BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Құны түскен атақ

Кім атағын жалған тілмен жырлайды,

Ел ішінде сол беделден жұрдай-ды

Жүсіп Баласағұн

Дана халқымызда: «Ауруын жасырған арам өледі» деген ғибратты сөз бар (Мұның мәнісі: егер де науқас адам дер кезінде емделмесе, онда ол орны толмас өкініште қалады дегенді меңзейді).

Меніңше, мемлекет - деген мыңдаған, миллиондаған өз азаматтарынан тұратын тірі ағза (организм) деп қабылдануы тиіс. Ағзасы болған соң, оның да өз дерті болады. Мәселен, қазіргі ағзамыздың ең басты дерті - ол бүгінгі Қазақстан қоғамын жайлап, жең ұшынан жалғасқан сыбайластық (әр саладағы тамыр-таныстық) дер едім.

Құрметті оқырман! Сіздерге бұл жолғы айтпағым, елімізде түрлі жолдармен таратылып жатқан марапаттар жайлы болмақ!

Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Менің айтар ойымның еліне еңбегі сіңген, халқы құрметтеп, төрінен сыйлы орнын ұсынып жатқан азаматтарымызға еш қатысы жоқ!

Сондықтан өзім қызмет жасап келе жатқан мәдениет саласын тілге тиек етпекпін.

Осы «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі кімдерге берілуде? Және оны беру кезінде Заң талаптары қаншалықты сақталада? Бұған Қазақстан Республикасының Заңы не дейді екен? Соған назарларыңызды аударып көрейін!

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы.

«Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі

77. «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен мәдениет саласының дамуына ерекше үлес қосқан, елдің мәдениетін дамытудағы ұзақ жылғы еңбегі мен жеке үлесі, мәдениет саласын жетілдіруге белсене қатысқаны, мәдениет жүйесінде инновациялық қызметі үшін мәдениет саласында 15 жыл және одан да көп еңбек өтілі бар мәдениет саласының қызметкерлері марапатталады» дейді.

Міне, бұл заң! Ал ол заң несімен құнды? Әрине, Заң орындалуымен ғана құнды!

2011 жылы «ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ» деген атағы тоқтатылып, оның орнына соған теңестірілген «ҚР МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ» деген жаңа атақ енген болатын. Осыдан кейін-ақ еңбек өтілі толмаса да, екінің бірі аяқ астынан «қайраткер» болып шыға бастады. Бұл ондайларға оп-оңай сияқты. Ол үшін - бұрыннан келе жатқан мәдени іс-шаралардың атауын өзгертіп және оны өзіңнің «инновациялық жобаң» етіп көрсетіп, сол арқылы атаулы мерекелерде, сондай-ақ т.б. Үкімет тарапынан берілетін мерейтой төсбелгілерін ретін тауып кеудеңе тағып алсаң жетеді. Масқара ғой!

Барлығымыз да адам баласымыз. Біздің ұжымда осы аталмыш мәселеге қатысты өкпесін айтуға басшылықтан жүрексінетін кейбір әріптестерімнің реніштері оңашада естіліп қалады. Мұндай әділетсіздікке бұған дейін қарсы шығып та көрдік. ШҚО тарапынан да арнайы өкілдерді шақыртқызып жиналыс та ашқыздық. Бірақ тағы да сол басшылық төрде өздері отырып алып, дайындап қойған «қуыршақ адамдарын» сөйлетіп, өкілді сендіріп алдыңды орап кетеді. Ұжым қамын жеген актерлік шеберліктеріне таң қалмасқа шараң қалмайды. Ал сырттай наразылық танытып жүргендер, жеме-жемге келгенде төмен қарап, көздерімен еден шұқып кетеді. Осылайша өз ішімізден өзіміз іріп-шіріп бара жатқан ұжымға айнала бастаған сыңайлымыз. Абай атам айтқандай «баяғы жартас, бір жартас...».

Сол бір спектакльдегі екіжүзділікке «тойып», іштен тынып жүрген едім. Енді, міне, тағы да шыдай алмай барша қазақ еліне шындықты ашық түрде жайып салуға бел будым. Оған таяуда өткен Тәуелсіздік мерекесіне орай орын алған бір өрескел жағдай түрткі болды.

2013 жылы басқа саладан мәдениетке келіп, осы бес жыл ішінде ғана марапаттарға ұсынылып үлгерген көркемдік-жетекшіміз Гүлжан Жақсыбайқызының тағы да «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ұсынылуы еді. Ол марапатқа ұсынылған әріптестерімізге қатысты өткен ұжым жиналысында аспай-саспай-ақ: «Біраз адамдар ұсынылып, ішінде менікі өтті. Каналдарды салып жүріп, әрең алдық қой...» - деп, көпшілікке қарап күле айтқан болатын...

Мен жаныма батқан мұндай «каналы» күшті мәлімдемені мемлекетіміздің абыройын түсіру және де сол мекемеде талай жыл тер төгіп келе жатқан өнер адамдарының еңбегін қорлау деп қабылдаймын. «Көркемдік жетекші» - дегеніміз аты айтып тұрғандай мінезі көркем, сыпайы, айтар ойы мен әр сөзін жүйелі түрде салмақтап, мәдени түрде жеткізетін адам болуы тиіс. Басшының тарапынан «ерекше қолдау» тауып 2016 жылы Тәуелсіздік күні, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 - жылдығы сияқты айтулы мерекелерге арналған марапаттарға, 2018 жылы «ҚР Мәдениет саласы үздігі» төсбелгісіне, тек сол бір адамның ғана ұсынылуы қалай? Сонда бұл өзі қандай «канал...»?

Егер көркемдік жетекші мәдени іс-шараларды өткізіп жатса, бұл оның тікелей жауапты міндеті және сол үшін үкіметтен арнайы жалақы алып отырған күнделікті жұмысы ғана емес пе? Адам өзінің тікелей міндетін атқарғаны үшін ғана марапатқа ұсыныла берсе, ендігі кеуде түгілі арқасы да толатындар баршылық қой.

Тағы бір айта кететін жәйт. Биылғы мамыр айында ғана Мәдениет сарайында көп жылдар еңбек жасап келе жатқан әнші қарындасымыз осы атаққа ие болды. Шын қуандық. Енді, ойлап қарасам, бұл - басшылық тарапынан күдік пен дау тудырмас үшін арнайы жасалған қитұрқы айла екен. Сонда қызметкерлер үкіметтік марапатқа қажет болса, әр алты ай сайын ұсыныла ма, әлде, сол саланың дипломын ала сала, ұсыныла ма? Егер бес жылда осындай «жетістіктерге» жетіп үлгерсе, енді, бес жылда (каналдары аман болса) мына қарқынмен «ҚР Еңбек Ері» -нің де ауылы алыс емес сияқты ма, қалай? Сонда мәдениет саласында он бес жылдан астам өнердің отынымен кіріп, күлімен шығып жүрген шығармашылық адамдары қайда қалады? Белден басылып, талабы орындалмаса, оның несі Заң? Мен осы сұрақты сол әріптестеріме тікелей қойып та көрдім. Ал олардың айтар жауаптары: «Аға, соңымызға түсіп алады...» - деп, жасқаншақтап төмен қарайды. Осы жасық мінезбен қалай ел болар екенбіз ә?!

Түсінген адамға өнер жолы қиын жол екені мәлім. Марқұм Әшірбек Сығай ағамыздың: «Өнерге оңай деп талаптанба, қиын деп талаптан» деген қанатты сөзі бар. Егер арзан атақ қуғандар ретін тауып төрге шықса, сөйтіп осындай «құрметке» бөлене берсе, онда өнер мен мәдениетте не құрмет, не қасиет қалады?!

Басқа салада еңбек жолын бастап, мәдениетке ат басын 2013 жылы бірақ бұрған, сырттай музыкалық дипломын алғанына да бір жарым жыл ғана болған адамды мәдениеттің көшін жалғыз өрге сүйрегендей етіп көрсету қаншалықты ақылға сияды? Мен, осы саланың қыр-сырын меңгере қоймаған, еңбек өтілі бес жылдан енді ғана асқан, түймедейін түйедей қылып көрсететін адамдарға мұндай марапаттың берілуіне толықтай қарсымын!

ҚР Конституциясының 17, 18 - баптарына сүйене отырып, бұл асқынған дерттің үкімет тарапынан арнайы комиссиямен жіті назарға алынып, қатаң тексерілуін және заң талаптарының орындалуын талап етемін!

Жалпы, Елбасының Жолдауындағы: «Заңды бұзған екенсің, оның баптарына сәйкес жауапқа тартыласың» деп айтқан ескертпесі қайда? Егер де еңбек өтілінен тыс мәдениетке әкелген тың жаңалығы мен бұрын қайталанбаған әрі халықтан өз бағасын лайықты түрде алған дара туындысы болса құба-құп қой. Ал бұдан басқа жағдайда, яғни ең бірінші кезекте - еңбек өтілі ескерілуі қажет деп санаймын! Міне, осылайша Заңға қайшы келетін әрекеттер мен каналдар арқылы берілген "атақтардың" құны түсіп жатыр. Бұл енді, мемлекетімізге де үлкен сын емес пе? Тіпті атақты «Сәби болғым келеді» әнімен-ақ күллі Қазақстанды тамсандырған Тұрсынғазы Рахимов ағамыз халқының құрметінен кенде болмаса да көзінің тірісінде бағаланып, еңбегіне сай әділ бағасын ала алмай кетті ғой, қандай өкінішті. Онда мыналарға не жорық? Демек, басшылықта отырған адамдарда нағыз еңбекті бағалайтын парасаттылық кемшін соғуда деген сөз!

Ал қазіргі уақытта басшымен тығыз қарым-қатынасы бар адамдар алдын ала келісіп (сыбайласып) барып, өзін ұсыну үшін жіберілетін ұсыныс-мінездемені де жымын білдірмей жоғары жаққа жолдап қояды. Ал оның керісінше екенін дәлелдеу өте қиынға түсетіні айтпаса да түсінікті.

Бұл тақырыпта ащы шындықты жазу, менің өзіме де оңай болып отырған жоқ. Өйткені, жазғандарымның бәрі жан жадыратар жайларға емес, көңіл құлазытар ойларға толы. Оны да жақсы түсінемін!

Мен Семей қаласының гербі туралы алты жыл бойына әділет іздеп, сол үшін әкімдік тарапынан «пәлеқор» да атандым. Мейлі, күйе жұққанымен күйдірмейді ғой, бәлкім уақыт-емші өзі бір дауасын табар. Көңіліме сол да жұбаныш! Бірақ бұған кінәлі адамдардың жан айқайына пысқырып та қарамайтын, тек өз креслосын ғана мәңгілік қозғалмайтын «таққа» теңейтін жергілікті жердегі меңіреу шенеуніктер деп санаймын.

Сөз соңында айтарым: біз АҚИҚАТ аулынан қанша алыстасақ, АДАМГЕРШІЛІК те бізден сонша алыстай бермек. «Арзан атақ қуамыз» деп жүргенде, адами қасиетімізді жоғалтып алмайық, ағайын!

Ерлан Шаяхметұлы

Семей қалалық Мәдениет Сарайының қоюшы-суретшісі

Айдын Ырысбекұлы
56043

АЙДЫН ЫРЫСБЕКҰЛЫ - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Сараптама Кеңесінің (ЭС) геральдист-сарапшысы, алаштанушы. 1971 жылы 7 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы (бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданы), Ақсуат ауылында туған.

1986 жылы Қарғыба ауылының Ю.А. Гагарин атындағы сегіз жылдық мектебін, 1989 жылы Ақсуат аудандық №17 кәсіптік-техникалық училищесін «Кіші мал дәрігері» мамандығы бойынша, 1995 жылы Се…

Өмірбаян
Ұқсас сілтемелер: