BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Экспо-2017» көрмесіне қандай құндылықтарымызбен барамыз?

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне ғылыми-техникалық жетістіктерімізден басқа қандай құндылықтарымызбен барамыз? Ұлттық тұлғамызбен, ұлттық салт-дәстүрімізбен, ұлттық бай мәдениетімізбен таныламыз ба? Миллиондар Астанаға жиналатын, миллиардтар ақпарат құралдары арқылы қадағалайтын жаһандық жиында қазақ халқын жан-жақты таныту ойластырылған ба? Ұлттық өнер қаншалықты деңгейде дәріптеледі? Ұлттық дастархан қандай дәрежеде қадірленеді?
Төрткүл дүние тоғысатын айтулы көрмеде осының бәрі маңызды. Сәті түсіп тұрғанда алыс-жақынға қазақ деген ежелгі ел екенімізді, мыңдаған жылдық қалың тарихымыз, жерін жүдетпеген, елін еңкейтпеген ұлағатымыз бар екенін паш етейік. «ЭКСПО-2017» көрмесінде қазақ өнері мен тағамының ұлттық павильонын ұйымдастырайық. Онда қол өнері мен дастарханының інжу-маржандары дәріптелсін. Миллиондаған меймандар көрмені аралап жүріп те, қонақ үйлерде тынығып жатып та сауға қуат, ауруға ем-дәрі қымыз бен шымыр-шымыр қайнаған шұбатқа шөлін қандырсын. Сарыала қазыға тамсанып, бал қаймақ бармағын жалатсын.
Қазақ әлемі елді осылай үйіріп алуы үшін алдын ала қам жасалып, республиканың барлық өңірлерінде байқаулар өткізілгені, қол өнерінің шеберлері мен ұлттық тағам майталмандары анықталғаны, оларға төл туындыларымен және өнімдерімен көрмеге қатысуға жолдама берілгені жөн.
Мақсат біреу – көрме күндерінде қымыз бен шұбатты қазақ халқының ұлттық брендіне айналдыру. Сол арқылы оларды халықаралық патентпен бекітуге қол жеткізу.
Қазіргі таңда қымыз бен шұбаттың қадірін білген елдердің қатары көбейіп келеді. Израиль, Сауд Арабиясы, Ресей, Түркия, Канада, АҚШ, Германия, Қытай мен Монголия сары қымызды сапырып ішпесе де, таңдай қақтырып тамсанып ішетін деңгейге жетті. АҚШ-тың шұбат өндірушілері осы зәру асқа арналған дара заң қабылдауды ойластыруда. Ресейдің мұндай заңның қызығын көргеніне он бес жылдың жүзі болды. Неміс қымызшылары бие сүтінен дәрі-дәрмек, балалар тағамын, опа-далап жасап, Еуропаға таратуда. Осы шаруаны Германияда алғаш қолға алған кәсіпкер Ганс Цоллманн жылқы мен қымыздың отаны – қазақ елімен іскерлік байланыс орнатып, бірлескен жобаларды бірге атқарғысы, қымызды қазақтың атынан әлемге танытқысы келеді.
«ЭКСПО-2017-дегі» ұлттық өнер мен ұлттық тағам павильонына шетелдердегі осындай кәсіпкерлерді де шақырайық. Өнімдерін әкелсін, емін-еркін көрсетсін. Қазақ жеріндегі әріптестерімен сұхбаттасып, іскерлік байланыс орнатсын. Солар арқылы қымыз бен шұбат өндірушілердің халықаралық ұйымын құрып, керегемізді кеңейтейік. Қазақ жерінде алғаш рет өткелі отырған жаһандық беделге ие көрмеде дәл осылай жасауға міндеттіміз. Бұл біздің ұлттық парызымыз.
Өткен ғасырдың бас кезінде Парижде өткен ЭКСПО-да атақты Әміре арқылы қазақ әні әлемді таң қалдырса, Астана көрмесі ұлтты, оның өнері мен дастарханын жаһанның жанарында жайнатсын.  

Пікірлер