BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мирас Дәуленов "Астана" қаржы орталығының нақты мақсаттары туралы айтты

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) қалай жұмыс істейді, оның көздеген мақсаты, атқарар жұмысы, тіпті іс жүргізу тілі қай тілде болатыны туралы ҚазМЗУ Басқарма төрағасының орынбасары, С.Зиманов атындағы құқықтық және экономикалық зерттеулер академиясының директоры, PhD докторы Мирас Дәуленов нақты сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

- АХҚО-ның негізгі стартегиясы қандай?

- АХҚО-ның Басқарушысы Қайрат Келімбетовтың айтуынша, АХҚО тікелей инвестицияларды тартатын орталық ретінде қалыптасады. Қазіргі кезде тікелей және жанама инвестициялар бар. Жанама инвестициялар азаматтардың көмегімен тартылатын болса, тікелей инвестициялар шетел мемлекеттердің және компаниялардың қатысуымен нақты жобаларға салынады. АХҚО осы тікелей инвестицияларды ерекше құқықтық режим орнатып, жасыл қаржыландыру, исламдық қаржыландару, криптовалюта биржасы, және басқа да Қазақстанда әлі мүмкін емес құралдар арқылы тартатын болады.

- Инвесторлардың қызығушылыға қандай?

- Шет ел инвесторлары үшін инвестициялардың тұрақтылығы маңызды. Яғни, инвесторлар олардың инвестицияларын ешкім алып қоймайтынына және оны қайтып алу мүмкіндігіне сенімді болу керек. Бұл жерде АХҚО органдарыны бірізді әрі негізді шешімдер жасауы керек.

Бұны қамтамасыз ету үшін АХҚО ағылшын құқығын енгізеді. Алайда, ағылшын құқығы тікелей қолданылмайды. Яғни АХҚО органдары ағылшын құқығының принциптері мен нормаларына негізделе отырып сәйкес актілерді шығарады. Мұнда ағылшын құықығы дегеніміз Англия мен Уэльс құқығы. Көптеген мемлекетте инвесторлар үшін бұл құқық ең жағымды, себебі бұл оларға сәйкес жоғары дәрежедегі қорғауды қамтамасыз етеді. Оған қоса, Англия мен Уэльс құқығының бірнеше ғасырда қалыптасқан және бұл тәртіп кәсіпкерлікке тиімді жағдай жасалған. Қазіргі кезде Қазақстанда бұл құқық қолданылмағандықтан АХҚО шегінде енгізіліп отыр.

- Бұл орталықта инвесторларға қандай артықшылықтар беріледі?

- Инвесторлар салық төлеуде жеңілдік режиміне ие болады. Қазіргі кезде АХҚО резиденттерін кей салық түрлерінен 50 жылға дейін босату мүкіндігі көтеріліп жатыр. АХҚО туралы Заң да бұған мүмкіндік тудырып отыр, оған қоса Заң визалық жеңілдіктерді енгізеді. Заң шекті (рамочный закон) болғандықтан, ол Орталықтың кеңесіне Заңда тікелей көзделмеген жаңа құралдарды енгізуге мүмкіндік беріп отыр.

- АХҚО-ның ресми тілі қай тіл болады?

- АХҚО-ның ресми тілі ағылшын тілі болады. Алайда бұл қазақ тілі шеттетіледі дегенді білдірмейді. Орталықтың актілері, мысалы Соттың шешімдері ағылшын тілінде берілетін болады және қазақ және орыс тілдеріне аударылады. Бұл жерде ағылшын тілі инвесторларға тиімді және түсінікті екенін ескерген жөн.

- Орталық базасында Қазақстанда бар биржа жұмыс істей ме, әлде жаңасы құрыла ма?

- Биржаға IPO-ға әр түрлі компаниялар шыға алады, оның ішінде Қазақстан компаниялары болуы мүмкін. Қазіргі кезде АХҚО әр түрлі құралдарды ойластырып жатыр. Қазақстан белдеуі дәл Токио мен Нью-Йорктың арасында болғандықтан тартымды деп айтуға болады. Осы екі биржаның арасындағы айырмашылық өте үлкен: Токиодағы операциялар біткенде, Нью-Йоркта әлі басталмайды. Мысалы Сингапур осы географиялық орналасуына байланысты кезінде серпінді дамыған болатын.

- Халықаралық орталық қатысушыларының қызметін қандай орган реттейді?

- АХҚО-ның Кеңесі, орталық органдары, сот және халықаралық арбитражы болады. Сот тұрақты орган болғандықтан өзінің судьялары болады. Сот ағылшын құқығын қолданады, ал сот шешімдері Қазақстанда басқа да мемлекеттік сот шешімдеріндей мойындалады.

Арбитраж болса АХҚО резиденттеріне жатпайтын тұлғаларға да қолжетімді және ағылшын құқығымен қатар, мысалы Нью-Йорк құқығын қолдана алады. Арбитраждың ерекшеліктері – арбитрлердің сапасы, арбитраждың беделі және басқа арбитраждардан бағасы төмен болуы. Қазір репутация болмаса да, жақсы арбитрларды тарту керек және бағасы төмендігін қамтамасыз ету керек. Ол үшін Англияда танымал судья Лорд Вульф деген танымал заңгер шақырылған болатын. Ол кезінде Ұлыбританияда реформалар жасап, сот жүйесін құрған болатын.

Арбитраждың бағасы басқа арбитраждардан төмен болуы керек, себебі басқа елдердегі арбитраждан бұл арзан болмаса, оның тиімділігіне үлкен сұрақ туындайды.

Арбитраждың шешімдері, Нью-Йорк конвенциясы негізінде басқа елдерде мойындалады. Қазақстанда арбитраждың шешімдерін мойындау басқа процедурамен өтеді және бұл конвенцияға сілтеме жасау керек емес, себебі шешім бір мемлекет шегінде қабылданады.

Бұл арбитраж 100% танымал әрі жиі қолданылады деп айтуға болмаса да, әдетте арбитраждың тиімділігі ретінде осы 3 көрсеткіш (сапа, бедел, баға) арқылы есептелінеді.

- Қаржы орталығы Қазақстанның экономикасын өсіруге нендей үлес қосады?

- АХҚО құрылуының Қазақстан экономикасына әсері бір екі жылда көрінбейді. Мұндай орталықтардың сәттілігін тек 10-15 жылда өлшеуге болады. Себебі, инвестиция тартудың өзі ұзақ процесс. Оған қоса инвесторды әкелу істің жартысы, инвестицияны ұстап қалу керек. Яғни, АХҚО-ның әсерін өлшеу кезінде инвестордың қаражаты құйылған жобаның тиімді жүзеге асуын да қарастыру қажет. Бұл бір жағынан инвесторлардың келіп тіркелуін, тұрақтылығын, сенімділігін көрсетсе, екінші жағынан Қазақстанның құқықтық режимі мен кәсіпкерлікке тиімді климатының орнығуының көрсеткіші.

Ол үшін АХҚО көптеген шетелдік маманды тартуы керек. Оның ішінде сот қызметкерлері, заңгерлер, қаржы мамандары, арбитрлер және т.б.

АХҚО резидент емес тұлғалардың орталықтың процесстеріне қатысуын мұқият қарастыру керек.

- Әлемнің қандай биржалары АХҚО биржаларының негізгі серіктесі болады?

- Биржа белгісіз болғандықтан, оған қоса Қазақстанның өзі мемлекет ретінде әлі кең танымал еместігін ескере отыра АХҚО көптеген мәселені шешуі керек. Сондықтан, Орталық NASDAQ атты биржамен серіктестік орнатуда. Кезінде NASDAQ биржасы серпінді өсу көрсеткен болатын. Биржа ашықтық принципін негізге алып, котировканың тұрақтылығын орнату керек. Бұл платформа артында үлкен аналитикалық компаниялар болуы керек. GP Morgan, Bloomberg сияқты анализ жасайтын компаниялар биржаның жұмысын және биржаға шыққан компаниялардың жағдайын өлшеп отыру үшін керек. KASE-де мысалы ондай жоқ, ол қарапайым акцияларды сату-сатып алу жері, сондықтан ол беделі төменірек.

Қорыта айтқанда, біз үшін маңыздысы инвесторлардың сенімділігі. Сенімділік ол - жай сөз емес, ол - ақша және кепіл. Ал сенімділік тек тұрақты құқықтық пен салықтық режим түсінікті әрі АХҚО органдардың шешімдері бірізді және негізді болса ғана туындайды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер