).
Жалпы, ақындарды «мұның бәрі бұрын жазылған өлеңдер еді» деп ақтап алуға да болады. Бірақ дәл осы өлеңдер қазіргі шығып жатқан кітаптарында жарияланып жүр ғой, мәселе сонда.
Жоғарыда біз сөз еткен қайта толықтырулар, «бір жазғанын мың мәрте өзгертіп» қайта қарап шығу дегеніміздің бір парасы осында жатыр. Адам санасы дұрыс соқпаққа түскен соң, қаламгер кемшілігін мойындап қана қоймай, оны дұрыстауы да керек қой. Сонда ғана кемел ойдың биігінде тұрмағымыз ақиқат.

 

Бауыржан Сегізбаев

 

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер