BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Мемлекеттік қызметшілер кәсіби сөйлеу мәнері мен білімін шыңдамақ

Таяу күндері Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері арасында Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен пікірсайыс (дебат) турнирі өтеді.

Бұл республика бойынша тұңғыш рет Жетісу өңірінде қолға алынып отырған тың бастама. Көпшілік алдында мемлекеттік қызметтің атына нұсқан келтірмей, түрлі пікірталастарда кәсіби сөйлеу мәнері мен білімін, лайықты қабілетін ашып көрсету дағдыларын қалыптастыру, дебатшылар пулын жасақтау мақсатында ұйымдастырылатын игі шара елімізде кәсіби кадрлардың қатарын толықтыруға және имиджін көтеруге септігін тигізеді. Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Серікбай Нұрғисаев осылай дейді. Алматы облысында бүгінгі таңда барлығы 8 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер бар. Жоғарыда аталған дебат өз мәресіне жетіп, оң нәтижелерін беріп жатса, келешекте облыста пікірталас академиясын құру жоспарлануда. Брифингте, сондай-ақ, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді көпшілік іс-шаралар шеңберінде көрнекі түрде ұсыну мәселесі қозғалды.

Мысалы, жыл басынан бері халыққа 3 млн. 200 мыңға жуық түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызмет көрсетілген екен. Демек, мемлекеттік қызметшінің бұқарамен байланыс орнатудағы көтерер жүгі ауыр деген сөз. Алдағы уақытта мемлекеттік көрсетілетін қызметтер ашық аспан астында, әлде жәрмеңке, бәлкім көрме ретінде ұйымдастырылмақ. Мұндай қадам билік пен халықтың бір-біріне етене жақын болуына ықпал етпек. БАҚ өкілдерімен жиында Серікбай Өрікбайұлы жаңа заңға сәйкес мемлекеттік қызметке қабылдау тек қана байқау негізінде ең төменгі лауазымнан басталатындығын және табалдырықтан енді ғана аттаған жас маман алдымен үш ай тәлімгердің алдынан өтетіндігі туралы да тарқатып айтып берді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер