BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Амангелді Кеңшілікұлының «Қазақты сүю» атты шығармашылық кеші өтті

Астана, BAQ.KZ. «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында белгілі көркем әдебиет сыншысы, публицист Амангелді Кеңшілікұлының «Қазақты сүю» атты шығармашылық кеші өтті.

Қаламгердің 50 жылдық мерейтойына орай өткізілген іс-шараға еліміздің зиялы қауым өкілдері, белгілі ақын-жазушылар және қоғам қайраткерлері қатысты. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев кешке арнайы барып, мерейтой иесін құттықтады.

Кешті танымал сатирик-жазушы Көпен Әмірбек жүргізді. Алғаш болып құттықтау сөз алған Мәулен Әшімбаев өз әкесі Сағат Әшімбаев пен той иесінің әкесі Кеңшілік Мырзабековтің арасындағы достыққа тоқталды. Сондай-ақ ол Амангелді Кеңшілікұлының қазақ әдебиеті айдынындағы орны ерекше екеніне назар аударып, әдеби сыншылық аясы кең өнер екенін тілге тиек етті.

«Амангелді Кеңшілікұлы әке ізін лайықты жалғап, қазақ әдебиетінде өзіндік орны мен қолтаңбасын қалыптастырған қаламгер. Оның сын жанрындағы еңбектері мен эсселері өзінің терең мазмұнымен оқырмандарды қалың ойға жетелейтіні сөзсіз. Өкінішке қарай, қазір қазақ әдебиетінде сыншылық жанры бұрынғы деңгейінен төмендеп кеткені жасырын емес. Кезінде Мұхамеджан Қаратаев, Серік Қирабаев сияқты үлкен жазушыларымыз қалыптастырған дәстүрді бүгінде санаулы жандар ғана жалғастырып келеді. Бүгінгі мерейтой иесі солардың бірі де бірегейі деп ауыз толтырып айтуға әбден болады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар сахна төріне белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, бүгінгі қазақ әдебиетінің қайнар бұлақтары Төлен Әбдік пен Қажығали Мұханбетқалиұлы бастаған қаламгерлер шығып, өздерінің ақжарма тілектерін арнады.

Айта кетейік, Амангелді Кеңшілікұлының мерейтойы республикалық көлемде аталып өтуде. Бұған дейін Атырау, Қостанай, Түркістан облыстарында арнайы кештер ұйымдастырылып, оқырмандарымен кездесті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
17 Қаңтар 2019, 16:34
Бозарып тағы таң атты
Пікірлер