ШӘМШІ ТАБИҒАТЫНЫҢ ШЫҢЫ МЕН ШАТҚАЛЫ
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ШӘМШІ ТАБИҒАТЫНЫҢ ШЫҢЫ МЕН ШАТҚАЛЫ


Анам марқұм Ұмсын Айтбайқызы, 13 құрсақ көтерген, сол перзенттерінің менен өзгесі түгел о дүниелік болып кетсе де, рухы мен үмітін құлатпаған дархан әрі қайсар адам еді. «Неше перзентіңіз бар?» – деп сұрағандарға: «Ұлым үшеу, үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі – Мұхтар Шаханов», – дер еді. Бірде үйде қонақта отырғанда Дінмұхамед Қонаев: «Жеңеше, қазақтың үш мықтысын дүниеге бір өзіңіз әкелген екенсіз ғой», – деп әзілдегенде: «Екеуінің мықты екені рас, үшіншісінің ол шынайы биікке көтерілуі үшін әлі көп тер төгуіне тура келеді», – деп жауап бергені есімде қалыпты.

Анам Шәкеңді де, Төкеңді де өзгеше аналық парасатпен жақсы көрді. Ол екеуі де анам дегенде ішкен асын жерге қоярдай құрметінен танған емес.

Кезінде Екейбай Қашағанов Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстарын біріктірген Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитетінің идеологиялық хатшысы болып тұрған шақта, әдебиет пен өнер қайраткерлеріне дара мінез көрсетті. Баспасөз беттерінде енді-енді жариялана бастаған менің балауса жырларымды өлкелік партия комитетінде талқылатты. Ал Шәмші әндеріне мүлде өзгеше мән беріп, өлке жұртшылығының назарын аудартты және өзіне Шымкент қаласынан үш бөлмелі үй бергізді. Әйел, бала-шағасы Алматыда болғандықтан, 6-7 жыл бойына Шәкең жаңа үйіне анда-санда ғана соғып, жанұямыздың бір мүшесі секілденіп, негізінен біздің үйде жатып жүрді. Анамның оны өз перзентіне балау себебі де осы кезеңде өрбіген бауырластық пен рухтастықтың әсері еді.

Қалдаяқ ақсақалдың үлкен әйелі Сақыпжамал – Шәкеңнің анасы, 1959 жылы қаза болыпты. Өз басым ол кісіні көре алмадым, екі ұл, үш қызды дүниеге келтірген екен. Олар – Тұмаркүл, Шәмші, Раушан, Қадыр, Райхан. Сақыпжамал апай дімкәс, аурушаң болғандықтан, күйеуі Қалдаяққа Жұмаш атты қызды өзі алып берген екен. Одан өрбіген перзенттер – Күләйхан, Көшербай, Клара, Қыдыр, Сабыр, Бақыт.

Қалдаяқ аға көп сөйлемейтін, темір ұстасы болған соң ба, екі жауырыны қақпақтай, қайратты кісі еді. Оны «қатты сырқаттанып, Шәуілдірдің ауруханасына түсіпті» дегенді ести сала, Шәкең екеуміз облыстық комсомол комитетінің хатшысы Қалаубек Тұрсынқұловтың мәшинесін сұрап мініп, жай-күйін білуге Отырарға бардық. Артынша ол кісіні Шымкент облыстық ауруханасына әкеліп жатқыздық. Бір күні кешкілік, ауылдың дәмін сағынған шығар деп, анам ет асып, біз Шәкең екеуміз дәрігердің рұхсатымен Қалдаяқ ақсақалды үйге алып келдік.

Шәкеңнің ол тұста ішуді үдете түсіп жүрген шағы еді. Оны бұл бағытынан тежеу, яғни, тентек судан алыстату жақын достары мен туыстары үшін орындалмас арман сияқты көрінуші еді. Кейінгі кездері ішкілікті доғаруға шақырған жақындарына: «Мен жетіскеннен ішіп жүрген жоқпын, әкем қатты науқастанғандықтан, соның күйігінен осындай күйдемін» деп сылтаурататын. Сол кезде оған Төлеген Айбергенов мынандай бір шумақ әзіл өлең арнаған-ды:

«Арағы бұл Шымкенттің жетіп жүр ме,

Әкеңнің қайғысы, әлде, өтіп жүр ме?

Әкем ауру екен деп іше беріп,

Әкеңнен бұрын өліп кетіп жүрме!»

Қалдаяқ қарияны да қатты алаңдатқан перзентінің осы бір тұрлаусыз жай-күйі болатын. Дастархан үстінде әлгі ыңғайсыз мәселенің төңірегінде әңгіме өрбіді. Қасқасудағы Ізет әпкемнің күйеуі Өскенбай жездемнің де ойда жоқта қыдырып келе қалмасы бар ма?! Бірақ ол әңгімеге араласпай, тыңдаушы рөлінде ғана отырды.

– Мұхтаржан, – деді Қалдаяқ қария біраз үнсіздіктен соң. – Бүгінгі таңда Шәмші ағаң екеуің бір-біріңе кереғар адамсыңдар. Сен жынды суды мүлде ауызға алмайсың, ал Шәмшіні осы қатерлі бағыттан бұру әзірге мүмкін болмай келеді. Әйтсе де, үмітсіз шайтан деген. Мәңгілік ештеңе жоқ. Мына ағаңа бас-көз боп жүруді өзіңе тапсырамын. Қане, Шәмші орныңнан тұрып: «Мұхтарды ылғи да тыңдап жүремін» деп уәде бер!

Сөйтіп сол дастархан үстінде Қалдаяқ ақсақал Шәкеңнен «Мұхтарды әрдайым тыңдап жүремін» деген уәде алды. Екеуміз де орнымыздан тұрып қол алысып, бір-бірімізбен төс түйістірдік.

Шәкең менен 12 жас үлкен еді. «Әкемнің өтінішіне орай сен маған ағалық қызмет атқаратын болдың» дей келе, сол күннен бастап Шәкең мені әзіл-шынын араластыра «Мұхтар аға» деп атап кетті. Қашан көзі жұмылғанша сол мінезінен айныған жоқ.

* * *

Қазақта туған күнді тойлау дәстүрі болмағандықтан ба, жиырмаға толған кезімде ғана туған күнімді бірінші рет атап өттік. Ол ұсынысты жасаған Төлеген Айбергенов еді. Мен «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «жітікөз» (подчитчик) болып қызмет атқарамын. 50 сом айлық аламын. Бұл сол кездегі ең төменгі жалақы болғандықтан, салық та төлемейді екенсің. Тіпті бойдақ салық та ұстамайды. Сол тұста қойдың үйтілген басы дүкенде сықап тұратын. Бір киләсі 12 тиын ғана. Бір килә ұн 14 тиын. 50 сом айлықтың 18 сомын бір өзбек ағайынның екі бөлмелі жер үйін жалға алғандықтан, соған төлейміз. Қалған 32 сом қонақ шақыруға, тілектес, ниеттес, рухтас адамдармен бас қосуға артығымен жететін.

Туған күніме Төлеген Айбергенов «Тасбақаның түрлері», «Іле Алатауының құстары» атты екі кітап сыйлады.

– Неге бүркіт 100 жыл, тасбақа 300 жыл өмір сүреді? Неге есек парлап барғанда 25-30 жыл ғана ғұмыр кешеді? Неге жолбарыс көзіне тура қараған адамнан қаймығып, бойын үрей мен қорқынышқа жеңдірген адамды лезде паршалап тастайды? Өзіңді қоршаған табиғатты және оны мекендеген тіршілік иелерін толық зерттемейінше, үлкен ақын бола алмайсың, – деді ол.

Шәмші Қалдаяқов та орнынан тұрып, газетке оралған, ұшының бір шеті ғана шірімей қалған қанжар мен құмыра сынығын туған күніме сыйлық ретінде ұсынды.

– Екеуміз де Александриядан кейінгі әлемдегі ең бай кітап қорын иеленген Отырар өлкесінің перзентіміз, – деді толғана. – Мына екі естелік Шыңғыс хан басқыншыларына алты ай бойы қарсы күрес жүргізген бабалар қанжарының жұрнағы, су ішкен құмырасының сынығы болуы әбден мүмкін. Ендеше, өз туған жеріңнің кешегі, бүгінгі тағдырына, сол арқылы әлем тарихына терең үңілмей, әділетті және әділетсіз өткен күрестерді сараламай үлкен, әрі шыншыл ақын бола алмайсың!

Содан кейінгі өткен отыз жылға жуық туған күнімнің тойларында тілектес, ниеттес адамдарымнан сан түрлі сыйлық алған екенмін. Бірақ олардың бірде-бірі сонау жиырма жасымда Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқов ұсынған сыйлықтай әсер етпепті.

* * *

– Қазіргі қоғамда сенің Ысқақ нағашың сияқты адам табыла қоюы екіталай, – дейтін еді Шәкең.

Шынында да, ол қария өзгеше түйсіктің, өзгеше сенімнің адамы болатын.

Көшеде атпен, не есекпен келе жатып, жол үстінде жатқан тас көрсе, міндетті түрде көлігінен түсіп, тасты жол жиегіне лақтырар еді. Бұл мінездің арғы жағында «жүрген адам сүрінбесін!» деген ізгі ниет жасырынып тұрушы еді. Балалау кезімде оның көлігіне міңгесіп келе жатып ығырым шығатын. Әйтсе де сездірмеуге тырысатынмын. Амалсыздан көліктен түсіп, тасты шетке өзім ытқытатынмын.

Әкем қаза болғаннан кейін, 10-ға шыққан кезімде, анам екеумізді нағашым қолына көшіріп алды. Олар қоныс ететін Сайрам ауданы, «Жұлдыз» колхозының «Бадам» бөлімшесін Бадам өзені кесіп өтетін. Жыл сайын көктемде өзен буырқана, долдана тасып, көпірді жұлып әкететін. Жұрт қалаға қатынай алмай әлекке түсетін. Сонда ол ешкімге ештеңе деместен, өзінің зәулім теректерін кесіп, өзенге көпір салуға кірісетін. Ауыл адамдары ұялғанынан қарияның қасына жиналып, игі істі одан әрі жалғастыратын. Ақсақалдың тағы бір ұстанымы: «Күн сайын ең кем дегенде бір адамға жақсылық жасау» идеясы еді. Ауылда біреу қиын жағдайға тап болса, сүйенішінен, қолдаушысынан айырылып жалғыз қалса, немесе өзгеше бір мүшкіл халге түссе, ол сол адамға бірінші боп көмек қолын созатын.

«Күн сайын ең кем дегенде бір адамға жақсылық жасау» ұстанымын алғаш рет бала досым, кейіннен бірге трактор айдаған Рысбек Тұрысбеков екеуміз өмірімізге ендірдік. Ысқақ ата мұнымызға дән ризашылығын білдіріп, арқамыздан қақты. Кейіннен Асан Таспанов, Зауытбек Қарабеков деген достарыммен бірге жалғастырдық. Ал мен Шымкент облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне корректордың көмекшісі «жітікөз» боп орналасқан шағымда қаладан тапқан жаңа достарыммен өзара едәуір қиналысқа түстік. Өйткені қала – ауыл емес, біреуге жақсылық жасау әжептеуір қиындық тудырады екен. Адасып жүрген адам кезіксе, немесе «пәлен көшеге қалай баруға болады?» деп сұраса, оны сол діттеген жеріне дейін апарып саласың. Бірақ жол сұраған адам анда-санда ғана жолығады. Кей күні мүлде кезікпеуі мүмкін. Ал біздің күн сайын ең кем дегенде бір адамға жақсылық жасауымыз керек. Амалымыз таусылған соң базарға барамыз. Ұн, бидай, жүгері әкеліп сатып жатқандар көп. Солардың қабын көтерісеміз. Бірақ бізді сырттан көрген кейбір таныстарымыз «жүк көтерісіп, ақша тауып жүр» деп ойлапты. Келе-келе бұл қадамымыз да тұйыққа тіреле бастады. Өмірде есепсіз жақсылық жасауды есерлікке балайтын адамдар көп екен.

Нағашым науқастанып жүрген. Ол өзінің түс көргенін, биылғы күзден қалмай о дүниеге аттанатынын маған ерте көктемде-ақ баяндап еді. Сондықтан жексенбі күні жұмыстан босасымен нағашымның үйіне тартатынмын. Жүсіп атты ұлы да, Күласал атты қызы да және оның күйеуі Үсен де үйінде екен.

– Сені күтіп жатыр ем, – деді Ысқақ ата екі иінінен дем алып. – Бір өтінішім бар. Орындамасаң да өкпелемеймін. Өйткені сен пайымды адам болып қалыптастың…

– Айтыңыз, – дедім мен. – Сіз ешқашанда мазмұнсыз өтініш айтқан емессіз. Айтыңыз! Орындаймын!

– Сен күні бүгінге дейін арақты аузыңа алған емессің. Бұдан былай да алмай-ақ қойсаң қайтеді? – деді ол қинала, әрең сөйлеп.

– Бітті. Қалған өмірімде де арақты ауызға алмаймын. Осы сөзімді уәде деп ұғыңыз! – деп атамның қолын қыстым.

– Мен саған шексіз ризамын! – деді ол жүзі нұрлана.

Жұмулы жанарынан екі тамшы жас домалап түсті. Сәлден соң мәңгілік бақилыққа жол алғаны белгілі болды. Ұзақ уақыт құшақтап тұрып, өксігімді баса алмай жыладым.

– Япырай, жарықтық, сенің келуіңді күтіп жатыр екен-ау, – десті үйдегілер.

Ол тұста Қазақстанда арақ-шарапқа жөнді-жөнсіз бет бұру күнделікті өмірге мықтап еніп кеткен, тіпті модаға айналған кезең болатын. Үйге қонақ келсе, оның алдына арақ-шарап қоймау ерсі іс саналатын. Нағашымның арқасында достарыммен сол «модадан» аман қалдық. Менің ұсынысымды екі етпеген достарым Рысбек те, Асан да арақтың дәмі қандай болатынын білмей дүниеден өтті. Мен бірақ Қазақстанның Қырғыз еліндегі Елшісі, кейіннен Қырғызстандағы барлық елшілердің дуайені боп жүрген тұсымда бірнеше рет арақ емес, жеңіл шараптың дәмін татуыма тура келді. Амалсыздан жасаған ондай шараларды нағашымның рухы кешірер деп ойлаймын. Өзге ауытқыған кезім жоқтың қасы.

Бір күні Шәкең екеуміз нағашымның үйіне бардық. Ол кісінің дүниеден озғанына үш жылдан астам уақыт өткен-ді. «Алдымен ақсақалдың моласына барып құран оқиық», – деді Шәкең. Үйге соқпай бірден қыр басындағы атам жатқан бейітке тарттық. Бірнеше жыл бұрын Шәмші, Төлеген үшеуіміздің құран жарыстырғанымыз есіме түсті. Құранды қырағаттап, нәшіне келтіре оқу жағынан Төлеген бірінші орын алатын. Ал аятты көп білу жағынан Шәкең бірінші орында еді. Мен құранның екі-ақ аятын білгендіктен, соңғы орынды иеленгенмін.

– Өміріңе Ысқақ атаның енуі сенің және сенің достарыңның тағдырын мүлде басқа арнаға бұрды. Маған да осындай рухы күшті адам жолыққанда, басқа сипаттағы Қалдаяқов болуым әбден мүмкін еді, – деді Шәкең дастархан үстінде.

(Көп жыл кейін, ұмытпасам, 1977 жыл болуы мүмкін, Шәкең маған өзінің Көкшетаудағы Тереңкөл жағасында жатқан Ақан серінің моласына барып, бейіттің шырақшысына құран оқытқанын, сол сәтте бір таңғажайып оқиғаға кезіккенін, Ақан сері бейнесінің мұның көз алдына тұра қалып сырласқанын және «арақ ішуді мүлде доғару» туралы ұсыныс айтқанын, нақ сол күннен бастап ішкілікті ауызға алмауға түбегейлі бел байлағанын әңгімелеп еді.)

Ысқақ атамның келіні, менің сүйікті Қанзат жеңгем Шәкең екеумізге бау ішіне төсек салып берді. Маса бар екен, ұзақ уақыт ұйықтай алмай дөңбекшумен болдым. Ал Шәкең көйлегін шешіп, кеудесін ашып ұйықтады. «Маса екеш масаның өзі де денеме жақындаса, сан жылдан бері сіңген арақтың иісінен мас болып қалам ба деп қауіптенеді. Маған жоламайтыны сондықтан» деді ол әзілдеп.

Таңертең тұрсақ, Шәкеңнің шұлықтары да және екі аяқкиімі де бірдей жоқ. Сөйтсек, сол үйдің кішкене ерке күшігі қос шұлықты тістелеп, түгел жыртып тастапты. Шәкеңнің екі туфлиінің бірін ғана Бадам жағасындағы қалың қамыстың ішінен әзер таптық. Бірі ұшты-күйлі жоқ. «Өзенге ағызып жіберген шығар» деп шамаладық. Ғажабы, менің аяқ киіміме мүлде тиіспеген.

– Мына күшіктің Ысқақ атамның рухын қолдап, арақ ішетін адамға ашық түрде қыр көрсетуін қарашы, – деді Шәкең әзіл-шыны аралас.

Ол кезде 20-30 үйлі Бадам ауылында дүкен деген атымен болмайтын. Шарамыз таусылған соң Шәкеңе Қанзат жеңгейдің ұзын шұлығынан қысқа екі шұлық жасап, аяқкиім орнына кебісін кидіріп, Шымкентке қарай жол тарттық.

* * *

Бір күні Шәмші Қалдаяқов маған: «Республикалық әндер конкурсы жарияланыпты. Соған «Арыс жағасындағыны» салып көрсек қайтеді? Бірақ әділқазылар алқасының төрағасы менің композиторлар одағының мүшелігіне өтуіме көп жылдан бері кедергі боп келе жатқан ағамыз екен. Сосын әділ қазылар алқасында сені де суқаны сүймейтін, аталмыш әннің радиода қабылдануына қарсы болған бір ақын ағаң бар сияқты. Дегенмен бағымызды сынап көрелік. Осы жолы құласақ, кейін конкурс деген пәленің маңынан жүрмейтін боламыз», – деді.

Мен алғашында қарсылық білдірдім. Бірақ Шәкеңнің ұсынысы орынды болғандықтан, келісуге тура келді. Шарт бойынша ән мен сөз авторлары конкурсқа ұсынылған шығарманың екі данасына да қол қоюы керек екен. Айтқан талаптарын толық орындап, әнді конкурсқа аттандырдық.

Конкурста 6 жүлде белгіленіпті. Бірінші орын – біреу, екінші орын – екеу, үшінші орын – үшеу. Бұған қоса 6 ынталандыру сыйлығы бар екен. Шәкең оны «Алла разы болсын» сыйлығы деп атады.

Екі-үш айдан кейін республикамыздың бір беделді газетінде конкурс қорытындысы жарияланыпты. Бірінші орынды әділқазылар алқасы төрағасының әні алыпты. Екінші орынды да екі мықты иеленіпті. Тіпті үшінші орын үшеу болса да, бізге тұмсығын шүйіріпті. Бізге ынталандыру, яғни Шәкең айтқан «Алла разы болсын» сыйлығы ғана бұйырыпты. Сол 6 ынталандыру сыйлығының ең соңына «Арыс жағасында» әні тіркеліпті.

– Осы конкурсқа қатыспай-ақ қояйық деп ем, көнбедіңіз. Енді не болды? Беделіміз бес тиын сияқты сайға домалады, – деп едім, Шәкең:

– Неге? Біз бәрібір төменнен санағанда бірінші орын алдық қой, – деп жымиды.

* * *

Кейде ән мәтінін жазатындар ескере бермейтін бір мәселе алдан жиі шығады.

Қаражан Әбләзімов деген аузын ашса жүрегі көрінетіндей ақкөңіл, жайсаң жігіт бар еді. Өзі облыстық комсомол комитетінің хатшысы боп қызмет атқаратын. Сол Қаражан оныншы сыныпты бітіргеніне он күн өтпеген, шашынан ақ бантигін толық шешіп үлгермеген Фатима атты сұлу қызға тағдыр қосты. «Ақ бантик» атты әнді біз сол екі жастың тойына тарту ретінде әзірлегенбіз. Сонымен қатар әнді Шәкең облыстық радиодан бергізбекші боп үйге бір жас әнші қызды алып келді. Әншінің даусы жақсы болғанымен, есте тұту қабілеті тым әлсіз екен. Шәкең әнді қызға екі сағат бойы дамылсыз үйреткенімен, қайырмасының екінші жартысына келгенде басқа әуенге түсіп кете берді. Ол кезде қайырмасының соңғы екі жолы «…Кел, шаттығым менің, кел, асыл айым!» деп аяқталатын. Қыз неге екенін қайдам «асыл айым» деген сөзді «асылайын» деп орындады. Шәкең маған: «Мына жолдарды қайта жазбасаң, басқа ыңғайсыздау мағынаға кетіп қалады екен» деген соң қолма қол: «Шынарым-ай, сен мөлдірсің еркем, тау бұлағындай» деп өзгерттім. Шынында да «асыл айым» сөзінің «асылайын» боп та айтылып кетуін ойламаған екенмін.

Осыған байланысты тағы бір оқиға көлденеңдейді. Шәкең Сабырхан Асановпен бірлесіп «Сағынышым менің» атты тамаша ән шығарды. Сөзі де, әуені де бір-бірімен біте қайнасып, қабысып тұр. Сол тұста Шәкең үйге келді. Осы ән төңірегінде әңгіме болғанда мен: «Сабырхан аға екеуіңіз бірдей назар аудармаған ән мәтінінің бір осал тұсы бар. Сол жерін өзгертпесеңіздер, баяғы «Ақ бантиктегі» «асыл айым» сияқты ыңғайсыз бағытқа бет алып тұр. Әннің қайырмасындағы:

«…Қырқасынан қырдың,

Арасынан нұрдың,

Еркетайым, сені

Көріп қалдым ба?» деген жолдарындағы:

«Арасынан нұрдың» деген сөйлемдегі екі «н» қатар келгендіктен бір «н» түсіп қалады. Сонда: «қырқасынан қырдың, арасынан ұрдың» боп естіледі. Сенбесеңіз, өзіңіз осы тұсын айтып көріңізші», – дедім.

Шәкең екі жолды қайталады да, екі қолымен басын ұстап тұрып:

– Масқара, мұны қалай байқамағанбыз? Енді қайттік? Радиодан да, теледидардан да беріліп жатыр. Газет-журналдарға да жарияланып кетті, – деді дегбірі қашып. Біраздан соң бағзы қалыбына түсіп:

– Баяғыда «Сыр сұлуының» да бір ыңғайсыз жерін түзеп беріп едің ғой. Мәтінге көп нұқсан келтірмей өзгертуге бола ма? – деді.

– Түк қиындығы жоқ, – дедім мен. – «Нұрдың» деген сөзді «гүлдің» деген сөзбен ауыстыру керек. Ыңғайсыздық сол сәтінде жойылады…

Бірақ ән жұртқа кең тарап кеткендіктен, әлгі шағын өзгертуді енгізу мүмкін болмады.

Ал «Сыр сұлуына» байланысты мына бір оқиға есімде қалыпты.

– Қызылорда облыстық партия комитетінің идеоло-гиялық хатшысы Қаржау Жарқынбеков біздің үйге телефон соғып, Шәмші екеумізді Сыр өңіріне қонаққа шақырды. Екеуміз ұзақ ақылдастық. «Бір ән ала барайық та, сен өлеңін жаз», – деді Шәкең маған қарап. Сөйтіп, ән дайын болды. Мен «осы әннің мәтінін қызылордалық ақын Зейнолла Шүкіровке жаздырайық, аурушыл, жарымжан адам ғой. Көңілі бір көтеріліп қалсын» деген ұсыныс айттым. Өйткені Зейнолла ағаға ерекше құрметпен қарайтынмын. Қай жылы екені есімде жоқ, 60-жылдардың басы болуы керек, Оңтүстік Қазақстан өлкелік ақын-жазушыларының Шымкент қаласында үлкен жиыны өткен болатын. Сол уақытта Төлеген Айбергеновтің ұсынысымен, бәріміз біздің үйде бас қосқанбыз. Онда анам екеуміз пәтер жалдап тұратынбыз. Шамамыз келгенше дайындалдық. Қызылорданың екі жігіті Зейнолла Шүкіровті мойнына салып, көтеріп әкелген болатын. Кешіміз ән-жырға ұласып, өте әсерлі өтті. Түн ортасы ауғанша отырдық. Сол кеште Зейнолла аға маған ерекше әсер қалдырған-ды.

Қаржау Жарқынбековтың кабинетінде Зейнолла Шүкіров жазған «Сыр сұлуы» әнінің мәтінін талқыладық.

Қаржау аға:

– «Тұрғандай қарап толқынды Сырға

Бір сұлу аппақ балтыры.

Сәуле боп ойнап жатқандай суда

Көзінің ерке жарқылы» деген шумақтағы «Бір сұлу аппақ балтыры» деген жолы сәл ыңғайсыздау естіледі екен, – деді. Мен ол жерін:

«Тұрғандай қарап толқынды Сырға

Бір сұлу әсем жан сыры» деп өзгерттім. Тап қазір есімде жоқ, тағы да бір жерін түзедім. Әнге Зейнолла аға «Он алты қыз» деп ат қойған екен, Шәкең әнді «Сыр сұлуы» деп атады.

Марқұм Зейнолла Шүкіровті Шәмші әніне мен осылай бұрып едім.

* * *

– Шымкентке Ришат, Мүсілім Абдуллиндер келіпті. Екеуін қонаққа шақырып, өзара сырласу кешін өткізелік. «Ақ бантик» әнін соларға орындатайық. Мен Қалаубектің мәшинесімен Шәуілдірге барып, бір қой алып келе қояйын, – деді Шәкең.

Ол айтқанын орындады. Бірақ «ГАЗ-69» мәшинесі жол жиегіндегі шұңқырға күрт түсіп кеткенде Шәкеңнің маңдайы терезе ашқышқа соғылып, көзінің үстіндегі қабағын үңірейте тіліп жіберіпті.

«Мастықпен көзін шығарып ала жаздапты» деп өсектемеуі үшін, кезіккен адамның бәріне Шәкең (сұраса да, сұрамаса да) қабағын қалай жаралап алғанын айта бастайды.

Анам қазанды толтыра ет асыпты. Қонақтар да келіп жетті. Шәкең оларға Шәуілдірден арнайы қой әкелгенін телефонмен айтса керек. Ришат аға кірген бойда:

– Кешкі ұшақпен Алматыға тартамыз. Қазір тамақ жеуге зауқымыз жоқ. Сондықтан қойды мәшинеге сала салғандарың дұрыс, – деді. Осы сөзін екі рет қайталады.

Мен тез арада қарындасым Қанайымға және оның күйеуі Пернебайға қалған етті түгел Абдуллиндердің мәшинесіне салып беруді тапсырдым. Олар аз уақытта айтқанымды орындады.

Бір кезде Шәмші ағайынды Абдуллиндерге «Ақ бантикті» орындап берді. Сол сәтте Ришат аға былай тіл қатты:

– Бұл ән бізге қатты ұнады. Бірақ оны қалың елге таныстыру рәсімі қой етімен қоса жылқы етін де қажетсінетін сияқты. Тамаққа зауқымыз жоқ екенін әлгінде ескерттім ғой. Ал енді біз қозғалалық.

Мен одан әрі шыдай алмадым.

– Ришат, Мүсілім ағалар, – дедім Абдуллиндерге қарап. – Керемет әнші екендеріңізге дауым жоқ. Қазақ арасында көп жүріп, қазақтың кейбір әндерін қазақтан асыра орындасаңыздар да, қазақ дастарханын сыйлауды әлі үйренбепсіздер. Екіншіден, қаншама жылдан бері Қалдаяқовтың әндерін шырқап келе жатсаңыздар да, сол әуендер авторының қандай адам екеніне мән бермепсіздер. Бұл сорлының дауыстарыңызды сыйлағандықтан, баруы 150 шақырым, қайтуы 150 шақырым, сонау Отырардан қой әкеліп, елпектегенін, тіпті көзін шығарып ала жаздағанын, сіздер мүлде бағалап отырған жоқсыздар. Әйтпесе, қайта-қайта түкке тұрғысыз  материалдық мүдденің айналасында мәселе қозғамас едіңіздер. Бәлкім, әзілдедік дерсіздер. Бірақ әзіл де орнымен айтылуы тиіс. Ал мына ән бұдан былай мүлде орындаушысыз қалса да, сіздерге берілмейді. Сау болыңыздар!

– Бітті. Мұхтар айтқанынан қайтпайды. Біздің бұдан былайғы әндеріміздің ел арасында сіздерсіз қанат қағуы рухани жағынан әділетті шешім сияқты. Жолдарыңыз болсын! – деп қорытындылады Шәкең.

* * *

Қалдаяқовтың жастық ғұмыры, саналы өмірінің ең сәулелі жылдары ішкілікпен өтті. Құдайдан жасырмағанды адамнан неге бүркемелейміз? Меніңше, олай қарай бұрылуына басты себеп, оның әскери борышын Сахалинде өтеуі, күзетте тұрған солдаттарға (күн ерекше суық болғандықтан) таңертең, түсте, кешке 50 граммнан таза спирт берілуі, бірте-бірте соған денесінің үйреніп кетуі басты роль ойнаса керек.

Үйге қонақ келе қалған жағдайда әдеттегідей дастархан жайылады. Бірақ арақ-шарап қойдырмайтынмын. Сонда Шәкең:

– Мұхтар аға, мына кісілерге дастархан мәзірі жасалмады ғой, – дейтін.

– Бұл кісілер ішпейді екен.

– Ішпесе, алдынан қайтады да, – дейтін ол қулана.

Шәкеңмен бірге жүрген жылдар ішінде төсекте теріс қарап жатып-ақ (тек дауысын тыңдасам болды) оны қанша деңгейде мастық жеңгенін айқын сезе беретінмін. Алғаш қыза бастаған кезінде, орташа мас шағында, естен тана мас болған кезінде аузына қандай сөз түсетініне дейін біліп отырамын. Шәкеңді іш-іш деп зорлағандарға енді екі, немесе төрт, немесе бес рюмкадан кейін «концертке» енесіздер деп ескертемін. Өйткені Шәкең қатты мас болған шағында айналасындағыларға өзгеше жайсыз мінез көрсететін. Сондықтан да сол тұста оның төңірегінде санаулы ғана адам қалды. Рас, кейінгі жылдары Шәкең арақты мүлде қойып кетті. Бірақ оның ең тамаша әндері, негізінен, жастық қуатының жалындап тұрған кезінде, яғни арақты судай сіміріп жүрген жылдары жазылды. Сорыма қарай (бәлкім, олай деп айтуға да болмас), оның осы кезіндегі өмірінің едәуір бөлігі маған тап келді. Қаншама уақытым оны ішкіліктен, түрлі өсек-аяңдардан қорғаумен, өзінің басты, табиғи арнасына бұрумен өтті.

Бір күні кешкілік Шәкең:

– Терезенің сыртында біреу: «Қалдаяқовтың қайткен күнде де көзін жоюымыз керек» деген әңгіме айтып тұр, – деді түсі бұзылып. Пәтеріміз бірінші қабатта болғандықтан сыртқа шығып қарап келдім. Ешкім жоқ. Сәлден кейін әлгі сөзін көрші бөлмеде ұршық иіріп отырған анама да барып айтты. Ол да сыртқы терезе алдын шолып келді. Шәкең әлгі сөзін жиі қайталай берді. Амалым таусылған мен өзім жиі араласатын Қалаубек Тұрсынқұловқа, Тұяқ Мұсатаевқа телефон соқтым. Олар бұл «белая горячка» болуы ғажап емес. «Жедел жәрдем» шақырып емдетпесең, асқынып кетуі мүмкін» деп қорқытты. Түн жарымына таман «Жедел жәрдем» де келді. Екі иығына екі адам мінгендей қапсағай денелі орыс жігіті кіріп: «Науқас кім?» – деп сұрады. «Жоқ, мен науқас емеспін», – деп Шәкең ыршып түсті. Менің нұсқауыммен дәрігер Шәкеңді көріп болған соң «ауруханаға кеттік» деді. «Мұхтар бармаса бармаймын», – деді ол. Мәшинеге мен де отырдым. «Жедел жәрдем» қаланың шетіне таман орналасқан, бұрын біз маңына жақындауға сескенетін «Жындыханаға» келіп тоқтады. «Мұнда әкелгеніңіз не?» – дедім дәрігердің құлағына сыбырлап. «Бізде осылай. Екі ауру түрінің айырмашылығы шамалы», – деді дәрігер. Шәкеңді ішке кіргізбекші болып еді, ол: «Мұхтар қалмаса, мен де қалмаймын», – деп арқамнан қапсыра құшақтап алды. Жалма-жан екі жігіт жетіп келіп, оның қолын ажыратып, ішке алып кетті. Сол жердің «кезекші дәрігері» мені бөлмесіне шақырып: «Ертең, түске дейін 7 бөтелке арақ алып келесіз», – деді. «Бұларыңыз қалай? Арақтан емдеудің орнына қайта арақ ішкізесіздер ме?» – дедім таңданып. «Дәл солай, – деді кезекші дәрігер. – Алдымен денесіне дәрі егеміз. Сосын арақ ішкіземіз. Дәрі жүрегін айнытып, ішкен арағын қайта құстырады. Бұл тәсіл бірнеше рет қайталанғанда, науқас арақ көрсе жүрегі айнитын халге жетеді. Біздің емдеу тәсіліміз осылай».

Келесі күні, айтқан уақытында әлгілерге 7 бөтелке арақты жеткіздім. Екі күннен кейін Шәкеңді іздеп барсам, аула ішінде еңгезердей бір жігітпен қыдырып жүр екен.

– Ауруханадағы жалғыз есі дұрыс жігіт осы, – деп ол қасындағы еркекті маған таныстырды.

Сосын бөлмесіне ертіп барды. Жиырма шақты адам бір бөлмеде жатады екен.

– Мен мына темір кереуеттің үстінде емес, астында жатып жүрмін. Себебі, қасымдағы жындылардың бірі сыртқа шыққанда қойнына тас салып кіріп, түнде сонысын бар пәрменімен лақтырады екен, – деді ол.

Ауруханаға жатқанына айға жақын уақыт өткенде, өзі де әбден қажыса керек, «мені қашан шығарып аласыздар» деп анама қайта-қайта телефон соға бастады. Менімен сөйлесуге, ұрысып тастай ма деп қаймығады. Дәрігермен ақылдассам, «әлі бір ай жатқаны дұрыс» дейді. Ақыры анама бағынбасқа шарам қалмады. Нағашымның үйіндегі жалғыз қойымызды базарға апарып сатып, оның ақшасына Шәкеңе костюм-шалбар, аяқ киім, көйлек, плащ, галстук, тіпті ішкиімдеріне дейін алдық. «Ауруханадан түгел тазартып, жаңартып шығарайық. Өйткені арақты мүлде қоюға уәде беріп отыр», – деді анам. Мен олай ететініне сене қоймасам да, анамның ақ тілегіне мойынсұнбауға хақым бар ма? Шәкеңді мұнтаздай етіп киіндіріп, жолай мешітке соғып, құран оқыттық. Бала мінезді Шәкең анама деген ризалығын білдіріп, қайта-қайта бетінен сүйе береді. Үйге келдік. Анам ас әзірлеу қамымен жүр.

– Ал, Шәке, шыныңызды айтыңыз, қанша айға дейін ішпейсіз? – деп едім, ол анам жаққа жалтақ-жалтақ қарап:

– Қайтсем де алты айға шыдаймын, – деді.

Бірақ Шәкеңнің бұл жолғы шыдамы үш айға әзер жетті…

* * *

Ізет әпкемнің күйеуі Өскенбай жездемді сәби кезімнен білемін. Оның тұңғыш ұлы Аманбаймен бірге ойнап, бірге оқыдым. Үлкен қызы Қаншайым біздің бала кезіміздегі тентек оқыс мінездерімізді анама, әпкеме, жездеме жеткізіп, төбемізге жаңғақ шаққызып тұрды. Одан кейінгі қыздары Қалампыр пен Рәпия кішкентай шағынан қолымда тәрбиеленді. Екеуі де «кімнің қарындастарысыңдар?» деп сұраса «Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың қарындасымыз» дейтін. 3-4 жасар Рәпиядан Шәкең: «Доптан үлкен басы бар, жалбыраған шашы бар. Кім ол?» десе «Мен» деп жауап беретін. Міне, сол қыздардың әкесі Өскенбайға өзім кейін облысқа, республикаға белгілі ақын бола бастаған шағымда да жеткілікті назар аудармаған екенмін.

Бір күні анам өз сіңлісі Адастың ұлы Есенбек Смайыловтың үйіне қыдырып кеткенде, Шәкең екеуміз ғана үйде қалғанбыз. Кешке Өскенбай жездем келді. Шай қойып іштік. Шәкең: «Жездең күнде келіп жатқан жоқ қой» деген соң, екеуінің алдына бір шиша арақты домалаттым да, өзім көрші бөлмеге барып, ұйқыға кеттім. Таңертең 7-лер шамасында оянсам, екеуі сол баяғы орнында әлі отыр. Қастарында бос бөтелке домалап жатыр.

– Мына жездеңдей қазақтың ең көне әндерін жетік, әрі көп білетін адамды бүкіл оңтүстіктен кездестірген емеспін, – деді Шәмші таңырқап. – Не деген дария адам. Өткен ғасырлардағы сан салалы ақындар айтысы, тіпті Сүйінбай мен Жамбылдың қырғыз ақындарымен жекпе-жегіне дейін санасында сайрап тұр. Мен тек өзім бұрын ешқайдан естімеген көне әндерді ғана нотаға түсіріп алдым.

Ол қасында үйіліп тұрған 30-40 парақ ән нотасын көрсетті.

Басқаны басқа дейік. Өзімнің туған әпкемнің күйеуінің рухани саласына назар аудармай келгендігіме сол жолы қатты ұялыс таптым. Бәлкім, оған оның біртоға тұйықтығы және анда-санда жолыққанда алға шығып кететін шектен тыс ұяңдығы мен кішіпейілділігі себепкер болған шығар.

Өскенбай жездем кейіннен бауыр рагіне тап болды. Алматыға алдырып, сол саланың білікті мамандарына көрсеттім, ауруханаға орналастырдым. Қасында бір жас жігіт жатады екен. Әлгі азамат өзі науқас болса да, жездеме нақ бір әкесіндей қарап, қызмет етті. Намаз оқитын кезінде дәрет суына дейін әзірлеп беріп жүрді. «Жездеңізден көп нәрсе үйрендім. Терең сырлы, парасатты адам екен», – деді ол бірде маған. Сол тұста Шәмші де арнайы іздеп барып, Өскенбай екеуі аурухана ауласындағы талдың көлеңкесінде түске дейінгі уақытын бірге өткізіпті.

Көп жыл бұрын қазіргі Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовпен кездесіп қалдым.

– Менімен бұрын ауруханада бірнеше дүркін жолыққансыз. Есіңізге түсіріп көріңізші, – деді ол.

Қаншама тырыссам да, есіме түсіре алмадым. Сөйтсем, ауруханада жездемнің қасында жатқан баяғы ізетті жігіт сол екен.

– Кейде ізгілік пен азаматтық рухын бойға жинақтаған адамдар да билік тұғырына көтеріле алады екен-ау, – деп әзілдедім мен.

Дәрігерлер Өскенбай жездемнің бауыр рагі енді мүлде емдеуге көнбейтінін, жарық дүниеде санаулы ғана күні қалғанын ескертті.

Туған ошағы Қасқасуға қайтармас бұрын, Алматыда қазақ политехникалық институтында оқитын Серікбай атты ұлы екеуін «жигулиіме» отырғызып, Көктөбеге алып бардым. Сосын Медеу шатқалының ең биік шоқысына (өзім рулдемін) бұралаң жолдар арқылы өрледік. Сол жерде дастархан жайып, ұзақ сырластық.

– Алматының жұрт жаяу көтеріле бермейтін биігіне мәшинемен шығарып, есте қаларлық ерекше сыйлық жасадың. Ризамын! Шәмшімен де, өзіңмен де бірге өткізген сәттерім өмірімнің ең бір сәулелі кезеңі боп қалады, – деп көзіне жас үйірген еді марқұм Өскенбай жездем.

* * *

1971 жылы маусым айында Ш.Қалдаяқов екеумізді Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің хатшысы Кеңес Аухадиев шақырды. Оған басты себеп, бірнеше жыл бойына Қазақстан комсомолын басқарған Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз жаңадан ашылған Торғай өлкесіне облыстық партия комитетінің идеологиялық хатшысы боп ауысқан еді. Сол Өзекең Шәмші екеуімізбен Торғай облысында бірнеше кездесу өткізбекші екен.

– Сөздің ашығы, мен соңғы кездері Шәкеңмен бірге жүруден әбден қажыдым. Өзі барып қайтса жөн болар еді, – деп Аухадиевке өтініш айта бастап едім, Шәкең:

– Өліп кетсем де, он күн арақты ауызға алмауға уәде беремін, – деді.

– Міне, өзі уәде беріп отыр ғой. Өтінемін. Бірге барып қайтыңыздар! Өзекең де сіздерді күтіп отыр, – деді Кеңес Мұстақымұлы.

Алматыдан Целиноград қаласы арқылы Арқалыққа ұшып бардық.

Келесі күні Ш.Қалдаяқов екеуімізбен облыстың ығай-сығайлары түгел қатысқан үлкен кездесу басталды. Жиынды Өзбекәлі Жәнібеков ашып, алғашқы сөзді Шәмшіге берді.

Шәкең біразға дейін орнықты, ойлы пікір айтты. Бірақ алдындағы графин толы суды нән стаканға толтыра құйып, екі-үш рет сіміре тартып жіберген соң-ақ тілі күрмеле бастады.

Мен төралқада өзіммен қатар отырған Өзекеңнің құлағына:

– Шәмшінің алдындағы графинді тез алдырыңыз, ішіне арақ құйылыпты, – деп сыбырладым.

– Мүмкін емес, – деді Өзекең.

– Қалай мүмкін емес, сөз мәнері бұзылып бара жатыр ғой…

Өзекең қызметкерінің бірін шақырып алып, мінбердегі графиннің көзін құртуды тапсырды. Бірақ бұл тым кеш жасалған шара еді. Менің күдігім расқа шықты. Біз тарапынан ішкілік ішуіне қатал қысым болғандықтан, Шәкең өзін ерекше қадыр тұтатын жанкүйер жігіттерге айтып, графинге шүпілдете арақ құйғызып қойған екен.

Кешкілік Өзбекәлі аға екеуміз Шәкеңді таңертең, түсте және кешке жүз грамнан ғана арақ ішуге көндірдік және оны өз қолымыздан беріп тұруға уәде еттік. Келесі таңертеңгі уәдеміз сәл кешеуілдеп қалған сәтте, Шәкең:

– Ылғи да есте ұстайтын бір мәселе бар. Арақты неғұрлым ерте ішсең, мастығың соғұрлым ерте тарқайды, – деді. Уақыт өте келе Шәкеңнің бұл ұсынысы жұрт арасында қанатты сөзге айналып кетті.

Сол сапарымызда Шәкең екеуміз Торғай облысының өнерқұмар қауымына «Арқалықтың ақ таңы» атты ән сыйладық.

Қоштасар түні Өзбекәлі аға елден ерек сырласу кешін өткізді. Кешке он шақты адам ғана қатысты. Сол түні мен Өзекеңді мүлде жаңа қырынан таныдым. Біріншіден, дауысы ашық әрі жағымды екен. Сахнадан, радиодан, телеарнадан ән салса, қазіргі жүрегін емес, тамағын ғана жұмысқа қосатын әншілердің біразын шетке ығыстырары хақ. Екіншіден, қазақтың арғы, бергі әндерін жетік біледі және олардың шығу, жазылу тарихынан да мағлұматы мол. Тіпті Шәмшінің «Ақ ерке Жайық» атты керемет әнінің жұрт білмейтін қазақтың бір көне әніне сәл-пәл ұқсастығы бар екенін, бірақ мұның өзі қазақы әуен болмысын дамытуға, толықтыруға жататынын дәлелдегенде бәріміздің аузымыз ашылып қалды. Ақыры, Өзекеңнің ұсынысымен, дастархан төңірегінде отырған әр адам өзі ерекше жақсы көретін қазақтың бір әнін орындауға тиіс болды. Сол сәтте облыстық партия комитетінде басшылық қызметте жүрген, бастан-аяқ орысша тәрбиеленген бір сұлу қыз өз ұлтының бір әнін, тым құрыса, екі жол қазақ мәтінін айтып бере алмай масқара болды. Қаным қайнап кеткендіктен көрші бөлмеге барып, бас-аяғы жарты сағаттың ішінде Өзекеңе арналған өлең жазып, оны жиналғандарға оқып бердім. Өзбекәлі аға көзіне жас іркіп, бетімнен сүйді. Сол «Мен қыз үшін ұялдым» атты өлең мынау еді:

«Байқатпастан уақытты тез өткен,

Өнер толы өзекпен,

Жыр қанатын безеп кең,

Әнге басты жиналғандар кезекпен.

Бірақ жұртқа зейін қоймай сыздана,

Ортамызда отырды біp қыз бала.

Міне, ғажап, келбет қандай, көз қандай.

Сұлулығы қиялыңнан озғандай,

Ақша бұлттың арасынан біp арман

Соған қолын созғандай.

Бозбалалар аузын ашып аңырып,

Қарап қапты қозғалмай.

Думан қызды. Аянатын заман ба?

Ән кезегі келіп жетті оған да.

Сіңген өнер кәpігe де, жасқа да,

Қыз көңлінен таба алмапты баспана.

Әлгі сұлу өзін туған халықтың

Біp әнін де білмей шықты, масқара.

Ал онысын кемшілікке санамай,

Отырды ол өз ойымен одағай.

Бөлме толы жақтырмаған көздерге

Пысқырып та қарамай.

Оғы болмай атуға,

Қарттар жағы наразы тіл қатуда:

«Бұл немене, тумай жатып бату ма?»

Нақ сол сәтте сен ән салдың, жан аға.

Бұдан асқан нұрлы шаттық бола ма?

Сен ән салдың шарықтатып, шырқатып,

Көңіліңнің ақ дауылын бұрқатып,

Сен ән салдың арыңдатып, зарлатып,

Көздің жасын парлатып,

Айналайын, нар тұлға,

Теңіз болсаң, тартылма.

Өзен біткен шапқылап

Epіп жүрсін артыңда.

Әлде шырқау таусың ба?

Ал тау болсаң, таусылма.

Қазақтың кең даласы

Жатты сенің даусыңда.

Көз алдымда көлбеді

Толқын құм мен салқын мұң,

Жарқын белес, жалқын күн.

Жатты сенің даусыңда,

Жомарттығы халқыңның.

Жатты сенің даусыңда,

Шарқ ұрғаны сұңқардың,

Алқынғаны тұлпардың,

Ойшаң жepдің орманы,

Таудың қия жолдары,

Әкеміздің талғамы,

Бабамыздың арманы.

Сен ән салдың, жан аға,

Бұдан асқан нұрлы шаттық бола ма?

Ұқсап туған екенсің-ау далаңа.

Mінe, сендей жаны мұхит жандармен

Бізгe сұлу көрінеді замана.

Ән қаптасын гүл қаптаған қырлардан.

Халық деген мағынаға бай теңіз.

Өз халқының байлығынан құр қалған,

Мазмұны жоқ мына қызды қайтеміз?

Борышымыз ұшан-теңіз, елесек,

Адам әр кез заманына берешек.

Не болады одан туған бүлдіршін,

Не болады одан туған келешек?

Халық әні –

Азаттық пен қиялдың

Самалы ғой. Оны естуден тияр кі

Мұхтар Шаханов
24679

АҚЫН ӨМІРБАЯНЫ

Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келген. Мамандығы тракторшы, филолог. 1969 жылы Шымкент пед…

Өмірбаян
Ұқсас сілтемелер:
14 Қаңтар 2019, 12:17
Мен ғой.