BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Астана» қаржы орталығы базасында «Экспат орталығын» құру жоспарланып отыр

«Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында арнайы мамандандырылған «АХҚО Экспат орталығын» құру жоспарланып отыр. Бұл туралы осы қаржы орталығының басқарушы директоры Бауыржан Бектеміров мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) капитал нарығы, активтерді басқару, жеке тұлғалардың әл-ауқатын басқару, исламдық қаржыландыру және де жасыл қаржы секілді бағыттарда жұмыс істейді. АХҚО алаңында шетелдік инвесторларды арттыруға ықпал ететін қолайлы жағдай жасау үшін бірқатар жеңілдік қарастырылған. Орталық территориясында үздік халықаралық тәжірибелерге ұқсас ағылшын құқығы мен жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген ерекше құқықтық режим жұмыс істейді», - деді Бауыржан Бектеміров.

Инвесторларды ынталандыру факторларының бірі ретінде бірлескен және жеке табыс салығынан 50 жылға дейін босату түріндегі салық жеңілдіктері енгізілмек.

«Сонымен қатар, қаржы орталығында жеңілдетілген виза және еңбек режимі жұмыс істейді. Мұнда еңбек ететін шетелдік қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне Қазақстанға кіруі және жергілікті нарыққа енуі үшін қолайлы жағдай жасауға арналған арнайы мамандандырылған «АХҚО Экспат орталығын» құру жоспарда бар. Шетелдік инвесторлар үшін бизнесті жүргізуді жеңілдету мақсатында АХҚО-ның ресми тілі ағылшын тілі болып бекітілді», - деді ол.

Басқарушы директордың айтуынша, орталық базасында әлемдік стандарттарға сай жоғары технологиялық биржа инфрақұрылымы құрылады.

«Астана» қаржы орталығы биржасы 2017 жылдың IV тоқсанынан бастап жұмысын бастайды. Биржа Шанхай қор биржасымен және әлемдегі үлкен бес биржаның бірі – NASDAQ секілді стратегиялық серіктестермен бірлесе құрылады. Акционерлік келісім бойынша Шанхай қор биржасы жаңа биржаның акционері әрі стратегиялық серіктесі болмақ. АҚШ-тың NASDAQ биржасы жоғары технологиялық сауда платформасын енгізу жөнінде келісімге қол қойды. Сонымен бірге 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕЫДҰ, БАӘ, Малайзия, Сингапур, Монако елдерінің азаматтары Қазақстанда визасыз режимде 30 күнге дейін жүре алады. Ал орталық қызметкерлері мен мүшелеріне, олардың отбасыларына 5 жылға дейін ұзақ мезімді виза беріледі», - деді Бауыржан Бектеміров.

«Астана» халықаралық қаржы орталығында 4 валюта қолданылады: теңге, АҚШ доллары, ресейлік рубль және қытай юані. АХҚО тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында Астанада халықаралық деңгейде 2 мыңнан астам жоғары білікті қызметкерге арналған жұмыс орындары ашылады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
29 Желтоқсан 2018, 12:42
Астана. Қысқы этюдтер
Пікірлер