BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

МӘДЕНИЕТІМІЗ "ДОНОР" БОЛСА...

«Мәдениеттану» ғылымында «донор мәдениет» және «реципиент мәдениет» деген ұғым бар (лат. «dono» – «сыйлаймын» - беремін; лат. «resipere» – «алу», «қабылдау»). Демек, атауының өзі айтып тұрғандай донор-мәдениеттің алғанынан берері көп, ал реципиент-мәдениеттің берерінен алары көп мәдениет болады.

Қазіргі біздің мәдениет қандай күйде? Тарихқа терең көз тастайтын болсақ, жалпы шығыс мәдениеті Ұлы жібек жолы арқылы бүкіл батыс елдеріне өз кезеңінде донор мәдениет қызметін ұзақ уақыт атқарып, батыс өркениетінің дамуына орасан зор ықпал еткені жасырын емес. Қазір де солаймыз ба? Әрине жоқ. Жаһандану кезеңіндегі ақпараттар алмасуы, инновациялық технологиялардың дамуы, радио, телевидение, ғаламтор желісінің жетілуі сынды көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан жаңалықтар түрлі елдер мен халықтар арасындағы саяси-әлеуметтік қарым-қатынасқа ғана емес, мәдени байланысқа да әсерін тигізбей қоймайды. Өзінің өркендеу дәрежесі мен әлемде алар ауқымды орны жағынан түрлі халықтың мәдениеті, оның ішінде өзінің жеке этномәдениеті үлкен сынға түседі. Өркендеуі өрлеген елдің мәдениеті әлсіз елдің мәдениетінің жойылуына ықпал етеді. Көптеген халықтың этномәдениеті өзгеге беймәлім тек өзіне ғана аян жабық күйінде қалып қоюы мүмкін. Бірте-бірте ұмыт болуы да ғажап емес. Не шағын этно топтың ғана мәдениеті болып қалады. Тамыр жаймайды, өркендеп өспейді. Бұл жаһандану кезеңі үшін заңды құбылыс болып қалыптасады. Мәселен, Сізбен біз ғана емес, бүкіл әлем халқы киіп жүрген пиджагіміз ағылшынның киімі. Қаншама ғасырды артқа тастаған киім үлгісі болса да бәріміздің тастамай киетін, ет-сүйегіміз үйренген, қанымызға сіңген өз киміміздей айрылмай келеміз. Біз ғана емес, көптеген ұлттың сырт киімдері уақыт өткен сайын түрленіп, өзгеріп, ақыры осы ағылшын пиджагінің қалыбына қарай бейімделіп тігілетін болды. Үстіне ұлттық оюымызды жапсыра салып «Бұл қазақтікі» - десек те, алғашқы қалыбы, пішілуі ағылшын пиджагі екені көзге ұрып тұрады. Біздің ұлттық шапанымыз жоғарыда атап өткендей жабық мәдениет үлгісі болып қалды. Тек өзіміз киеміз. Онда да жылына бір рет Наурыз мерекесінде, сосын тойда сыйға тартатын теберік болып қалды. Шет елден келген қонағымыздың иығына әспеттеп жауып жібергенімізбен ол оның күнделікті киіміне айналып жатқан жоқ. Міне, қарапайым осы пиджак мысалынан біз донор мәдениеттің ықпалын аңғарамыз. Дегенмен, реципиент мәдениеттің де донордан ала отырып, өз қажетіне керегін алып, өз мәдениетін жандандыруына болады. Оған дәлел - тағы да Шығыстың ежелгі тері жамылып, ұзын етек көйлек киген елге матаны, шалбарды табыстыруында. Сол елдердің өкілі қазір «Шалбар мен жеңіл мата бізге шығыстан келді» - деп мойындап отырған жоқ. Олардың реципиент мәдениеті қажетін алған соң, өзінің дамуына жақсы пайдаға асыра білді. Содан барып, бірнеше ғасыр өткен соң пиджак болып өзімізге қайта келді. Пиджак қана емес, бәріміздің шаңырағымызда тұрған «Samsung», «Soni» мініп жүрген жеке көлігіміз «BMW», «Toyotaлар» осы донор мәдениеттің жемісі.

Қазіргі IT-технологияның жылдам дамуы мәдениет алмасу процесін де жеделдетіп жіберді. Бұл шекара келісімін, кеден тәртібін сақтап, кезек күтіп тұратын портфельде жатқан құжат емес. Ғаламтор кеңістігі, радио – телевизия торабы ондай кедергі, тосқауылдарға қарамай өз дегенін жүзеге асырып жатыр. Егер де біз әлемдік ақпараттар ағысынан өзімізді жабық ұстаған мемлекет болғанымызда ғана өзге мәдениеттің бізге кіруіне, сіңуіне уақытша болса да тосқауыл болар едік. Бірақ, одан не пайда? Өскелең ұрпағымыздың өркениетті елдің азаматы болғанын көру үшін әлемдік жаһандану үрдісінен артта қалмауға, уақыт талабына сай сап түзеп, дамыған елдермен иық тірестіріп тұруға талпынып жатқан зайырлы мемлекетпіз. Демек, ендігі кезекте біз реципиент мәдениетті елден донор мәдениетті ел болуға ұмтылуымыз болашақ алдындағы ең бірінші міндет!

Күні кеше ғана Димаш Құдайбергенов баламыздың әлемді таң қалдырған өнеріне бүкіл ел болып қуандық, сүйсіндік. Міне, біздің Ұлттық өнеріміздің өкілі әлемдік аренаға шықты. Енді сол биікті Ұлттық мүддемізге жаратып, әлемге титтей де болса өз мәдениетіміздің бір ұшқынын таратуға қолдана аламыз ба? Димаш ол сахнада қазақтың ғана емес, әлемнің мойындаған, ғаламға тараған өзге мәдениеттің әнін де орындады. Онысы теріс болған жоқ, өзін, елін, жерін танытуға, «Қазақстан» - деген сөзді телевизия арқылы бірнеше елге сан қайталатып, жария етті. Жарты әлемнің көңілі ауған өнерпазға енді ұлттық туындыны дәріптеп, халық әуенін әуелетуге әкелу керек. Өзге елдің классикасын мүлде айтпасын деген сөз емес, өзгені айтып, назарын аударып, өзіңнің өнеріңді өткізе білу саясатына көшу керек. Біздің өнеріміздің өткеніне көз салсақ, әлемді тамсандырған өнерпаз бұрын да көп болған. Олар әлі де жанымызда жүр. Оның бірі скрипкашы, бірі пианист, бірі опера әншісі. Тек оларды өзге әлем неміс, итальян, француз шығармаларын шебер орындаушы деп таниды. Ұлттық өнерді емес әрине.

Біздің былғары қолғап шеберлерінің де аттары бүгінгі таңда жер шарын шарлап кетті. Генадий Головкин мен Қанат Исламды танымайтын жанкүйер жоқ. Бірақ, олар қазақша күресті, не болмаса көкпарды әлемге танытып жүрген жоқ. Бокс та амал жоқ, донорлық мәдениет арқылы әлемді жаулаған ағылышын спортының түрі. Мұны айтып, мен оларды ұлт мүддесіне, мемлекетімізге пайда келтірмеді дегелі отырған жоқпын. Олардың орасан жеңістерінің өзі ұлттық рұхымыздың аспандауына, қазақ елінің танылуына қызмет жасап жатыр. Мен өз мәдениетіміздің жабулы қалып, өзге мәдениетті өркендетіп жатқанымызды түсіндіру үшін сол азаматтарды, олардың кәсібін мысалға алып отырмын. Жабық мәдениет тек бізге ғана қызмет етеді. Тек бір ұлтқа ғана. Біздің мәдениетіміз де, өнеріміз де бәйтерек сияқты тамыр жайып, саясы ұлғайғаны жақсы.

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» - атты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы қаңтар айындағы Қазақстан халқына жолдауының кіріспе бөлімінде: «Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз»-дей келе, барлық Қазақстандықтарға сенім арта отырып, зор міндеттер жүктеді. Ендеше, «жаңаша ой, тың көзқарас керек» - дегенді құрғақ ұран, жаттанды жар салу үшін емес, шынайы бетбұрыс үшін айтатын, атқаратын кез келді.

Біраз уақытқа дейін көптеген мерекелік концерттер, театрландырылған қойылымдар шаблонды түрде болып келгені жасырын емес. Тек Азиада ойындары мен биылғы универсиада ойындарының ашылу, жабылу салтанаттары көпшілік сахна өнеріне жаңа бір үлгіні әкелгендей болды. Сахна адамдармен, жарық пен декорациямен ғана емес, жаңа технологиямен, компьютерлік графикамен, жарық пен дыбыс қондырғыларының ерекше эффектілерімен де байыды, толықты. Және көз үйренген дағдылы костюмдер емес, киім кию мәдениетіне де жаңаша көзқарас пайда болғанын көрсетті.

Киім кию мәдениетінің бұрыннан қалыптасқан бірнеше функциясы бар:

1. Ұлттық ерекшелігіне қарай;

2. Діни көзқарасына қарай;

3. Кәсіби мамандығына қарай;

4. Жас ерекшелігіне;

5. Жынысына;

6. Тұрмыс, тіршілігін айқындайтын;

7. Адамның дене бітіміне қарай.

Міне, осы функциялар бүгінгі күнге дейін сахнамызда белгілі біреуі ежелден, кейбіреуі Кеңес Одағы дәуірінен қалған шаблондармен суреттеу арқылы ғана бейнеленіп келсе, ендігі жерде ондай ұсыныстың ескіргенін аңғарамыз.

Осы күнге дейін біздің шет елге шыққан өнер туындыларымыз, мейлі кино, мейлі фольклор, тіпті киім үлгілері болсын тек қана демонстрация жасау деңгейінде ғана болып келді. Өркениетті елдердің өкілдері біздің мәдениетке экспонат ретінде, қызығушылығын қанағаттандырушы ретінде ғана көріп, баға беріп келді. Біздің мәдениетке құмарлығын оята алғамыз жоқ. Енді міне, сөз басында тоқталған Димаш Құдайбергенов баламыздың өнері сырт көздің құмарлығын, тек Димашқа ғана емес, біздің елге, мәдениетке құмарлығын селт еткізгендей болды.

Ертеңгі күні еліміз тағы да бүкіл әлем алдында үлкен сынға түскелі отыр. Ол – ЭКСПО 2017 Халықаралық көрмесі. Жан-жақтан ағылып келгелі отырған қонақатарға ұсынарымыз не? Әзірге жеңіл, ауыр өнеркәсіптен, электроникадан, иновациялық технологиядан ұсыныс жасар брэнд болған жоқ бізде. Жарайды, ол өзгенің үлесіндегі дүние десек, біздің, мәдениет қызметкерлерінің ұсынары қандай жаңалық болмақ. Бір Димашымызды, Геннадий мен Қанатымызды көлденең тарта береміз бе? Кәде сыйға арналған қол өнер бұйымдарымен ғана мақтанамыз ба?

Өнер – қабырғаға жапсыратын түс қағаз (обой) емес. Оны тек сүйсіне қарап, тамсанып қана кете беретін көрмелік нұсқадан біздің ұлттық мәдениеттің бір жұғынын үстіне жұқтырып, бойына сіңіретін үлгісін де ұсына білуіміз, сол бағытта ой қорытып, бала оқытып, шәкірт тәрбиелеп, алға ұмтылуымыз аса қажет. Өнердің ақылы бөліміне түскен баланың үстіне шаң қондырмай, «ақысын төлеп тұрса болды, өзі кейін жол табар» - деген шалағай, үстірт білім беру жолынан шығу абзал. Тобымен асаба дайындайтын емес, дара өнер иесін тәрбиелейтін кез келді.

Өнерпазға білім беру саласында да батыстың үлгілерін, озық тәжірибесін барынша қабылдап жатқанымызбен, жеке тұлғаны психологиялық теорияның «биогенетикалық» және «социогенетикалық» бағытында тәрбиелеу саласына көңіл бөлмей келеміз. Бұл да сол батыстан келген білім беру үлгісінің маңызды бір бөлшегі. Өнер адамын топтап емес, даралап дайындауда әлі де көнеден келе жатқан бағыт, бағдардан ажырай алмай жатырмыз. Ол озық тәжірибені ұлттық мектеп қалыптастыруға бейімдеу орнына, ескімізді әспеттеп, соның бояуына бояй салу жеңілірек болды.

Елбасының сенімін, халықтың үмітін салғырт сана мен майда желіспен ақтау мүмкін емес!

Асқар Наймантаев
51087

1965 жылы, 17-маусымда, сағат таңғы 8-де, Әнуарбек Байжанбаев радиодан соңғы хабар оқып жатқан кезде шыр етіп дүниеге келіппі. Әке-шешем артист болған соң мен қайдан оңайын, қырқымнан шықпай сахнаға шығыппын, содан бері сол жердемін. Өнердегі стажым өзімнен 40 күндей ғана кіші. "Әкем" театрдан бастап, "Тамаша", "Терісқақпай", "Аққу-Гәкку", "Беймарал" театрларында еңбект еттім. Әлі де соларға қызмет жасап келемін. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында дәріс беремін. Айта беріп қа…

Өмірбаян
Ұқсас сілтемелер: