BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 377.33 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.92
Астана:

Астанада ең алдымен қай аудандарға газ жеткізіледі?

Фото: интернеттен

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев халық алдында есеп беру кездесуінде Қазақстанның солтүтік және орталық өңірлерін газдандырудың бірінші кезеңі 2019 жылдың желтоқсан айына дейін аяқталатынын мәлім етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бозымбаев газ өнеркәсібін дамыту және газдандыру мәселесі министрліктің күн тәртібіндегі маңызды салалардың бірі деп атап өтті.

«Елді газдандыру деңгейі шамамен 47,4% құрайды. 1300-ден астам елді мекен газға қол жеткізді. Республикалық бюджеттен газдандыруға жыл сайын шамамен 13 млрд теңге бөлінеді. Бүгінде 16 өңірдің ішінде орталық және солтүстік өңірлер ғана газдандыру схемасы техникалық шектеулерге байланысты тыс қалып отыр», - деді Энергетика министрі.

Ол Елбасының бес әлеуметтік бастамасының арқасында Астана, Қарағанды, Ақмола облыстарын газдандыру мәселесі шешілетінін айтты.

«Биыл шілде айының басында Сарыарқа магистральдік газ құбырының салтанатты ашылуы жоспарланып отыр. «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша құны шамамен 267 млрд-тан астам теңгені құрайтын бірінші кезең 2019 жылдың желтоқсан айына дейін аяқталады. Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласы әкімдіктері магистральді газ құбыры мен аймақтық желілер құрылысы мерзімін ескере отырып инфрақұрылым құрылысы үшін жол картасын әзірледі. Бірінші кезеңде газ құбыры бойынша 171 елді мекен, 2,7 млн адам газбен қамтамасыз етіледі. Елорда тұрғындары үшін ең алдымен газды «Көктал-1,2», «Железнодорожный», «Юго-Восток» аудандарына және 1,2 ,3 жылу электр станцияларына жеткізу жоспарланып отыр», - деді министр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер