BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстанда алғаш рет «Оңалту түрмесі» пилоттық жобасы қолға алынды

Фото: ҚАЖ комитетінің баспасөз қызметі

Бүгін Қарағанды облысының Шахтинск қаласында еліміздегі пенитенциарлық жүйенің екі түзеу мекемесінде алғаш рет «Оңалту түрмесі» пилоттық жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі.

Жоба Қарағанды облысында орналасқан АК-159/18 (Қарабас к.), АК-159/20 (Долинка к.) мекемелерінде Елбасының «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» Жолдауының 33-қадамы аясында іске асырылады.

Шахтинск қаласы әкімінің орынбасары Қайыржан Тілеубергенов жобаны әзірлеуге мүдделі мемлекеттік органдар, ұлттық және шетелдік сарапшылар, сондай-ақ, түрлі үкіметтік емес ұйымның және Еуропалық Кеңестің «Қазақстандағы әділ сотты жетілдіру» жобасы өкілдерінің қатысқанын атап өтті.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес сотталғандарды қайта әлеуметтендіру және оңалту тұрақты түрде жүзеге асып отырғанына қарамастан, аталған жоба маңызды жаңалық енгізгелі отыр.

Біріншіден, жоба бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуына 6-12 ай қалғандар мен шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарға қатысты қолданылатын болады.

Осы мақсатта «Оңалту түрмесінің» аясында әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетудің толықтай кешені қарастырылған.

Оқыту барысында пилоттық жобаны жүзеге асырушылардың құзыреттілігі мен дағдылары, мақсаттары мен міндеттері айқындалады. Сотталғандардың қажеттіліктері мен тәуекелдеріне (ашу-ызаны басқару, тәуелдіклікті емдеу, қаржылық сауаттылық, тұрғын-үй бағдарламалары т.б.) бағытталған оңалту бағдараламаларын әзірлеу көзделіп отыр.

Сотталғанды бостандыққа даярлаудың жаңа тәсілдері – оларды әлеуметке қосуда тұрақты мотивация қалыптастыру, өмір сүру салтын өзгерту, дұрыс орта қалыптастыру және осы санаттағы адамдарға әлеуметтік көмек көрсету жүйесі.

Сонымен қатар, «Оңалту түрмесі» сотталғандардың әлеуметтік байланысын нығайтып, жоғалған құжаттарын қайта қалпына келтіруге бағытталады.

Жоба соңында қайталама қылмыстың төмендеуі ғана емес, сондай-ақ бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындау кезінде туындайтын жағымсыз салдарды барынша болдырмау көзделіп отыр.

Айта кетейік, осы жобаны іске асыру кезінде АК-159/18 және АК-159/20 мекемелерінде ҚАЖ қызметкерлеріне арналып оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Құқық қорғаушылар мен Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері пенитенциарлық жүйе қызметкерлерін бірқатар шетелдік тәжірибемен таныстырды.

Қарағанды облысының әкімдігімен бекітілген «Оңалту түрмесі» пилоттық жобасы 2018 жылдың І тоқсанында іске асырылады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер