BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Келесі жылы зейнетақының орташа мөлшері 70 мың теңгеден асады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова облыстар және Астана, Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарларымен халықты әлеуметтік қамсыздандыру және жұмыспен қамту мәселелері жөнінде жиын өткізді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Күн тәртібінде атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) жаңа сипатын қолданысқа енгізу, базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесін өзгерту және өзін жұмыспен қамтыған тұрғындармен жұмыс істеу мәселесі талқыланды.

«Егер қазіргі таңда АӘК табысы күнкөріс деңгейінен 40% төмен адамдар мен отбасыларға қаржылай көмек ретінде берілетін болса, жаңа жылдан бастап жан басына шаққандағы табысы күнкөріс деңгейінің 50%-нан төмен отбасыларға беріледі. Сонымен бірге, жаңа сипаттағы АӘК - қазіргі таңдағы АӘК, балалар жәрдемақысы және арнайы мемлекеттік жәрдемақы секілді 3 әлеуметтік төлемнің орнына Бірыңғай жәрдемақы түрінде төленеді. Ең басты ескеретін жайт, жаңа АӘК мөлшері жоғарыда аталған 3 түрлі жәрдемақының жалпы сомасынан жоғары болады. Осылайша, жаңа АӘК тек қана қаржылай жәрдемақы ғана емес, кедейлік деңгейінен шығудың кешенді шарасы болмақ. Жәрдемақының қолжетімділігі мен бизнес-процестерді оңтайландыру мақсатында жұмысты бір терезе жүйесімен Жұмыспен қамту орталықтары арқылы жүргізу ұсынылады», - деді министр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі келер жылдан бастап базалық зейнетақы тағайындау тетігі өзгеретінін атап өтті.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, ынтымақты зейнетақы 8 пайызға өседі. Базалық зейнетақы басқа да жәрдемақы түрлері сияқты 6 пайызға көбейеді. Осылайша зейнетақының төменгі мөлшері келесі жылы 49 019 теңгені құрап, орташа дәрежесі 71 333 теңгені төңіректемек.

«Қазіргі уақытта базалық зейнетақы зейнет жасына жеткендерге бәріне бірдей еңбек өтілін және зейнетақы жинағын қалыптастыруға қатысуды ескерусіз тағайындалады. Келесі жылдан базалық зейнетақы жүйеге қатысу өтіліне қарай беріледі. Осы орайда 1998 жылдан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне түскен зейнетақы жарналары ғана есептелініп қоймай, 1998 жылға дейінгі де еңбек өтілі назарға алынбақ», - деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.

Мұндай әдіс 30-40 жыл еңбек өтілі болса да, төмен зейнетақы алып отырған адамдарға қатысты әділдік орнатады. 1998 жылға дейін және одан кейін 33 жылдан астам жұмыс істеген тұлғаларға базалық зейнетақы қазіргіден екі есеге көбейеді. Егер бұл сома қазір 14 мың теңгені көрсетсе, 2018 жылдың 1 шілдесінен зейнеткерлердің аталған тобы ынтымақты және жинақтаушы зейнетақыға қоса 28 мың теңге алады.

10 жылдан асқан әр жыл сайын базалық зейнетақы 2 пайызға өспек. Мәселен, 20 жылдық еңбек өтілінде базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74%-ын құраса, 30 жылда 94%-ды межелемек.

Өзін жұмыспен қамтыған тұрғындар қызметін реттеуде 2018-2019 жылдарға арналған жол картасы жасалып жатыр.

Тамара Дүйсенова Үкіметтің әлеуметтік салада жүргізіп отырған саясатын өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» идеясы мен халыққа Жолдауынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік-еңбек саласын жаңғыртуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 18:34
500 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЛЫҚ ТІЛЕЙМІН!
Пікірлер