BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Абайдың тұңғыш кітабы һәм келешек мәселелер

Абайдың тұңғыш кітабы – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның тікелей атсалысуымен 1909 жылы Петербургте Бураганский баспаханасында басылып шыққаны белгілі.

Сол тұңғыш туралы Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы жарияланған «Қазақтың бас ақыны» («Қазақ», №43) атты мақаласында:

«Абайдың сөздері 1909 жылы кітап болып шықты. Бірақ жұртқа тарамай жатыр», - деп өкініш білдіретіні бар. Яғни, бұл Абай кітабы шыққаннан соң – 4 жылдан кейінгі мәселе. Ал ендігі мәселе – арада 12 жыл өткенде бұл кітап тарамақ түгілі, тіпті табылмай да қалады. Бұл жайында ғалым Телжан Шонанов:

«Қазақстан ағарту комиссариаты жақында құрылған жазушы-бастырушы комиссия ұлт әдебиетін жинап бастырғанда ең әуелі «Абай» сөзін бастырар деп сенеміз. Олай етпесіне болмайды. Абай кітабы бұл күнде «Зубрь» тәрізді өте-өте сирек қалды. Ол сирек қалған жалғыз-жарым нұсқаларының тозып, жыртылғаны енді аз мезгілде Абайды қолға түсіре алмасқа кәдік. Мәселен, бүкіл Бөкей губерниясында тіпті ұлт әдебиетімен шұғылданып жүрген адамдардың қолында Абайдың өз нұсқасы жоқ. Бүтін Арғын уезінде Абайдың бір нұсқасы бар. Оны да әркім жасырып алып кетіп, иесі ізімен іздеп, зорға жазып алады... Қарауыл уезін бастан аяғын екі рет сүзіп шыққанда, бір-ақ адамда бар болып шықты. Бүтін уездерде осылай. Бұған қарағанда Абай кітабының нұсқалары жоғалуға айналғаны білінеді» («Ақжол», №69), - деп дабыл қағады.

Осы жылы (1921 ж.) ақын Бернияз Күлеев те «Абай кітабы басылатын болды» атты мақаласында:

«Абайдың біз көріп жүрген өлеңдері бұдан он екі жыл бұрын 1909 жылда Петерборда Бураганскийдің баспаханасында басылған 125 беттік кітап. Баспасы баспа емес, сөздері жаңылыс, түрі сүйкімсіз, о да болса, бірен-саран аз ғана кісінің қолында болар. Біреуден біреу Құдай ақына қарызға алып оқығандай. Көп кісі Абайдың атын есітіп, сөзіне құмар болса да, осы жарымжан кітапты да қолына түсіре алмай жүр. Бұл кітап осы күні көзден бір бір ұшып барады» («Ақжол», №86), - деп Абай кітабының жоғалуға айналғанын, оны қайтадан шығарайын деп жатқандығынан хабар береді.

Ал бұл күні Абайдың тұңғыш кітабын табудың өзі мұң. Тіпті мүмкін емес. Өйткені «Ол кітаптың тиражы бір-ақ мың дана» (С.Мұқанов «Жарық жұлдыздар», Алматы, Санат, 1995, 257-бет). Тек мемлекеттік кітапхана, мұражайларда бірді-екілі данасы ғана бар. Ертең осы азымыздан да айрылып қалмас үшін Абайдың тұңғыш кітабын тарихи-мәдени мұра ретінде мемлекеттік-ұлттық қорғауға алатын уақыт жетті.

«Тұңғыш жинақ – мәдени, әдеби өміріміздегі ірі оқиға, қайталанбас құбылыс. Ғасыр өткенімен құнын жоғалтпайтын, уақыт озған сайын бағасы артып, өлшеусіз қазынамызға айнала беретіні сөзсіз» (А.Еспенбетов «Шығармалары». 2-том. Астана. «Фолиант». 2014. 13-бет).

Сондай-ақ, бірінші кітап – «...бір сәт те жібі үзілмеуге тиіс текстологиялық ізденістер жүргізуде әдебиетші қауымның қолынан түспейтін маңызды еңбек» (А.Еспенбетов «Шығармалары». 2-том. Астана. «Фолиант». 2014. 13-бет).

Әрине, маңыздылығы жоғары. Алайда әдебиетшілердің қолында бұл түпнұсқа кітап атымен жоқ. Тек мардымсыз данамен шыққан факсимилелік нұсқасы ғана бар. Ол – Абай шығармаларының алғашқы жинағы жарық көргеніне 100 жыл толуына орай ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бірлесіп әзірлеуімен 2009 жылы шыққан болатын. Әрине, зор еңбек!

Бірақ бір өкініштісі сол - Ресей патшалығы заманында Абай кітабы 1000 данамен шығады. Ал біз 1 ғасырдан кейін Тәуелсіз мемлекет төрінде отырып хәкімнің тұңғыш кітабының тұңғыш факсимилелік нұсқасын 500 данамен әзер дегенде шығарып отырмыз. Жылайсыз ба, күлесіз бе?! Оны да кімдердің қолынан табарсыз?! Сондықтан да алдағы уақытта араб қарпіндегі Абай кітабының факсимилелік нұсқасын қайтадан еселеп шығару керек-ақ.

Ал Абай кітабының соңғы академиялық басылымының шыққанына – 22 жыл толады. Ол да данышпанның 150 жылдық тойына орайластырылып асығыстау шықты. Тиражы – небәрі 7 мың, бүгінгі күні ол да таптырмайды. Біз мұндай ірі жобаларды тек әдебиетшілерге ғана арнап шығаратындаймыз, ал оқырман халық ше?! Ауыл-ауылдағы жұрт ше?! Осы күні Республикамызда 12 мың кітапхана бар, бірақ бұл 7 мың дана солардың жартысының жартысында да жоқ деген сөз, бұлай дейтін себебіміз – 1995 жылы шыққан 7 мың кітаптың біраз бөлігінің мерейтойға келген қонақтарға, қаламгерлерге үлестірілгенін де естен шығармауымыз керек.

Маңдай алды классигіміздің академиялық жинағын әлі күнге дейін 100 мың данамен шығара алмауымыз – ұлттығымызға ұят, мемлекеттігімізге мін. Нағыз жаңғыру – Абай. Абайсыз рухани жаңғыру – мүмкін емес. Ендеше, ең алдымен Абайды қолға алайық. Сонда ғана «халық пен Абайдың арасы күшті махаббатпен жалғасар» (М.Дулатов). Сондай-ақ, Міржақыптың: «...мұнан кейін де шығатын Абайлар сондай ескерусіз ұмытылу ықтималы – қазақтың жоғалуы, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей», - деген сөзін жадымыздан бір сәтке де шығармауымыз керек.

Өйтпеген күнде – тағы да Міржақыптың сөзімен айтқанда «Абай сынды ақынның қадірін білмеу – қазақ халқының зор кемшілігін көрсетуге толық жарайды».

Бауыржан Берікұлы


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер