BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 377.62 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 426.03 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.67
Астана:

МАЙДАНДАСТАР

Ауданнан шалғай жатқан «Шалдар алға!» селосының есік-терезесі құлап, іші ән-күйсіз ұлып тұрған ескі клубында Жеңіс күніне арналған мереке болды. Бұрын бұл ауыл
«Шалдар алға!» емес, «Жастар алға» деп аталатын еді. Қазір жаспын дегендер қалаға қашты. Кәрі-сауқан ауылда қалды. Шал біткеннің бәрі Ұлы Отан соғысына қатысты
деймісің, ауыл әкімі Талтаңбай санап қалса үш-ақ ардагер қалыпты. Олар: Мылтықбай, Қылышбай, Балтабай. Үшеуі де бір жерде, бір ротада бес жыл бойы Ленинградты жаудан
қорғаған екен. Сыйлық тапсыруға Талтакең өзі кірісті.
Қан төгіс соғыста фашистермен арыстанша арпалысып, құдай берген екі аяқтың біреуін майданда немістерге подарить етіп келген Мылтықбайға «Таврия» автокөлігі мен бір
түкті кілем берілді. Қылышбайға бір қолын «бас садақасы» деп соғыста қалдырғаны үшін «Восход» мотоцикілі және палас бұйырды. Әрине, бастапқыда ол мотоцикілге қанағаттанбай теріс қарады. Бірақ, сәл ойланды да, «мейлі, балаларым киік қуар» деп мәз болды.Ал, Ұлы Отан соғысында аса керемет айлакерлігі мен қулығының, тапқырлығының
арқасында он екі мүшесін қас жауларына алдырмай, сап-сау сол күйінде қайтып оралған майдангер атамыз Балтабайға бір қол сағат және алаша тиді. Айқай-шу осыдан басталды.
- Әй, Талтаңбай, сонда қалай болғаны, менің мыналардан қай жерім кем, үшеуміз соғысты
басымыздан бірге өткіздік-деп, Балтабай ақсақалымыз баж ете қалды.
- Балтеке, сіздің қол-аяғыңыз, дене-мүшеңіз сап-сау ғой,- деді әкім көзімен бір сүзіп.
- Ау, немістің оғы тимесе қайтемін.
- Оны сол соғыста жүргенде ойлану керек еді, қазір кеш қалдыңыз.
- Шырағым-ау, енді ұшып келе жатқан оққа кеудемді тоспаймын ғой.Балтабай азар да безер болды. Қатты ашуланды. Өкпеледі.
- Осы Балтекеңнің мінезі қызық, қит етсе жоқ жерден дау, көтереді,- деді машинаға қолы
жетіп, мәз болған Мылтықбай.
- Иә, денесіне оқ тимегенін өзінен көрсін. Айналайын, Талтеке, біз саған өте ризамыз,- деп Қылышбай ақсақал қылмың ете қалды. Мына сөзді естігеннен кейін Балтабайдың қаны әбден қайнады. Көзі аларып қызғаныштан
ашуға мінді. Ауылда шалдардың тойға бірге барып, не болса соған керісіп, төбелесіп қайтатыны белгілі, әрі әдетке айналған.
- Әй, Қылышбай, сен өзіңше мотоциклді астыңа мініп мәз болып тұрсың ғой.
- Немене қызғанып тұрсың ба?
- Сен деген қолыңды Отан үшін берген жоқсың, ана өліп қалған немістердің қалтасын қарап жүргенде улы жылан шағып алып, кесіп тастаған.
- Жалған...
Қылшекең не дерін білмей қызарып кетті. Айтылған сөздің рас-өтірігі үшеуіне ғана аян.
- Ал, сен де Мылтықбай, аяғыңды майданда алдырған жоқсың, қырғын соғыстан аман-есен оралғаныңды дос-жарандарыңа жуып жүргенде, мас болып рельсте ұйықтап қалып,
пойыз басып кеткен жоқ па?
- Өтірік... Басса біздікі емес, немістердің пойызы басып кетті.
- Немістердікі дейді ұялмай, ол кезде Қазақстанда бір де бір неміс болған жоқ.
Сол-ақ екен үш майдангер алыса кетті. Үш шалдың арасында бір төреші. Залдағылар концерт көріп отырғандай қол шапалақтап, мәз-мейрам. Әрине, олар ұшін бұл көрініс
қызық. Ауылдың сахнасында би билеп, ән айтылмағаны көп болды.
- Сен Балтабай, соғыста жүргенде қорқақ болғансың, ротадағы грузиндердің көптігін пайдаланып атыңды «Балташвили» деп өзгертіп алғансың,- деді Мылтықбай күйініп.
- Иә, иә, рас, бұл талай рет окопта оқ тимей-ақ өтірік өліп қалған еді- деп Қылышбай да қыздырып қояды. Бұдан әрі Балтабайдың жүйкесі шыдамады. Аузына келгенін айтып
сандырақтады.
- Хайн, Гитлер, айын-сайын-драйын, тұқымдарыңды ұрайын... Қазір сендерге көрсетемін немістермен қалай соғысқанымды. Үйге барып құс ататын қос ауыз мылтығымды алып
келіп, бәріңді де қырып саламын. Біреуің тірі қалмайсыңдар. Қашпаңдар, өңшең қорқақтар- деп, үйіне қарай тұра жөнелді. Аудан әкімі абдырап қалды. Сасқанынан
шапалақ ұрды. Көрермендер қол соғып мәз болып жатыр. Олар соғыс тақырыбына арналған қойылым көргендей сезімде отыр.
- Қой, Талтаңбай шырағым, біз де кетейік бұл жерден, Балтекеңнің қол-аяғы аман болғанымен соғыста ту сыртынан мина жарылып басына зақым келген. Ол келсе аямайды.
Қалған аяқ-қолды оған бермей тұрғанда тайып тұрайық,- деп екеуі қолтықтасып есікке қарай ығысып қаша бастады.
Талтаңбай болса сахнада талтайып тұрып қалды. Бір көрермен концертке келгендей бір құшақ гүлді әкімге ұсынды. Көрермендер шек-сілесі қатып күліп жатыр. Кімге, не үшін?
Сүйтіп, ауылдағы Жеңіс күніне арналған мереке осылай өтті.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН
Мәдениет қайраткері

Нұрлыбек Жұбатқан
222059

Нұрлыбек Хайроллаұлы Жұбатқан Ақтөбе облысы,Шалқар ауданы, Жылтыр селосында өмірге келіпті. 1987-89 жылдары әскери борышын өтеп, 1990-95 жылдары Шымкент қаласындағы Мәдениет институтын бітіреді. 1997-99 жылы облыстық "Ақтөбе" газетінде тілші қызметін атқарады. "ЕКІ ЕЗУ" сатира театрын құрушы. "Ауылдағы айтқыштар" мен "Қатираның құрт зауыты" атты кітаптардың авторы. "Шабыт" жастар фестивалінің "Гран При" иегері, ҚР Мәдениет қайраткері. 2002 жылғы Ақтөбе облысының "…

Өмірбаян