BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Айдын Ырысбекұлы

АЙДЫН ЫРЫСБЕКҰЛЫ - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Сараптама Кеңесінің (ЭС) геральдист-сарапшысы, алаштанушы. 1971 жылы 7 тамызда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы (бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданы), Ақсуат ауылында туған.

1986 жылы Қарғыба ауылының Ю.А. Гагарин атындағы сегіз жылдық мектебін, 1989 жылы Ақсуат аудандық №17 кәсіптік-техникалық училищесін «Кіші мал дәрігері» мамандығы бойынша, 1995 жылы Семейдің Шәкәрім атындағы педагогикалық институтының филология факультетін «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірді.

Алаш мұрасын зерттеу ісімен 1989 жылы студент кезінен айналыса бастады. Осы уақытта Шығыс Қазақстан облыстық Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы (мемлекеттік архив), Абай атындағы Шығыс Қазақстан облыстық әмбебап кітапханасы, Абайдың мемлекеттік мемориалдық-қорық музейінің, Тарихи-өлкетану музейінің кітапханасы және ҚР Орталық Мемлекеттік архиві, ҚР Ұлттық кітапханасы, ҰҒА Орталық ғылыми кітапхана қорларында жұмыс істеп, Алаш ұлт-азаттық қозғалысы туралы материалдар жинады. Ә. Бөкейхан, М. Шоқай, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Ж. Аймауытұлы сынды Алаш арыстары жайында танымдық мақалалар жариялады. Алаштану мәселелеріне арналған Астанада, Алматыда, Қарағандыда, Шымкентте, Көкшетауда, Павлодарда, Петропавлда, Қостанай және Омбы, Қазан, Уфа, Таулы-Алтай, Бішкек секілді көршілес елдердің басты қалаларында өткен 30-дан астам халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен форумдарға қатысып, баяндамалар жасаған. Сонымен қатар, Алаш қайраткерлерінің саяси қыры мен атқарған қызметтерін зерттеп-зерделеген 300-ге тарта ғылыми-публицистикалық мақалалары әр жылдары мерзімді басылымдарда («Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан Zaman», «Дала мен Қала», «Кемеңгер», «Қазақ үні», «Жетісу», «Семей таңы», «Ертіс өңірі», «Жастар үні», «Жұлдыздар отбасы», «Арна», «Мегаполис», «Заң», «Известия» және т.б. ) жарық көрді. 1 деректі фильм cценарийінің авторы және режиссері (Үшаралдың батыры).

«XXI ғасырдағы Алаштың ақжолы» (2014), «XXI ғасырдағы Алаштың ақжолы» (2015), «Биобиблиографиялық жадынама» (2017), «Жас-Ай» жылнамасы (2017) жинақтарының құрастырушысы және «Мәрт азамат», «Алаштың құнын қалай қайтарамыз?» «Жылан жорығы», «Тау тұлға», «Күндей күркіреген елміз!», «Абайды білмесең, адам емессің!», «Алаш тағылымдары», «Академиктің Семейге келуі» кітаптарының авторы.

Еңбек жолын 1993 жылы студенттік кезден бастаған. Семейдегі жұмысшы жастардың кешкі мектебінде гуманитарлық пәндер мұғалімі, директорының орынбасары, «Семторгсистем» ЖШС Директоры, «Туған қалам - Семейім» ҚҚ Президенті, ШҚО, Семей қалалық әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ инспекторы, Астана қаласының «Көлік және коммуникация колледжі» МКҚК «КТК Times» газетінің редакторы, «Голография Kazakh-bel» корпорациясы Бас директорының бірінші орынбасары, «Ақ жол» ҚДП Орталық аппаратының идеология департаментінің директоры, Парламенттегі "Ақ жол" ҚДП фракциясы Төрағасының Кеңесшісі міндеттерін атқарды.