BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Әшімбаев: «7-20-25» - қазақстандықтардың өз баспаналарына қол жеткізуіне үлкен септігін тигізіп отыр

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелерімен бірге Астана қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Сондай-ақ ол аталған Кеңестің отырысына қатысты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Алдымен Мәулен Әшімбаев пен Кеңес мүшелері «Millennium Park» тұрғын үй кешенінде болды. Себебі, онда «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болған отбасылары тұрады. Солардың бірі жас отбасы Азамат пен Жанар Астанаға Балқаш қаласынан көшіп келген. Бір жыл бойы пәтер жалдап тұрған олар, мемлекеттік бағдарлама арқылы өз пәтерлеріне қол жеткізгендеріне ерекше қуанышты. Олардың айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы бойынша ай сайынғы төлем пәтер жалдаған кездегі ақыдан аспайтын көрінеді.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары жас отбасын құттықтап, бұл Елбасы бастамаларының нақты нәтижесі екенін айтты. Сондай-ақ ол бес әлеуметтік бастамада көтерілген мәселелердің барлығы Астана үшін өте өзекті екеніне назар аударды.

– Астана – еліміздің бас қаласы. Уақыт өткен сайын жан-жақты дамып, тұрғындар саны да артып келеді. Бүгінде елордамызда 1 миллионнан астам халық тұрады. Сондықтан Астана үшін баспана ең өзекті мәселелердің бірі. Осы ретте Елбасының бес әлеуметтік бастамасы, соның ішінде «7-20-25» бағдарламасы бұл мәселені шешуге және қазақстандықтардың өз баспаналарына қол жеткізуіне үлкен септігін тигізіп отыр. Сол себепті бағдарламаға халық, соның ішінде астаналықтар көбірек қатысып, мүмкіндікті мүлт жібермеуі керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары аталған бағдарламаның құрылыс өндірісінің жаңаша қарқын алуына да жол ашқанын, сол арқылы ел экономикасының дамуына ықпал етіп отырғанын тілге тиек етті.

Сәулеті ерекше жаңа тұрғын үй елордамыздың дәл жүрегінде – «Қазақ елі» алаңында орналасқан. «Millennium Park» кешенінің әкімшілік ғимаратында ірі компаниялардың кеңселері, білім беру орталықтары, спорт және балалардың шығармашылық үйірмелері, инфрақұрылымдық тұрмыстық нысандар, химиялық тазалау, тігін ательесі, шеберханалар орналасқан. Ал үйдің дәл іргесінде қалалық саябақ пен бірқатар мектеп орын тепкен.

«7-20-25» бағдарламасының операторы «Баспана» ипотекалық ұйымының мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 шілдеден бастап Астанада жалпы сомасы 12,7 млрд. теңгені құрайтын 840 өтінім қабылданған. Оның ішінде 8,8 млрд. теңгені құрайтын 584 өтінім мақұлданды. Бұл шамамен бүкіл еліміз бойынша қаралған және мақұлданған өтінімдердің үштен бір бөлігі.

Бұдан кейін делегация «Жоғары білім берудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасын іске асыруға қатысушы «Әл-Қуат» хостелінде болды. Кешен директоры Гүлжанат Маусымбаеваның айтуынша, 400 орынға арналған бұл хостел 2015 жылы ашылған. Оның жалпы ауданы – 5 мың шаршы метрді құрайды. Яғни мұнда 90 бөлме, 150 орындық асхана мен 120 орындық мәжіліс залы бар. Нәтижесінде хостел арқылы «Әл-Қуат» компаниясы 18 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Бөлмелерді аралап, студенттерге жасалған жағдаймен танысқан делегация Астанада 35 колледж бар екеніне және оларда 26 мың студент білім алатынына назар аударды. Олардың 2 мыңнан астамы жатақханамен қамтамасыз етілмеген. Осы ретте қалада ЭКСПО халықаралық көрмесінен кейін босап қалған жалпы қоры 9 000 орын болатын 100-ге жуық қарапайым қонақ үйлер мен хостелдер бар екенін ескерген жөн.

Студенттерді жатақханамен қамту да Астана үшін аса маңызды мәселе екені белгілі. Тіпті бүгінде елордада жоғары оқу орындары мен колледждердің 16 мыңға жуық студенті жатақханаға мұқтаж. Осы мәселені шешу үшін қалалық әкімдік ЭКСПО халықаралық көрмесінен кейін бос қалған хостелдерді уақытша жатақхана ретінде пайдалануды қолға алған. Бұл әрине пилоттық жоба. Яғни алдағы уақытта жаңа жатақханалар салынады. Бірақ соған дейін студенттер осындай орындарда тұрмақ.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары мұндай қадамның тиімді екенін айтты.

– Жатақханаға айналған хостелдерде студенттердің сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Сондықтан осындай қадамды студенттерді жатақханамен қамтудың нақты әрі тиімді жолы деп деп айтуға толық негіз бар. Тіпті Астананың бұл тәжірибесін басқа да өңірлерде қолданудың берері мол деп есептейміз. Осылайша Елбасының бес әлеуметтік бастамасы бас қаламызда сәтті жүзеге асырылуда. Бастамалардың әрі қарай да уақытылы және сапалы орындалуы үшін «Нұр Отан» партиясы қоғамдық бақылау жұмыстарын жалғастыратын болады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының басқа да бағдарламалары мен бастамаларының жүзеге асырылуына партия өз үлесін қосады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Жұмыс сапары барысында аталған топ Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университетіне барды. Негізі 1957 қаланған оқу орнының құрамында 12 – оқу корпусы, 314 – аудитория, 220 – мамандандырылған оқу-әдістемелік зертхана, 64 – компьютерлік сынып, 14 – қоғамдық тамақтану орны және 7 жатақхана бар. Бүгінде мұнда еліміздің әр өңірінен келген 12 881 студент білім алуда. Сондай-ақ университеттің 2012 жылдан бері «ТОП 800» әлемдегі ең үздік жоғарғы оқу орындарының қатарына енетінін атап өткен жөн.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов және партия Астана қалалық филиалының төрағасы, Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов аталған жоғары оқу орнында өткен Елбасы бастамаларының елордада жүзеге асырылу барысы туралы отырысқа қатысты.

Жиында Мәулен Әшімбаев қала бойынша атқарылған жұмыстарға бағасын беріп, бес әлеуметтік бастаманы одан әрі тиімді жүзеге асыруға қатысты ұсыныстарын айтты.

– Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізіп, халықтың әлеуметтік бастамалардың игілігін молынан көруді қамтамасыз етуіміз қажет. Осы жолда республикалық және өңірлік кеңестер белсенділік танытқаны абзал, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Өз кезегінде қала әкімі Бақыт Сұлтанов елордада бес әлеуметтік бастаманы іске асыруға арналған нақты жұмыстар қолға алынғанын жеткізді.

– Халықты баспанамен қамтамасыз ету, жалақысы төмен азаматтарға салықтық жеңілдіктер жасау, жастардың сапалы білім алуы үшін жатақханалармен қамту және ынталы адамдардың кәсіпкерлікпен айналысуына қолдау көрсету әкімдік жұмысының басым бағытына айналды. Сол арқылы жастардың өз тағдырын Астанамен тығыз байланыстыруына тың мүмкіндіктер туып отыр. Сондықтан Елбасы айқындап берген бастамаларды сапалы әрі уақытылы орындау үшін бар күш-жігерімізді салып жұмыс істейміз, – деді Бақыт Сұлтанов.

Айта кетейік, осы жылдың 5 наурызында өткен Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын қоғамдық бақылауды және халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді «Нұр Отан» партиясына тапсырған болатын.

Бұл жөнінде Елбасы: «Бастамалардың айрықша маңызды екенін ескерсек, оларды тиімді жүзеге асырудың жолдары кеңінен талқылауды қажет етеді. Халық пен бизнес өкілдері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу де маңызды. «Нұр Отан» партиясы халқымыз үшін айрықша маңызы бар осы шаралардың тиянақты орындалуын бақылауға алады», – деген еді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер