Христиан дінін қабылдаған қазақтарға көмек көрсету туралы ерекше нұсқау
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Христиан дінін қабылдаған қазақтарға көмек көрсету туралы ерекше нұсқау

Қысқасы шоқындырудан бұрын ислам дініне жоғарыдағыдай шектеулер қойылған. Алда-жалда балаларын өз бетінше оқытқан қазақтарға бірінші жолы 10 сом, екінші жолы 30 сом айып салып, үшінші жолы 5-15 тәулік мөлшерінде түрмеге отырғызу туралы үкімі шыққан.

Осының өзін көп көрген И.Мельников дейтін шовинист заңды бұдан да қатайтып, қазақтың құқын мүлдем жоюды талап етіп, мәртебелі патша ағзамға хат жазып, қазақтар арасында қалыптасқан ислам дәстүрін заң арқылы тас-талқан етіп, оларға өмір сүрудің еуропалық тәсілін енгізуді ұсынады. Далалық мәдениетті әлсіретуге еуропалық отырықшы тұрмыстың қажет екенін шовинистер жақсы білген.

Еуропалық қитұрқы тәсілді қазақ өміріне енгізген соң дейді отарлаушылар: «істі жолға қойып, миссионерлер жіберуіміз керек, олар қазақтарға ұстанған дінінің дұрыс емес екенін, Иса пайғамбардың діні дұрыс екенін, сонымен қатар патша ағзам қандай дін ұстанса, оның құзырындағы бұқара да сол дінге кіруі керек екендігін, дәлелдеуге тиіс» дегенді айтады.

Поптар мен жат діннің оқымыстылары жандармерия-ның міндеттерін атқарды, кей тұста соттың орнын алмастырды. Діни уағыз бен жазалау әрекетінің арасында шек қойылмады. Мұны христиандық отарлау саясатының маманы В.Говитт жан-жақты талдай келіп: “Отарлаушылардың шеңгеліне іліккен мұсылман діндегілер мен бөтен нәсілділерге христиандықтардың көрсеткен тағылығы бұрынды-соңды болған қырғын-топалаңнан асып түсті”, – деп жазады.

Отаршыл әкімшілікпен біте қайнасып, “жандармерияға айналған” миссионерлер мен қайырымды поптар қатыгездікті қатар тұрып жасады. Жұрт Ғайса пайғамбардың дінінен емес, шіркеудің шермиген попынан сескенді. Зады, жаугершілік те, миссионерлік жорық та, отарлау саясаты да сол зорлықшыл Ресейдің бет-бейнесін, ішкі мәдениетін, даму дәрежесін көрсетіп тұрды.

Ғалым Тұрсын Жұртбай «Күйесің, жүрек… сүйесің…» атты зерттеу еңбегінде, қазақ даласына жүргізілген шоқындыру ісін жан-жақты зерделей отырып, орыстар қолданған мына бір мәліметті айтады: “…Қазақтардың атынан бізге шоқындырушы, уағызшы қажет деген арыз ұйымдастыру керек. Бұл міндетті орындауға жіберілген адам (уағызшы) қазақтардың барлық талаптарын орындауға, көмектесуге міндетті, оларды өзімен бірге ертіп жүріп бойын үйретсін, өзіне қол беріп амандасқан қазақтарға сый-сияпат көрсетсін. Христиан дініне үйір қыла берсін, сөйте жүріп, қазақтардың дініне ешкім де қысым көрсетпейді, деген пікір таратсын. Олардың уағызға келуі және тыңдауы өздеріне пайдалы, шындықпен өмір сүруге көмектеседі деп сендірсін…» дейді.

Дәл осыған ұқсас келесі бір құжатта: «Қазақтардың бетін бұрып алған соң басқаша ұсыныс жасау керек. Бұның барлығын қазақтардың өзі сұрап жасаттырып еді, ол үшін миллиондаған сом ақша кетті, қазақтардың өзі уағызшы сұрап еді, ол да қанағаттандырылды, соның бәріне қарамастан қазақтар үкіметті алдады, сол үшін жазаға тартылуы тиіс, деген жарлық жасалсын. Қазақтарды жазаға тарту туралы мәртебелі ағзамнан пәрмен сұралсын. Пәрмен берілгеннен кейін қазақтарды жазалау үшін әскер жабдықталады және олар кресті алға ұстап жорыққа аттанады. Қазақтардың бәрін де шоқындыруға және православие дініне кіргізуге мәжбүр етеді. Ал бұл талапты өз еркімен орындамағандарды қырып салу керек”, – деп кесімді үкім шығарылып қойған.

Ал, христиан дінін қабылдаған қазақтарға көмек көрсету және олардың құқын қорғау туралы ерекше нұсқаулар болды. Құнарлы жерді меншіктеуге, кәсіпшілікпен айналысуға, тегін несие алуға келгенде оларға орыстармен бірдей жеңілдіктер берілді. Сыйлық ретінде ақшалай қаражат та бөлінді.

Архирей басқармасының заң жүзінде бекітілген нұсқауында: “Христиан дінін қабылдаған қазақтар өзінің ауылында тұра береді немесе қырдағы орыс тұрғындарының арасына көшіп келуіне де болады, олар тиісті құқықтың бәрін пайдалана алады”, дейтін жаңа бап енгізілді.

Төлеген Жәкітайұлы

 


Пікірлер