BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстандықтар шетелдегі мүлкін заңдастыруға асықпайды

Астана. 14 маусым. Baq.kz – Бүгінде ақшаны заңдастырудың екі жолы бар. Бірінші әдіске сәйкес, қаржыны банк есеп-шотына салуға болады. Ондайда 10 пайыздық ақы алынбайды. Ал екінші әдіс бойынша шетелдегі қаржыны банк есеп-шотына салмай, арыз жазып көрсетуге мүмкіндік жасалған. Бірақ ол кезде 10 пайыздық алым есептеледі. Оның сыртында мүлікті де заңдастыруға болады. Үкіметтің бүгінгі отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осы науқанның алдын ала қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Ресми мәліметке сәйкес, бүгінгі таңда мүлікті заңдастыруға түскен өтініштердің жалпы соммасы 1,8 трлн. теңгеге жетті. Соның ішінде Қазақстандағы мүлік (687 млрд. теңге) және Қазақстан азаматтарының шетелдегі мүлкі (2 млрд. теңге) бар, қалғаны (978 млрд. теңге) – ақша. Қазіргі кезде ақша мен мүліктің 1,6 трлн. теңгесі заңдастырылды. Осының барлығы 91 мың азаматқа тиесілі.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың сөзіне қарағанда, қазақстандықтардың басым бөлігі ақшаны заңдастырудың бірінші жолы - банк есеп-шоттарына салуды таңдаған. Осы уақытқа дейін заңдастыруға түскен қаржының түгелі дерлік (978 млрд. теңге) банк есеп-шоттарына салынды. Алайда екінші жолды таңдағандар да бар. 24 адам 10 пайыздық алым-салыққа қарамай, 1 млрд. теңгесін қағазбен көрсетіп заңдастырған.

«Жалпы, заңдастыру қарқыны күшейді. Дегенмен, Батыс Қазақстан, Қызылорда мен Павлодар облыстарында соңғы жарты жылда жылжымайтын мүлік бойынша заңдастыру шараларының қарқыны 2-3 есеге төмендеп отыр», - дейді Б.Сұлтанов.

Айта кетейік, банк есеп-шоттарына түскен қаржы туралы ақпарат құпия болып саналады. Оны жария еткені үшін қылмыстық жаза қарастырылған. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, заңдастыру науқаны аяқталғаннан кейін барлық қазақстандықтардың шетелдегі есеп-шоттары тексерілетін болады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер