BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қайсар қайым

- Армысыздар қымбатты телекөрермендер! Назарларыңызда Орта толсын хабары. Студиямызға келген мейманымызбен таныстырып өтейін. Алаштанушы Айдын Ырысбекұлы. Студиямызға хош келдіңіз! Айдын аға соңғы кездері көп көрінбей кеттіңіз, ел көзінен кішкене тасада жүрсіз. Қызметіңіз Елордаға ауысып жатыр деп естіп жатырмыз.
- Иә, осыдан үш жылдай бұрын, қызмет бабымен Елордаға ауыстым. Қазір сонда жүріп жатырмын. Бірақ, ол жаққа кетсем де, Семейден кеткен жоқпын. Керісінше, «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» дегендей, туған қалам-Семейім асқақ көріне бастады. Ал, қызметтің аты қызмет, ол әркімге де қажет. Бүгінде, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы Төрағасының Кеңесшісі қызметін атқарып жүрмін. Семейіме таяуда ғана оралып, Алаш тақырыбына арналған «XX ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты кітабымыздың тұсаукесерін жасап кеттім.
- Енді жаңа кітаптарыңыз жарық көрді, оған баршамыз да куә болдық. Мұнда, қандай тақырыптар қозғалған, ішінен оқырман нені оқып біле алады? Кеңірек тоқталсаңыз.
- Біз енді Алаш партиясының рухани ізбасары деп, Алаштың атын атап, Алаштың аруағын тербеткеннен кейін, сол ұстанымды өзімізге мақсат-мұрат тұтып келе жатырмыз. Осы күнге дейін тасада қалып келген көптеген Алаштықтар жайындағы тың деректерді жарыққа шығару бағытында «белгісіз оқиғалар мен жаңа есімдер» деген арнайы номинация енгіздік.
- Біз оны қайдан ала аламыз? Және қанша тиражбен жарық көрді?
- Кітабымыз 2014 жылы 2000 тиражбен жарық көрді. Оны Абай атындағы әмбебап кітапханасынан ала аласыздар.
- Айдын аға, осы өзіңіздің жүрек қалауымен таңдап алған тақырып жайлы тағы да қандай жаңалықтарыңыз бар?
- «Асыл қазына» атты мұрағат құжаттары жинақталған екінші кітабымыз қазіргі күнде баспаханада жатыр. Алла қаласа, оның да тұсаукесерін Семейде, Астанада, Алматыда өткізетін боламыз. Ал күзге қарай, «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» деген кітабымыздың кезекті саны да дайын болып қалады. Сондай-ақ, біз 2015-2020 жылдарға арналған Алаш бағдарламасының жобасын әзірлеп шығардық.
- Өте жақсы. Алдағы 2016-2017 жылдардың еліміз үшін айтулы мерекелерге толы жылдар екенін өзіңіз де жақсы білесіз. Абаймен тыныстап, «Абай» деп өмір сүрген, оның шығармаларын зерттеуге бүкіл ғұмырын сарп еткен Алаш арыстарының соңғы тұяғы саналатын Қайым Мұхамедхановтың туғанына 2016 жылы 100 жыл толады екен. Жалпы, Сіздің Қайым ағамен жеке таныстығыңыз болды ма және ол кісінің көпке беймәлім қырларын көре алдыңыз ба?
- Байқап қарасаңыз, әр өлкеде, әр өңірде өзінің азаматтығымен, адалдығымен, тазалығымен, туған халқына, үлгі-өнеге, өсиет қалдыратын дара дарындары болады. Бірақ, табиғат ондай талантты жандарға тым сараң. Ол тек адам баласы ұсақтап кетпесін, жақсы мен жаманын ажырата алмай қалмасын, асылын жоғалтып алмасын, оның да бір өлшемі болсын дегендей, әр жерде Қайым ағамыздай қадау-қадау тұлғалар жаратады. Міне, өзінің сөзімен айтқанда, Алаш арыстарының тізесінде отырып ер жеткен, азаматтық ұстанымынан танбаған, қайсар Қайымның өмірі біздің Семейдің тарихымен, Алаштың тарихымен біте қайнасқан. Қайым ағамыздың «Алаш арыстарының тағдырын кешсем арманым жоқ» деген ұран сөзі де бар ғой... Ал, енді менің бұл кісімен жеке таныстығым, 1989 жылы Семейдің педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түскен кезімнен басталады. Нақтырақ айтқанда, Қайым ағадан І курста дәріс алдым. Сол кезде бұл кісі қария жасындағы адам еді, 74 жаста болатын. Былай сырт бейнесі сол жасының егделігіне қарамастан, жинақы, ерекше бір сымбатты және жүрісі де ширақ, өте сыпайы, әмбе біркелкі түзу екен... Үстіне кигені қара костюм, жағасы крахмалданған ақ көйлекке жарасымды галстук тағып жүретін сондай бір үлгілі жан еді... және үнемі Алаш арыстары туралы айтып жүретін әрі Абайдың қара сөздерін де жиі қолданатынды. Әлгі, жиырма екінші қара сөзінде: « жүйрік ат –кейде ол елде, кейде бұл елде болатұғын нәрсе, қыран құс та, жүйрік ит те-кейде оның қолына, кейде мұның қолына түсетұғын нәрсе. Күшті жігіт те үнемі бір елден шыға ма. Кейде ана елден, кейде мына елден шығады. Бір озған, бір жыққан үнемі озып, үнемі жығып жүрмейді» дегенін әрдайым жадыңа тұт. Мен саған ешқашан жеңілмейтін, тозбайтын бір идея айтайын, ол «Алаш» идеясы - деп соны түсіндіре бастайтын. Әрине, мен ол кезде «Алаш» деген атаудың өзін шала-шарпы ұқтым, санама ұялаған жоқ. Сонда жарықтық: «Абайдың жасына келгенде, Алашқа айнымастай болып бет бұрарсың» - дегенді...енді міне, сол сөзі расқа айналды...
- Мүмкін, Қайым ағаның осы сөзінен кейін, сізді бір үлкен ой мазалап, Алашқа біржолата бет бұрған боларсыз...бәлкім осы бір ауыз сөз болашағыңызды айқындаған шығар...?
- Иә, толық айқындады деп нық сеніммен айта аламын. Маған осы бір ауыз сөз шынында да қатты әсер етті...бірақ мен бұл жолға түскенше, біраз сергелдеңде жүрдім... Ол кісінің әңгімелерінің дені арманда кеткен Алаш арыстары туралы болушы еді. «Мына жерде олардың табанының табы ғана қалған жоқ, маңдайының тері ғана сіңген жоқ, бұл жерде олардың қаны да төгілді ғой» - деп, оңашада күрсінетінді. Былайша айтқанда, Қайым ағамыздың мұраларын зерттеп-зерделеу, баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, көпшілігіміздің өміріміз Семеймен және Алашпен тікелей байланысты ғой...оның үстіне Қайым ағаның көзін көрдік, өсиет сөздерін естідік, ақыл – кеңесін тыңдап өстік...
- Енді біз бәріміз, әсіресе Семейліктер ол кісіні жақсы білеміз. Дегенмен де, сіз үйінде талай дәмдес, дастархандас болдыңыз. Көпшілікке әшкере болмаған, мысалы, қазір өзіңіз еске алып, сағынып отыратын бір сәттер болған шығар?
- Қайым ағаның 1939 жылдан бастап «Абайдың ақындық мектебі» мәселесін зерттеп, «Абайтану» ғылымының негізін қалағаны, «Абайдың әдебиет мектебі» деген еңбегін жариялағаны, сол жолда басын бәйгеге тігіп, өмірінің де астан – кестеңі шыққаны бәрімізге де белгілі. Бәлкім, жас болғандығымыздан шығар, заңсыз сотталдыңыз, Карлагтағы өміріңіз туралы айтыңызшы деп бір әредікте сұрайтын да едік... сол кезде қабағын түйіп, оны қайтесің деп зекіп, тиып тастайтын. Кейіннен, 85 жасқа толған мерейтойы қарсаңында, яғни 2000 жылы теледидар арқылы Карлагтағы көрген қиянаттары туралы ақырындап айта бастады... Ал, «Сізді нелікен Қайсар Қайым» - деп атайды дегенімізге, оны біраздан соң, ғалымдардың сөздерінен тауып аласыңдар дейтін де қоятын.... Карлагта Қайым ағамен бірге жазасын өтеген атақты ғалым Лев Николаевич Гумилев өз естеліктерінде: «Мы учились мужеству в Карлаге у Каюма», -деген. Осыған қарағанда, бұл кісіге «Қайсар» деген лақап есім Карлагтың тар қапасында жатқанда танылғанға ұқсайды...
- Ендігі кезекте, Қайым ағаның руханият әлеміне енуі және оның әдеби мұраларының бас-аяғын түгендеу деңгейі қазір қандай жағдайда? Өлеңдері, поэмалары бар, пьесалары, толғаулары дегендей...
- Қайым ағамыз 1924 жылы Алаш қаласындағы бастауыш шаруа жастары мектебінде білім алады. Алғаш хат танытқан ұстазы Тұрлыхан Қасенұлы деген азамат болды, бұл кісі қазіргі біздің батырымыз Дәулет Тұрлыхановтың атасы. Сол кісіге арнап шығарған өлеңім тырнақ алды туындым болатын, мен өлеңге де, әдебиетке де солай араластым ғой деп айтып отырушы еді жарықтық... Біздің көптеген ғұламалардың тарихқа, әдебиетке келуі, өлеңнен басталғаны мәлім. Қайым аға да сол дәстүрден аттап кетпей, оны жалғастырған көрінеді. Міне, Қайымның осы қыры, ақындық қыры әлі зерттелген жоқ. Ал пьесалары «Майданнан, майданға», «Ер Білісай», «Толқын», «Коммисар Ғаббасов» деген төрт пьесасы шықты. «Коммисар Ғаббасов» атты тарихи драмасы 1960-1980 жылдары аралығында Семейдің Абай атындағы музыкалық драма театрында екі мәрте қойылды. Мұны әр түрлі редакциямен еліміздің екі жетекші режиссері, Қазақстанның Халық артистері Бәйтен Омаров пен Есмұхан Обаев сахналады. Ал енді бұл кісінің жаңағы, поэмасы дегенде «Орындалған өсиет» деген Ұлы хакім Абайға арналған поэмасы бар. Қазірде Қайым ағаның кең көлемді екі шығармасы белгілі: бірі- 1938 жылы жазылған «Жамбыл» атты толғауы, екіншісі- 1940 жылы Абайға арналып жазылған «Орындалған өсиет» деген поэмасы. Ал, аудармаларына тоқталсақ, әзірбайжан драматургі У.Гаджибековтың «Аршин мал алан» (1941), татар жазушысы Ш.Камалдың «Қажы Әпенді үйленді» (1967), және де Қайым аға Абайдан кейін қазақ әдебиеті тарихында Шәкәрімді өзіне ұстаз санап, пір тұтқан. Шәкәрім А.Пушкиннің «Дубровский», «Метель» атты екі шығармасын өлеңмен аударып шыққан. Қайым да осы үрдіспен Н.Карамзиннің «Бедная Лиза» туындысын өлеңмен аударды. Дегенмен де, Қайым ағамыздың әдеби мұралары жинақталып, бас-аяғы бүтінделіп, әлі бір арнаға түсірілген жоқ. Яғни, жан-жақты зерттелмей келеді, ал егер жазылса, тек мақала деңгейінен әрі аспай тұр.
- Қазақ халқының мәдени мұрасын қадірлеуге елеулі үлес қосқан Қайым Мұхамедханұлының тұлғасын біздер қаншалықты деңгейде дәріптей алып жүрміз. Мәселен, Қайымның балаларының мұрындық болуымен 2008 жылы Алматы қаласында «Қайым Мұхамедханұлының атындағы білім және мәдениет орталығы» атты қоғамдық қоры құрылды, Семейдің Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде арнайы кабинет ашылды, жоғарғы оқу орындарында Қайымтану пәні бар, одан кейін өзі тұрған үйге ескерткіш тақта ілінді. Ең бастысы, Семей қаласында арнайы ескерткіш те орнатылды. Енді осы ескерткіштің тарихы мен мазмұнына біраз тоқталып өтіңізші.
- Қазіргі Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының оң жақ қапталында орын тепкен бұл ескерткішті ұлтының тәуелсіздігін аңсаған қазақ зиялыларының жиынтық бейнесі деуге әбден болады. Ұрпақтары атынан Алаш арыстарының соңғы тұяғы саналатын Қайым Мұхамедханұлына арналған монументалды стелла басындағы «Ер қазақ ежелден, еркіндік аңсаған!» деген аманат сөз халқымыздың ғасырлар бойғы арманын біздерге жеткізіп тұрғандай... «Абайдың ақындық мектебін» жазып қазақ әдебиеті тарихының биігіне көтерілген, жазықсыз 25 жылға сотталып, КАРЛАГ-тың ауыр азабы мен тозағының оты өңешінен өтсе де, қайтпаған, қайсар кейпінде туған қаласы Семейінің үстінен қасқайып қарап Қайым келбеті тұр! Ақпен қабаттасып төмен сорғалаған татты темір-Қайымның өміріне кенедей жабысып, жанын сорған, өз зұлымдығынан өзін тат басып кеткен қатал заманды білдіреді. Стелланың оң қанатында монументтің мазмұнын толығымен ашатын қордайдың қызыл гранитімен көмкерілген пилондар орналасқан. Бірінші пилон- Халық жауының әйелі тақырыбына бағытталған. Көрмегенді көрсе де, жарынан азбаған, безбеген, сатпаған тұтқын әйелдің ерлігін сипаттайды. Балаларын қиыншылықтардан аман-есен алып өткен аналарымыздың еңбегін асқақтатады. Ол мозайка түрінде жасалып, ортасынада ұлттық киімдегі әйел бейнесінің жайраңдаған жас шағы көрсетілген. Ал, шетте қара көзілдірікті, қара бет тайғанақ бейнелер... Опырылып ортаға түскен шаңырақ, сол замандағы талай отбасының қасіретін көрсетеді. Қара қошқыл бояулар композицияға қайғылы реңк береді. Бұл бейнелердің мозайка түрінде жасалуында да мағына бар. Сұрқия саясаттың кесірінен быт-шыт болып шағылған ақиқаттың сынықтарын бүгінгі тәуелсіз ұрпақ бір-бірлеп жинап, құрастырып қойғандай...Алдыдан керілген КАРЛАГ-тың темір құрсаулары тұсауланған арманды білдіреді. Мозайканың оң қапталында сөзбен соғылған мүсін-103 жолдық «Кәрі қыран туралы баллада» Қайым ағаның образын ашып, монументтің еңсесін көтереді. Орталық пилонда алтын әріптермен «Қайым Мұхамедханов» деп таңбаланған. Жазудың үстінгі жағында қыран мен қасқыр бейнеленген медальон орналасқан. Қырын мен қасқырдың шайқасы кәрі қырын туралы балладаның мазмұнын ашады, ақ пен қараның, ақиқат пен жалғанның арасындағы мәңгілік күрестің символы ретінде ойластырылған. Оң қанаттағы пилонның негізгі элементі-ашулы барыс өзінің бар айбатымен, қайсарлығымен Сталин заманына сес көрсетіп тұр. Бұл-ел үшін заманға қарсы шыққан Алаш арыстарының бейнесі. Барыстың қасында қазақтың бек буынған бағыландары-Әлихан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Халел, Мұхамеджан және жас Мұхтар бейнеленген.
- Өте жақсы! Енді, өкінішке орай, уақытымызда өзінің мәресіне келіп жетті. Айдын Ырысбекұлы «Ұраным Алаш, жүрегім Алаш» деп, осы Алаш арыстарының беймәлім және мәлім тұстарын кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында талмай, шаршамай еңбек етіп жүрген санаулы қазақ азаматтарының бірісіз. Сізге үлкен рахмет, еңбегіңіз жана берсін деп айтқым келеді!
- Сіздерге де шын жүректен ризашылығымды білдіремін!
- Қымбатты көрермендер, осымен хабарымыз тәмам! Орта толсында амандықпен жүздескенше, ортамыз ортаймасын!

 


«Қазақстан-Семей» телеарнасындағы «Орта толсын» бағдарламасының тікелей эфирі. Жүргізушісі - Гауһар Мұратқызы.
( 2015 жыл 25 сәуір )
 

Айдын Ырысбекұлы
59845

АЙДЫН ЫРЫСБЕКҰЛЫ - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Сараптама Кеңесінің (ЭС) геральдист-сарапшысы, алаштанушы. 1971 жылы 7 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы (бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданы), Ақсуат ауылында туған.

1986 жылы Қарғыба ауылының Ю.А. Гагарин атындағы сегіз жылдық мектебін, 1989 жылы Ақсуат аудандық №17 кәсіптік-техникалық училищесін «Кіші мал дәрігері» мамандығы бойынша, 1995 жылы Се…

Өмірбаян
Ұқсас сілтемелер: