BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

2019 жылы субсидия ұсыну процесі толығымен автоматтандырылады – вице-министр 

2019 жылдан бастап ауыл шаруашылық саласында субсидия ұсыну процестері толығымен автоматтандырылады. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Ауыл шаруашылық министрлігі мемлекеттік қызмет көрсету процестерін атоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Бүгінгі таңда жалпы субсидиялар 14 бағытта іске асырылып жатыр. Соның ішінде, тыңайтқыштарға субсидия төлеу толық автоматтандырылған. Бүгінде онлайн түрде 18,2 млрд теңгеге 20 мың электронды өтінім тапсырылып, 17,1 млрд теңге көлемінде субсидия төленді», - деді Евниев.

Вице-министр атап өткендей, таяу уақытта дайындық жұмыстарын жүргізгеннен кейін егін жинау жұмыстарын жүргізу секілді процестерге арналған тауарлық-материалдық құндылықтардың құнын субсидиялауды автоматтандыру да жоспарланып отыр.

«Жалпы, барлық 14 субсидия түрі 2018 жылдың соңына дейін автоматтандырылатын болады. Техникалық жағынан да, нормативтік жағынан да арнайы нормативтік-құқықтық базасы құрылып, 2019 жылдан бастап барлық субсидиялар автоматтандырылған түрде ұсынылатын болады. Орта есеппен алғанда субсидия беру мерзімі екі жарым есеге қысқарады. Яғни, субсидия алу процесі қағаз жүзінде жүргізілген уақытта аталған мерзім 18 күнді құрайды», - деді спикер.

Евниевтің айтуынша, субсидия ұсыну процестері автоматтандырылғаннан кейін бұл мерзім ең ұзақ дегенде 7 күн шамасында болмақ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұл бастамасы негізінде реформалау жүргізілсе, субсидиялардың қазіргі 54 түрінен 34-і қалады. Министрлік тарапынан сонымен бірге - несиеге кепілдік беру жүйесі жетілдіріліп, 2019 жылдан бастап кіші және орта бизнес өкілдері қажетті соманың 30% дейін ала алады. Бұл - кепілдікке қоятын активі жетіспейтіндерге де қатысты болмақ.

«Процестерді автоматтандыру арқасында тауар өндірушілер шенеуніктермен, субсидия ұсынатын органдармен тікелей кездеспейді. Сол сияқты, неше түрлі комиссия құрылмайды, субсидия алу нысанының сапалы-сапасыздығы, орындалған-орындалмағанына қандай да бір тексеру жүргізілмейтін болады. Кезек күтудің қажеті жоқ. Тек, өтінімін уақытында ұсынса жеткілікті», - деді министрдің бірінші орынбасары.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер