"Сенен асқан"
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

"Сенен асқан"

Айтар сырым бар тағы тыңдағанға,
Құнды нәрсе құнсыз ғой бұл ғаламда.
Сенен асқан мейірбан болмас еді
Қуаныш сыйлай білсең мұңды адамға.

Құмырадай жоғалған құм ішінде,
Дарындылар дамылдап жүр ішіңде.
Сенен асқан көреген болмас еді
Қадіріне жете алсаң тірісінде.

Сене берме себепсіз сөз бергенге,
Бұл күні бетперде бар кез келгенде.
Сенен асқан шынайы болмас еді
Өзгермесең бар әлем өзгергенде.

Көңіл бөлмес көзінше тозып тынсаң,
Достарым бар демейтін озық тұрсам.
Сенен асқан адал дос болмас еді
Құлағанда қолыңды созып тұрсаң.

Жаратқанның әр ісі сынақ болса,
Ата-анаңды үлгі ет сыр ақтарса.
Сенен асқан сенімді болмас еді
Жүрегіңе тура жол тұрақтаса.

Жәнібек Салқынбек

Жәнібек Салқынбек
562042

Салқынбек Жәнібек Сағатбекұлы

Киелі мекен Түркістан қаласының тумасы.

"Мен – менмін,

Менмен емеспін.

Құшағын жайған құштар дүниеге

Бекерден-бекер келген емеспін!"

Оның вконтакте желісіндегі «Ақын жүрек» атты парақшасынан авторлық…

Өмірбаян